Ақынның ақ «Волгасы» реставрациядан өтеді
Атырауда бард Табылды Досымовтың ескі «Волгасы» реставрациядан өткізіледі. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов әлеуметтік парақшасында жазды. Ол «Биыл қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл толады. Осыған орай облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасымен ақын мінген «Волга» автокөлігі реставрациядан өтетін болады. Бұл игі істі облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевпен бірге жүзеге асырамыз» деді.
Табылды Досымов — Индер ауданының тумасы. Ол әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Ол қазақтың талантты ақындары Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржановтың өлеңдеріне бірнеше ән жазған.
«Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам» деп жырлаған Табылды Досымов 45 жасында өмірден өтті.
Фото: Дарын Шамұратовтың парақшасынан алынды