Дидахметтің қоңыр күзі
«- Қоңыр күз еді. Ақ жауын себелеп тұр. Жол лайсаң. Алтай өмірінің ең бір жүдеу шағы, көңілсіз шағы. Соқыр тұман оның биік сілемдерін жып-жылас қып жұтып қойыпты. Енді бөктерлеп келіп, қанат жайып күргейлеп алған. Тау да бірте- бірте аласарып, адырлы жота қыратқа айналып, шөгіп бара жатқан сияқты. Әр жерде селдіреп, ойдым- ойдым шоқ ағаштар болмаса етекте бұрынғыдай ну орман да жоқ…»
Сұңғақ бойлы, дембелше, қыр мұрынды, дүрдік ерін жігіт аядай бөлмеде жасөспірім бала секілді қара сөзді төгілте оқып отыр. Дәл бір айтулы мерекеде тақпақ айтып тұрған баладай қысылып-қымтырылуды білмейді, әр сөздің ығытын тауып, тігісін жатқызып, жаны рақаттана сөйлеген кейпі бар. Бұл- 1972 жылы КазГУ- дің журналистика факультетінің есігін студент боп ашқан Дидахмет Әшімханұлы деген жігіт еді. Бұл- білімге бас қойған сәт, сірә, сабақ басталған күн болар. Болмысы қызық екен, добалдай денесіне сыбызғыдай сызылған нәзік даусы жарасым беріп тұрғандай. Үсті- басы мұнтаздай тап- таза, ақ көйлек, қара шалбар, қылқындыра байлаған гүлді галстук, бірақ өзін сондай еркін сезінеді. Оқуға сағынып- сарғайып келіп түскені ә дегеннен белгілі болды. Екі жыл әскер, одан соң аудандық Мәдениет үйіндегі қызмет, жеке дауыстағы әншілік, сыбызғы сыңсытқан кездері де бар екен. Кейде әскерден алып келген офицерлік былғары етігін «гармошкалап» қыртыс салып киіп шыққанда филфактың қыздары «мынау да студент пе?» деп таңқала қараса, оның басқа бір әлемге — білім теңізіне шөлдеп-шөліркеп келгенін кейін білдік. Ол өзінің жан сырын жүре келе жазған «Он бірінші күз» деген повестінде жария қылды. Қаламгер өзін жазады,кейіпкердің бойында мысқылдай болса да өз бейнесі «мен мұндалап» тұрады. «Іс оңына басайын десе,қиюы қашқан тірліктің қисынына келуі де оп- оңай екен ғой. Әйтпесе, мына құба жолда Сүлікқараны теңселте жорғалатып, тербеліп келе жатқан Бөкен кім еді? Кім дерің бар ма, оқудан жолы болмай, бір аптадан бері үйде үйелеп қалған Есілбек шалдың ұлы да. Үйелемей қайтсін, көшеге шықса, көптің көзі тек өзіне қадалатын сияқты. Қадалып қана қоймай табалап күлетін сияқты. Өйткені сол көптің мектепті «үшке» бітірген көп баласы студент боп шыға келгенде, медальмен бітірген бұның…иә, медальмен бітірген бұның ауылға күлбеттеніп қайтқаны ұят- ақ тіпті…». Ол қанша рет тауы шағылып, осы КазГУ- дің есігін қайта ашып, журфак дегенге жоламай- ақ қойсам деп те ойлады. Бірақ, тұлабойда атой салған бір құдірет солай қарай шапқылатты да тұрды. Сөйтіп, 72- жылы журфактың студенті атанып, басы- әйгілі әнші Жәнібек Кәрменов, ортасы — «әй-әй»ақын Қонысбай мен Ұлықбек, ең » сәбиі» мен боп партада қатар отырдық.
Бұрын Дидахмет тақырыбына талай қалам тарттым. Екеуміздің студент кезімізде Бердібек Соқпақбаевтың алғысөзімен жарық көрген жастардың тұңғыш прозалық жинағы «Арман қанатында»-ға енгенімізден бастап, оның » Аққабаның толқынын» жазып, ә деп ауызға ілінген ін, кейін » Тас қала» мен «Тас моншаны» жазып, ел- жұртты таң қалдырғаны, «Қазақ әдебиетінде» жүргенде «Алтынсарин көшесі. Ұзындығы 100 метр» деп Шерхан салған журналистика соқпағын солқылдата соққанын, қаламдастар портретін қара сөзбен кескіндеп, «Қалтай-Қалағаң»,»Жауапты хатшы Жәмішев» деп сөзбен сурет салғаны, тіпті, Д. Лондон мен Голсуорсиді қазақша сөйлеткенде, кім ағылшын, кім қазақ екенін біле алмай таң қалғанымызды тәптіштеп айтқанмын.
Енді 75- ке толып отырған көзі жоқ, артында сөзі қалған дос жүректің кейбір қимас сәттері мен қоғамдағы өзгеріс- дүмпу лерді жаны шырқырап қабылдаған қобалжулы кездерін сөз етпекпін.
Ол артық сөз, артық қимылға төзе алмайтын кірпияз жан еді. Сөз тазалығына аса қатты мән беретін, тек жазу емес, адами қарым- қатынастағы ауыздан шыққан сөздің түп-төркініне мейлінше үңіле қарайтын. Өзі «Темірбек көп, Қожекеев біреу» деп портретін жасаған декан Қожекеевпен де сөзбен ұстасып, татуласып табысты.
…2- курстың қысқы каникулынан кейін жаңа декан Қожекеев ескі КазГУ- дің акт залында сатирадан шымырлатып, шымшып лекция оқып жатқанда құлақшынының төбесінде қақайған қоңыр үкісі бар Дидахмет кіріп келді.
— Студент, аты- жөнің кім?- деді декан дегбірсіз күйге түсіп.
— Әшімханов.
— Ал, неге кешігесің?
— Мен үйленіп келе жатырмын ғой.
— Үйленсең үкі тағып келесің бе?
— Көз тимесін деп…
Деканның тапал бойын жымысқы күлкі биледі.
— Әшімханов- ау, сенің қай түріңе көз тиеді?!
— Сіздің де түріңізді көріп тұрмыз ғой…
Декан томсарды, студент қорамсаққа қол салды, аудиторияны өлі тыныштық кернеді.
Сөйтіп, Дидаш әрең аяқ іліктірген «туған» курсынан қалып қойып, бір жыл кеш бітірді. Сірә, ер- азаматқа «даладан қуғын» ерді- ау деймін.
Ол құбылысты тез қабылдайтын, ішіне түскен қиялды жаны төзбей жазып тастайтын. Иван Буниннің революциядан кейін жазған «Окаянные дни» әңгімесінде «Какой позор! Патриарх и все князья церкви идут на поклон в Кремль» дегеніндей, бізде де Компартияның іргесі шайқалған күні КазГУ- дегі атеизм кафедрасы дінтану кафедрасы боп аты өзгеріп, айқайлап шыға келгенде, осындай «жеделдетудің» бәрі Дидахметтей сарабдалдың көңілін жабырқатып, қалам ұшына үйірілді. «Голощекинге ескерткіш керек пе»?, «Саны аз халықтың саналы азаматына», «Түркістанның бәйтерегі құлады», «Алтынсарин көшесі. Ұзындығы 100 метр»- ді жазды. Оның көкірегі жеңілдеп қалса, биліктің белі қайысып, ауырлап қалды.
Ол тіл тазалығына аса мән беретін. Сөзбен сурет салған Қалихан ағасының ережесінен тайқымауға тырысып, орнықты сөйлем оқыса балаша қуанып, сылбыр сөйлемге иіні түсіп, дызақтап отыратын. «Қазақстан пионерінде»істейтін курстас Әшірбекке төрт бет мақала берсе, асханада кездесіп қалған Әшірбек:
— Мақалаңды оқыдым. «Маужыраған май айы болатын » деп бастаған екенсің, май айы онсыз да маужырамай ма?- деп шорт кесіпті
— Өзің білесің, Әшеке.
— «Болатын» деп аяқтапсың, ол болып кеткен жоқ па?
— Өзің білесің, Әшеке.
Келесі аптада мақала «Май»деген жалғыз сөйлеммен басталып, жария боп тұр.
— Әшірбек, мынау қандай май, маргарин ба, сливочный масло ма?- дейді Дидаш.
-Майдың атасы бір емес пе,- деген жауап естиді автор.
Әзілге шаптырса да, » жүрегі жаралы» автор біраз күн курстасынан шетқақпай жүріпті. «Іштен шыққан шұбар жыланның» ініне ирелеңдеп сұлу кіруін сүйетін ол сөз бен сөйлемнің сұлулығына да, күнделікті тұрмыстағы әсемдікке де жаны құмар еді.
Ол үлкенге де, кішіге де баладай пәк көңілмен елжіреп, еркін сөйлесетін. Тіпті, жан жары Лизаға да көкіректі тепкілеген шын сөзді жұрт алдында балаша жайып салғаны бар. Кітапқұмар шаңырақтың От- Анасы Лиза жас күнінде, Горный гигант ауылдық Мәдениет үйінде кітапханашы боп жүріп ауылдық кеңеске депутат боп сайланып, дос- жаран «жуып» отырып құттықтау сөз тиген Дидахмет:»Лиза, аманат жүгі ауыр, аманатқа адал бол» дегені бар. Жүректі кернеген шын сөзді оңтайлы сәтте осылай айтып салды. Бұған қосарымыз, иә, аманатқа адал болу — қолды Құранға қойып айтқан ант емес пе? «Аманат» атынан ел қалаулысы болғандарға да айтар сөз осы.
Ол 2015 жылы жаңа қоғамның бұлтарыс-қалтарыстарын көріп, Қазақстан — 2030 деген жалаң ұранға құлақ тұндырып, көкірегі удай ашып жүріп жүрегіне зіл түсірді. Алтыншы ондықтан бес жыл он екі айды аттап тұрып, намысты арда енген азамат көлгірсуден көзі шаршап, иығы талып, мәңгілік мекеніне аттанып кетті. » Қатонға қойыңдар» деп айтып үлгерді.
…1972 жылы «он бірінші» күзін бастан өткеріп, жаңа ортамен қауышқан сол 22 жасар жігіт бүгін жетпістің бесеуіне толып отыр. Өзі жоқ, көзі бар. Көзі — Дәулет, Лиза, «Аққабаның толқыны» мен «Он бірінші күз «.Күзді жырлап өткен Қатоннан шыққан қос қаламгер бар. Атақты «Қоңыр күз еді»- ні Қалихан: «Қоңыр күз. Мен терезенің алдында отырмын. Ақ жауын толассыз себелеп тұр. Көз алдымнан қарашаның соңғы күні өтіп барады. Леки соққан жел, қарға мен ұзақ, бәрі де менің ауылымды елестетеді. Дүние қарақұйынға ұқсап, аспан аласарып барады. Менің ауылымның аспаны сияқты» деп аяқтаса, Дидахмет «Он бірінші күз»- ді былайша тұйықтайды. «…Жаңбыр әлі сылбырай жауып тұр. Сүлікқара да сылбырай жүріп келеді. Тау басына тұман шөккен. Жер лайсаң. Жол бұралаң. Бұл жолда Бөкен адаспасын біледі. Жаңбыр соңында жадырап шығар күн бар, көзіңді ашып, көңіліңді жұбатар жарық бар. Жарық бар жерде ер жігіт жолдан жаңылар ма?..» Екеуі де қоңыр күзден үміт пен махаббат күтеді, екеуі қоңыр күзде жарыққа бет алған «ағайынды қоңыр қаздай» әдебиет деген әлемнің бетке ұстарлары боп қалды. Екеудің бірі — ұлттық әдебиеттің ауызекі дәстүрінде айтқыштар атап айтқан » бес тапалдың» бетке ұстары Қалихан болса, бірі- Қалиханнан кейінгі әдебиеттің атбайлары Дидахмет еді. Тағдыр бізді 72-жылы КазГУ- де табыстырса, қоңыр күзді жатқа айтып отырған 22 жасар жігіттің жайлы даусы мен жарқын бейнесі көз алдымнан бір кетпейді. «Он бірінші күз»-ді оқып өскен біз күз түссе болды, Дидахметті еске аламыз. Майдангерлер қол- аяқты сыздатар күзді сүймесе, оның күрең күзге деген тылсым сағынышы болатын. Күз оның өмірдегі асу- белі сияқты.
Сарғыш жапырақ жапқан күрең жолда күрең жігіт аяңдап кетіп барады…
Қуандық Түменбай, жазушы