Су маманы: Үйдегі краннан аққан суда көп адамның еңбегі жатыр
Бүгін – Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Кәсіби мейрам қарсаңында астаналықтар мен қала тұрғындары тұтынатын ауыз судың құрамы қалай тазартыртылатынын білу мақсатында «Астана су арнасында» болған едік, деп жазады Elordainfo.kz тілшісі.
Ауыз су сапасын зерттеу тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын қамтамасыз етуде – өте маңызды. Біз күнделікті тұтынатын су бекітілген стандарттарға сай ма? Бұл сұрақтарға «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты сорғы-сүзгі стансасының су тазарту құрылғылар қызметінің бас инженер-технологы Жаннұр Қабылбеков жауап берді.
«Бүгінгі таңда біз қалаға тәулігіне 350 мың текше метр су жіберіп жатырмыз. Негізі станса тәулігіне 410 мың текше метр су беруге қауқарлы. Байқасаңыздар, станса жобалық қуатын асырып орындай алады. Астаналықтарға таза су жіберу үшін түнгі сағат 00.00-ден бастап су қысымын азайтамыз және әрқайсысы 20 мың текше метрлік төрт резервуарға су жинап отырамыз. Өздеріңізге мәлім, халық көбінесе таңертең және кешкілік уақытта суды көп қолданады», дейді сорғы-сүзгі стансасының бас инженері.
Елордаға тіршілік нәрі Астана (бұрынғы атауы – Вячеславка) су қоймасынан келеді. Маманның айтуынша, ондағы су көлемі қардың түсіміне тікелей байланысты екен. Су тұтынушыға жетпес бұрын әбден тазартылады.
«Алдымен сырттан келген тіршілік нәрі су қабылдағышқа құйылады. Әрі қарай сүзгі-сорғы стансаларына келеді. Ал стансалардың суды тазарту кезеңі бірдей. Мұнда оны әуелі залалсыздандыру үшін натрий гипохлориді және бұлыңғырлығын төмендету үшін реагенттер қосылады. Кейін кварц құмы арқылы сүзгіден өтеді. Онда әбден тазарған соң, ауыз су резервуарларына құйыла бастайды. Ал одан кейін сорғымен қалаға тарайды. Байқасаңыз, су тұтынушыға жетпес бұрын үш кезеңнен өтеді, нәтижесінде тазартылып, тұтынуға жарамды күйге айналады», дейді Жаннұр Қабылбеков.
Адамның денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей байланысты. Сондықтан ауыз суға мемлекеттік санитарлық талаптар қойылады.
«Мамандар күн сайын зертханада зерттеулер жүргізу арқылы судың сапасы мен құрамын толық зерттейді. Бұл санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сай жүргізіледі. Олар судың ішуге жарамды, не жарамсыз екенін жіті бақылап отырады. Біз олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз», дейді технолог.
№1 және №2 сорғы-сүзгі стансасында қазіргі таңда шамамен 120-дан астам қызметкер тәулік бойы ауысыммен жұмыс істейді.
«Біздің жұмысымыз көзге көрінбейді. Бірақ өте маңызды әрі жауапты жұмыс. Елордада жыл сайын халық саны өсіп жатыр. Соған сай суды тұтыну көлемі де артуда. Бізде қазіргі таңда ауыз су қоры бар», дейді маман.
Сонымен қоса, мамандар судың кермектігін, түсін, дәмі мен иісін де жіті тексеріп отырады.
«Бұл салада қызмет етіп жатқаныма биыл 10 жыл. Мамандығым өзіме ұнайды. Әлбетте, кез келген жұмыстың қиындықтары болады емес пе? Мәселен, жоспардан тыс жөндеу жұмыстары болып қалады. Сол уақытта шұғыл әрекет етіп, мәселенің шешімін табуға тырысамыз. Тосын жағдайға кез келген уақытта дайын болуымыз керек. Біздің басты міндетіміз – қаланың сусыз қалмауы. Судың да шегі бар ғой. Оған қашан жететініміз белгісіз. Сондықтан халық ысырапшылдыққа жол бермей, суды үнемдеп пайдаланса деген ниетіміз бар. Үйдегі краннан аққан суда қаншама адамның еңбегі жатыр. Мұндағы негізгі ойым ақшада емес, еңбекте», деп ағынан жарылды Жаннұр Қабылбеков.
Мақала авторы: Сабина КӘКІМЖАН
Фото: Оңалхан ӨНЕРХАН