Сыр елі: Тарих пен тіршіліктің тоғысқан тұғыры
Алаштың анасы атанған Сыр бойына сапар шегіп, ежелден елдік пен ерліктің, мәдениет пен мемлекеттіліктің іргесі қаланған Қызылорда топырағына табан тіредік. Бұл – қазақ жұртының күре тамырына айналған киелі мекен. Ежелгі Жанкент пен Женттің жұрнағы қалған, түркі рухы мен ислам өркениеті ұштасқан, Алаштың астанасы болған Қызылорда бүгінде жаңғыру мен жаңарудың даңғыл жолына түскен.
Санға айналған серпін
Қызылорда – тек өткенмен мақтанатын өлке емес, болашаққа бағдар түзеп, дамуға ден қойған дархан дала. Өңір соңғы жылдары қарқынды инвестициялық саясаттың нәтижесінде жаңа тынысқа ие болды. Былтырдың өзінде Сыр өңіріне 640 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл – отандық инвесторлармен қатар шетелдік серіктестердің де сенімі арта түскенін көрсетеді. Оның 274 млн долларын өзге мемлекет өкілдері құйып отыр.
Ал 2025 жылы 631,4 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Биылғы жылдың алғашқы бес айының өзінде-ақ 230 млрд теңге сыртқы қаржы келіп үлгерді. Оның 70 пайызы – жеке инвесторлардан түскен.

/фото ашық дереккөзден алынды
Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің айтуынша, бұл тек бастамасы ғана:
«2029 жылға дейін жалпы сомасы 2 трлн теңгені құрайтын 89 ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Бұл дегеніміз – 2000-нан астам жаңа жұмыс орны, ондаған жаңа кәсіпорын, жүздеген әлеуметтік нысан», – дейді ол.
Келісім мен кемелдікке арналған құрылыс
Ендеше сыртқы салымның күшімен қаланған бірнеше жобалардың жай-жапсарын сөз етейік. Инвестиция тек зауыт-фабрика салумен шектелмейді. Ол – адам санасына, рухани кеңістікке құйылатын құнды капитал. Сол себепті Сыр елінде татулық пен тұрақтылықты темірқазық еткен Достық үйі бой көтеріп жатыр. Бұл – қоғамдық келісімді жаңаша бағамдауға мүмкіндік беретін жобаның көрінісі.

/фото ашық дереккөзден алынды
Қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов:
«Қазір Достық үйінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Құны 3,8 млрд теңге болатын бұл нысан толықтай жеке инвестор есебінен салынып жатыр. Бюджеттен бір тиын да қаралмады», – дейді.
/фото ашық дереккөзден алынды
Айтайық, аймақта 30 аса этностың өкілдері өмір сүреді. Тұрғындардың татулығын түзеп, бірлігін бекемдеу үшін достық үйлерінде 11 этно мәдени ұйымдар жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қолға алынған бұл бастама арқылы барлық аудандарда руханият орталықтары бой көтерді. Бұл – Сыр өңірінің тек материалдық емес, рухани әлеуетінің де өскенін көрсетеді.
Анаға тағзым – ұлтқа тағзым
Ел болам десең, әйеліңді құрметте! Осы ұлы ұстанымды ту еткен жергілікті кәсіпкер Марат Базарбайұлы өз қаражатына «Анаға тағзым» орталығын салып берді. Бұл – аналарға, қыз-келіншектерге арналған ерекше демалыс, даму және кеңес беру алаңы.
Орталық директоры Алтынай Молжанова:
«Бұл ғимарат – Алты Алашты бауырына басқан Сыр еліндегі аналарға арналды. Жобаның жалпы құны – 2 млрд теңгеге жуық. Үш қабатты нысан мен кең аллея қызылордалық әйелдердің игілігіне берілді», – дейді.

/фото ашық дереккөзден алынды
Ал мекеме директорының орынбасары Жанар Сағындықова:
«Біздің басты бағытымыз – креативті индустрияны дамыту. Жергілікті кәсіпкерлермен байланысып, тігін машиналары, арнайы техникамен жабдықтауға дейін атсалыстық», – дейді.
Бүгінде бұл орталықтан 40 мыңнан астам әйел қызмет алып үлгерген. Ең бастысы – бұл жобаның барлығы шынайы жанашырлық пен азаматтық жауапкершілікпен атқарылған.
Мәдениетке мінәжат
Биыл Қызылорданың Алаштың астанасы атанғанына 100 жыл толып отыр. Сонымен қатар, «қазақ» атауының ресми түрде қайтарылғанына да бір ғасыр. Осы айтулы даталар аясында жергілікті билік өңірдің төл тарихын жаңғыртып, ұмыт болған құндылықтарды ұлт жадында ұлықтауға баса мән беруде. Иә, Қызылорда – қазақ руханиятының алтын ордасы. Осы орайда облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа ғимаратқа көшіп, ел игілігіне есігін айқара ашты.
Музей директоры Сапар Көзейбаев:
«85 жылдық тарихы бар музей алғаш рет жаңа типтік жобадағы ғимаратқа көшті. Бұл – облыс әкімінің тікелей қолдауының жемісі. Жобаның 2,3 млрд теңгесі бюджеттен, ал 150 млн теңгесі демеушілерден тартылды», – дейді.

/фото ашық дереккөзден алынды
Мұнда 65 мыңнан астам жәдігер сақталған. Заманауи технология арқылы келуші әрбір бұйымның тарихын экраннан көре алады. Бұл – жаңа буын үшін тарихпен танысудың тың тәсілі.
Спорт – серпінді серік
Сыр елінде саламатты өмір салтына да салмақ берілуде. Жыл басынан бері облыс орталықтары мен аудандарда 10-ға жуық заманауи үлгідегі спорт кешені халық игілігіне табысталды. Жалпы, Қызылорда облысында 1494 спорт нысаны бар. Сәйкесінше, өңірдегі 1000 адамға шаққандағы спорттық нысандарымен қамтылу көрсеткіші 46,2 пайызды құрап отыр.
Сыр спортына жасалған ілкімді істердің арқасында өңірде бұқаралық спортпен айналысушылар саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, биыл облыста 342 223 адамспортпен жүйелі түрде шұғылданады. Сәйкесінше бұл облыс тұрғындарының 40,4 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін бұл межені 42 пайызға арттыру жоспарлануда.
Екі жылдың еншісінде спорт саласына 2,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл – тек алаң мен зал салу емес, ұлт болашағына салынған инвестиция.

/фото ашық дереккөзден алынды
Теннис орталығының құрылысы – соның дәлелі. 3,4 млрд теңгеге салынған нысанның 900 миллионын «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландырған. Қазір мұнда 300-ге жуық бала тенниспен айналысады.
Жас спортшы Мағжан Сәденбек:
«Осы теннис орталығына келгеніме бір айдай болды. Болашақта Олимпиадаға қатысып, Қазақстанның атын шығарғым келеді. Олимп шыңында қызылордалық екенімді, қазақстандық екенімді мақатана айтқым келеді», – дейді болашақ чемпион.
Білім мен өнер тоғысқан мекен
Сырдың тағы бір қуанышы – Қазанғап атындағы музыкалық колледждің жаңа ғимараты. 4,8 млрд теңгеге демеуші компания қолдауымен бой көтерген білім ордасы өнерлі өрендерге жол ашпақ.

/фото ашық дереккөзден алынды
Колледж басшысы Әмзе Мүсілім:
«Бұл – тәуелсіздік алғаннан бергі алғашқы арнайы салынған колледж ғимараты. Сонымен қатар жеке инвестиция арқылы 200 орындық жатақхана да тұрғызылды», – дейді.
Жаңа кешеннің арқасында студенттер саны 450-ге жетіп, 30-40 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жаңа экономикалық аймақ – жаңа мүмкіндік
Сырда серпін берген тағы бір маңызды бастама – «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағының құрылуы. Мұнда әуежай логистикасы, өндіріс және қойма бағыттары бойынша арнайы аймақтар жұмыс істемек.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев:
«Жақында Қытайда өткен индустриялық форумда 4 жобаға қол қойдық. Сол жобаларды осы арнайы аймақта іске асыру жоспарлануда», – дейді ол.
Қош, қорытындылай келе айтпағымыз – мұның бәрі мұқым елдің болашағы үшін жасалған жобалар. Ең басты қуантарлығы – бұл іске бизнес өкілдері де болысуға бейіл. Яғни, Сыр елі бюджетке байланып, мемлекетттен сұраншақтанып отырумен ғана шектелмеді. Сыртқы салым тартып, дамудың даңғылына ниетті етті. Инвестиция тек қаржы емес – ол сенім, мақсат, келешек. Сыр елі осы үштағанға сүйене отырып, шынайы өрлеу кезеңін бастан өткеріп келеді.