Қазақстандықтар 94 мың тонна балық етін тұтынды
Шағаласы шулап, ақ шабағы тулаған айдынды мекен еткен қазақ халқы ежелден-ақ су маржандарын кәсіп көзіне айналдырған. Бүгінде бұл саланың ел экономикасындағы орны біртіндеп нығайып келеді. Қазірдің өзінде елімізде балық өсірумен айналысатын 600-ден астам шаруашылық тіркелген. Жақында қабылданған жаңа заң мен мемлекеттік қолдау шаралары бұл санды еселеп арттыруы мүмкін.
Мемлекет қолдауға кірісті
2025 жылғы 12 маусымда Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бірқатар заңға қол қойды. Соның ішінде балық шаруашылығы мен акваөсіруді (аквакультура) дамытуға арналған тетіктер де бар. Бұл құжаттарда балық өсіру, өндіріс көлемін арттыру, кәсіпкерлерді субсидиялау, жем-шөп пен шабақ сатып алуға жеңілдіктер беру қарастырылған.
Мирас Ғаббасов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
– Жаңа заң аясында балыққа жем сатып алғанда 30%, шабақ сатып алғанда да 30%субсидия беріледі. Сондай-ақ дәрі-дәрмек пен биологиялық негіздеме жасау шығындарының 50%-і мемлекет тарапынан өтеледі.
Биылдың өзінде бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 500 млн теңгесібүгінде шаруаларға үлестірілген. Бұған қосымша 1,1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беру қарастырылған.
Сұраныс бар, мүмкіндік те көп
2024 жылы қазақстандықтар 94 мың тоннадан астам балық етін тұтынған. Бұл — халық арасында балық өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екенін білдіреді. Оның:
-
42 мың тоннасы табиғи көлдер мен өзендерден ауланған;
-
18 мың тоннасы жасанды су қоймаларында өсірілген;
-
54 мың тоннасы сырттан әкелінген.
Бұл ретте, ішкі нарықты отандық өніммен қамту деңгейі 67% ғана. Қалған бөлігін шетелден әкелуге тура келеді.
Мирас Ғаббасов:
– Импорттың басым бөлігі — лосось (семга) балығы. Біз енді осы өнімді алмастыратын отандық бақтақ балығын көбейтуді жоспарлап отырмыз. 2024 жылы 4,5 мың тонна бақтақ өндірілді. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.
Экспорт та бар, бірақ әлеует одан да зор
Сыртқы нарықта да қазақстандық балыққа сұраныс бар. 2024 жылы отандық өндірушілер шетелге 23 мың тоннабалық өнімін экспорттаған. Бұл — саладағы бизнестің тек ішкі емес, сыртқы нарыққа да жұмыс істей алатынын көрсетеді. Дегенмен экспорт көлемін арттыру үшін өндірісті жүйелі түрде ұлғайту қажет.
2030 жылға дейін – 270 мың тонна
Ауыл шаруашылығы министрлігі 2030 жылға дейін елдегі балық өнімдерінің жалпы көлемін 270 мың тоннағажеткізуді көздеп отыр. Бұл үшін салаға инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, кадр дайындау және инфрақұрылымды дамыту сынды мәселелер қатар шешілуі тиіс.
Салыстырмалы түрде айтсақ аква балық шаруашылығында:
-
2023 жылы елімізде 17 мың тонна балық өсірілсе,
-
2024 жылы бұл көрсеткіш 18 мың тоннаға жетті.
Осы өсім сақталса, жоспарланған межеге жету — мақсат емес, міндет болмақ.

фото ашық дереккөзден алынды
Салада өндіріс көлемін арттырумен қатар, балық қорын сақтау, заңсыз аулауға қарсы күрес мәселелері де назардан тыс қалмай отыр. Жасанды бассейндерде балық өсіру тек балық өнімдерін көбейтіп қоймай, табиғи су айдындарындағы ресурстарға түсетін қысымды азайтады. Бұл — экожүйе үшін де, экономика үшін де тиімді шешім.