Жаңақорған жұрты Көрісу күнін тойлады
14 наурыз – Амал күніне орай Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Бірлік ауылында «Амал келді – жыл келді» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде аталып өтті.

Биылғы шараның ерекшелігі жаңақорғандықтар мерекені Бірлік тауының баурайында қарсы алды. Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов қатысып, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Ұлттың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын ұлықтауға бағытталған шара барысында көпшілікке мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Кеште ұлттық әндер шырқалып, көрермендерге халқымыздың бай мұрасын дәріптейтін сахналық көріністер көрсетілді. Сонымен қатар, ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік шараның өтуіне Ақүйік ауылдық округінің әкімдігімен қатар, тау беткейіндегі барлық мәдениет үйлері белсене атсалысты. Аудан өнерпаздары мен мәдениет қызметкерлері ұлттық дәстүрді насихаттап, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.













