Қызылорда: Қазалыда Амал күні айрықша аталып өтті
Бүгін қазалылықтар қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі мейрамы – Амал мерекесі, Көрісу күні кең көлемде атап өтті. Береке мен бірлікті, татулық пен сыйластықты дәріптейтін бұл мереке аудан тұрғындарын тағы бір мәрте жақындастырып, ағайынның амандық-саулығын сұрасатын ерекше күнге айналды.

Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда өткен «Амал келді — жыл келді» атты мерекелік шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов пен ел ағалары, зиялы қауым өкілдері қатысып, жиылған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
-Амал мерекесі – халқымыздың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрлерінің бірі. Бұл күн – ағайын-туыс, дос-жаран бір-бірімен қауышып, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіріп, бір-біріне ақжарма тілектер айтатын, өкпе-ренішті ұмытып, жаңарудың бастауы болатын ерекше күн. Қазалылықтардың басты қасиеті – ауызбіршілік пен ынтымақ. Бүгінде ауданымыздың дамуы, елді мекендердің көркеюі, халықтың әл-ауқатының артуы – осы бірліктің айқын көрінісі. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жосарт Кемелұлының Сыр өңіріне деген ерекше қолдауының, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының басшылығымен өңірдің дамуына бағытталған игі бастамалар жүзеге асуда. Ауданымызда Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық дәстүрлерімізді насихаттайтын мәдени бағдарламалар, спорттық жарыстар, жастарға арналған патриоттық іс-шаралар, қайырымдылық акциялары сынды көптеген мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылуда. Алдағы күндері біз баршамыз асыға күтетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтетін боламыз. Халқымызды жақсылыққа, ізгілікке, бауырмалдыққа шақыратын ерекше мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық пен тұрақтылық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді аудан әкімі.
Мерекелік шара барысында аудан тұрғындары бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін айтып, үлкендерге құрмет көрсетіп, ізгі ниеттерін білдірді. Ұлттық дәстүрлер дәріптеліп, қазақы салт-ғұрыптар кеңінен насихатталды.
Айта кетейік, Амал мерекесі – Наурызнаманың онкүндігі аясындағы алғашқы күндердің бірі. Бұл күн – көктемнің келуін, жаңару мен жақсылықтың басталуын білдіретін, адамдардың бір-бірімен көрісіп, өкпе-ренішті ұмытып, жаңа кезеңге қадам басатын тағылымды дәстүр.
Осындай игі шаралар ауданымызда алдағы күндері де жалғасып, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне ұласпақ.

Орталық алаңда өткен шара әрі қарай аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласып, жиылған жұртшылық мерекелік көңіл-күйге бөленді.














