Ұлттық өнер ұлықталды
Бүгін Қызылорда қаласында ұлттық өнердің өзегін дәріптейтін «Ою өрнек – ой айтар» атты көрме ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі ою-өрнектерінің мән-мағынасын кеңінен таныстырып, ұлттық өнердің құндылығын насихаттау. Айталық, мұндай мазмұнды шараның өтуіне №2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мұрындық болып отыр.
Көрме барысында қатысушыларға ою-өрнектердің шығу тарихы, олардың әрқайсысының астарында жатқан символдық мағынасы мен тәрбиелік мәні туралы кеңінен мәлімет берілді. Мамандар ұлттық нақыштағы өрнектердің халықтың дүниетанымымен, тұрмыс-тіршілігімен және мәдениетімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Шара аясында қызмет алушылардың өз қолдарымен жасаған әсем қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Түрлі ою-өрнектермен безендірілген жұмыстар көрменің көркін келтіріп, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Қызметкерлер мен қызмет алушылар көрмені бірге тамашалап, ұлттық өнердің бай мұрасымен танысып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Мұндай мәдени шаралар жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, дәстүрлі өнерді дәріптеуге ықпал етеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық өнер – ата-бабадан қалған баға жетпес мұра. Сондықтан оны сақтау, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.












