Сыр елі: Қармақшыда күріштің жаңа сортына орақ түсті
Қармақшы ауданында күріш шаруашылығын дамыту, жаңа сорттарды сынақтан өткізу және заманауи агротехнологияларды өндіріске енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Биыл аудан шаруалары күріштің жаңа сорттарын жергілікті табиғи-климаттық жағдайға бейімдеп, тәжірибе жүзінде сынауға ерекше мән беріп отыр.
Солардың бірі – «Оңталап» шаруа қожалығы. Шаруашылық биыл аудан бойынша алғашқылардың бірі болып 100 гектар алқапқа «Лазер» күріш сортын екті. Қазіргі таңда егістікте орақ науқаны басталып, жаңа сорттың алғашқы өнімі жиналуда.

Жаңа сортқа жасалған алғашқы қадам
«Лазер» күріш сортының негізгі ерекшеліктерінің бірі – оның вегетациялық кезеңінің салыстырмалы түрде ұзақтығы. Сондықтан Қармақшы өңірінің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескерсек, бұл сортты жергілікті жерде өсіру шаруашылық үшін жауапкершілігі жоғары тәжірибе деуге болады.
Соған қарамастан, «Оңталап» шаруа қожалығы жаңа сортты өндіріске енгізуге бел буып, егістіктің күтіміне ерекше мән берген. Шаруашылық мамандары алқаптың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, қажетті агротехникалық шараларды дер кезінде жүргізген.
Нәтижесінде 100 гектар алқаптағы күріш пісіп-жетіліп, қазіргі таңда алғашқы өнімді жинау жұмыстары жүріп жатыр.
Тәжірибе – болашаққа бастар жол
Жаңа сортты сынау – бір ғана шаруашылықтың тәжірибесі емес, тұтас ауданның күріш шаруашылығын жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Себебі әр сорттың жергілікті топырақ пен климатқа бейімділігін, өнімділігі мен сапасын нақты өндіріс жағдайында анықтау – алдағы уақытта тиімді технологияларды таңдауға мүмкіндік береді.
«Оңталап» шаруа қожалығының 100 гектар алқапқа «Лазер» сортын егіп, оны өнім жинау кезеңіне жеткізуі – осындай ізденістің нақты нәтижесі.

Диқан үшін әр жаңа сорт – жаңа мүмкіндікпен қатар, үлкен жауапкершілік. Ал жердің бабын тауып, ауа райының ерекшелігіне бейімделіп, еңбегін егінге сіңірген шаруаның маңдай тері қашанда берекелі өніммен өлшенеді.
Алдағы уақытта «Лазер» сортының өнімділігі мен сапасы сараланып, оның Қармақшы ауданының жер жағдайына қаншалықты бейім екені тәжірибе нәтижесінде айқындала түспек.
Бастысы – жаңалыққа ұмтылған шаруа мен жерге деген жауапкершілік бар жерде егіннің де берекесі болады.












