«Толағай»: Астанада үздік атлеттер турнирі өтті
Астана күніне орай елордада қазақтың ең мықты атлеттері мен ұлттық спорт түрлерінің шеберлері бас қосып, дәстүрлі «Толағай» турнирінде күш сынасты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілте жасап.
Турнир «Арғымақ» атты ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтті. Мақсаты – қазақтың ұлттық ойындары мен спорт түрлерін насихаттау.
Сайысқа елдің барлық өңірінен арнайы іріктелген спортшылар қатысып, жеті түрлі сыннан өтті: Олардың арасында салмағы 100 келілік серкені көтеру, 150 келі тартатын бөренені желкеге салып отырып-тұру, шамамен 1 тонна жүк артылған арбаны уақытқа сүйреу, қылышты шыдамдылыққа көтеру, 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, ауыр салмақтағы гір тасын көтеру және ұзындығы 1,5 метр болатын темірді мойынға салып иіп майыстыру сынды ерекше сайыс түрлері бар.
«Біз бұл жарысты Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен үшінші рет өткізіп отырмыз. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұл – нағыз шоу, күш пен төзімділіктің, қайсарлық пен ерліктің сұлулығын тамашалау мүмкіндігі», — деді жобаның авторы әрі ұйымдастырушысы Тимур Спатаев.
Фото:
Астана қаласы әкімдігі