Бүгінгі таңда бала тәрбиесі жай ғана әріп танытып, есеп үйретумен шектелмейтіні баршаға белгілі. Қоғам өзгерді, уақыт өзгерді, сонымен бірге баладан күтілетін қасиеттер де өзгерді. Қазіргі бала тек білімді ғана емес, өзін танитын, өзгені сыйлай білетін, қарым-қатынасты мәдениетті түрде құра алатын тұлға болып қалыптасуы тиіс. Осы тұста көп айтылмай жүрген, бірақ аса маңызды бір мәселе бар. Ол – бастауыш сыныптағы гендерлік мәдениет.

Кейде «гендер» деген сөзді естігенде, жұрттың бір бөлігі оны түсінбей, бір бөлігі орынсыз қабылдайтыны жасырын емес. Ал шын мәнінде, гендерлік мәдениет дегеніміз – баланың өз жынысын дұрыс қабылдауы, ұл мен қыздың бір-біріне деген сыйластығы, тең қарым-қатынасы, адамгершілікке негізделген мінез-құлқы. Бұл – саясат та емес, даулы тақырып та емес, бұл – тәрбиенің өзегі.

Бала дүниеге келгенде ұл немесе қыз болып туады. Бұл – биологиялық жыныс. Ал ұл бала қандай болуы керек, қыз бала қандай қасиеттерді бойына сіңіруі қажет деген сұрақтарға жауапты қоғам, отбасы, мектеп бірлесе отырып береді. Бала өзін ұл немесе қыз ретінде қалай қабылдайды, өз жынысына байланысты қандай мінез-құлықты дұрыс деп санайды, қарсы жынысқа қалай қарайды – мұның бәрі оның өскен ортасына тікелей байланысты.

Психологтар бастауыш мектеп жасын баланың өзін тұлға ретінде сезіне бастайтын, «мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздейтін кезең деп есептейді. Дәл осы уақытта бала «мен – ұлмын» немесе «мен – қызбын» деген түсінікті саналы түрде қабылдап, соған сай әрекет етуге тырысады. Егер осы кезеңде балаға дұрыс бағыт берілсе, ол өзіне сенімді, өзгені құрметтейтін болып өседі. Ал егер бұл мәселе назардан тыс қалса, кейін түсініспеушілік, дөрекілік, агрессия, өзіне сенімсіздік сияқты мәселелер туындауы мүмкін.

Ұлдар мен қыздардың бірдей емес екенін жоққа шығара алмаймыз. Олар дүниені әртүрлі қабылдайды, әртүрлі ойлайды, сезімді де әрқалай білдіреді. Ұл балалар көбіне қимылға жақын, бәсекені ұнатады, тез әрекет етеді. Қыз балалар эмоцияға сезімтал, тәртіп пен үйлесімділікке бейім келеді. Бұл айырмашылықтарды кемшілік деп емес, табиғи ерекшелік деп қабылдау – дұрыс тәрбиенің белгісі. Гендерлік мәдениет дәл осыны түсінуге үйретеді.

Кейде ұл бала жыласа, «ұл жыламайды» деп тоқтатамыз, қыз бала батылдық танытса, «қызға жараспайды» деп шектейміз. Осындай ұсақ көрінетін сөздердің өзі баланың ішкі әлеміне үлкен әсер етеді. Гендерлік мәдениеттің мәні – баланы қатаң шеңберге салу емес, керісінше, оның адам ретінде дамуына мүмкіндік беру. Ұл да мейірімді бола алады, қыз да батыл бола алады. Ең бастысы – екеуіне де адамгершілік, жауапкершілік, сыйластық қасиеттерін дарыту.

Мектепте бұл мәселе ерекше маңызды. Мұғалім баланың тек білімін ғана емес, мінез-құлқын да қалыптастырады. Ұл мен қызға тең қарау, олардың ерекшелігін ескеру, сыныпта өзара құрметке негізделген орта қалыптастыру – гендерлік мәдениеттің нақты көрінісі. Ал ата-ана үшін бұл – баласына айтқан әр сөзінде, көрсеткен әр үлгісінде көрінетін жауапкершілік.

Балалар үлкендердің іс-әрекетінен үйренеді. Үйде әкенің анаға, ананың әкеге қарым-қатынасы қандай болса, бала соны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Мектепте мұғалімнің оқушыларға деген әділдігі мен сыйластығы баланың санасында терең із қалдырады. Сондықтан гендерлік мәдениет тек сабақта ғана емес, күнделікті өмірде, қарапайым қарым-қатынаста қалыптасады.

Қорытындылай айтқанда, бастауыш сыныпта гендерлік мәдениетті қалыптастыру – болашақ қоғамның сапасына салынған инвестиция. Өзін және өзгені құрметтейтін, тең қарым-қатынасқа дайын, мәдениетті ұрпақ – елдің ертеңі. Ал ондай ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннен, мектеп табалдырығынан, тіпті сыныптағы қарапайым қарым-қатынастан басталады.

 Серікхан  Жүзеев,

 Философия докторы (PhD), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті,

«Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» білім беру бағдарламасының жетекшісі

Фото ашық дереккөзден алынды

 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *