Қызылордада ірі агроиндустриялық жоба жүзеге асырылуда
Кездесу барысында «Харвест Агро Холдинг» ЖШС-нің бас директоры Дәулет Увашев пен компания өкілдері жобаның бірінші кезеңіне дайындық жұмыстарын таныстырып, алдағы жоспарланған шаралар туралы баяндады.
Облыс әкімінің шетелдік ірі инвесторлармен жасалған меморандумы аясында қолға алынған бұл жоба аудан экономикасының дамуына елеулі серпін бермек. Жоба шеңберінде техникалық қарасора, жүгері және соя өсіру мен оларды қайта өңдеуге бағытталған агроиндустриялық кластер құру көзделген.
Жоба екі кезең бойынша іске асырылуда. Бірінші кезең 2026 жылға, ал екінші кезең 2027 жылға жоспарланған. Жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 42 мың тонна техникалық қарасора, 70 мың тонна жүгері дәні және 20 мың тонна соя өндіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жоба аясында жылына 60 мың тонна шикізатты өңдейтін май сығу зауытын іске қосу жоспарлануда. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Аудан әкімі жобаға қажетті қолдау және сүйемелдеу шаралары жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ мұндай ірі инвестициялық бастамалар ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, аудан экономикасының дамуына оң ықпал ететінін жеткізді.
Айта кетейік, «Харвест Агро Холдинг» ЖШС – агроөнеркәсіптік кешен саласында жұмыс істейтін еліміздегі ірі компаниялардың бірі. Компания Қазақстанда және шетелдерде егін шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.
Фото: Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі












