Қызылорда: Арал ауданында Амал мерекесі аталып өтті
Аралда Наурыз мейрамының бастауы саналатын 14 наурыз – Көрісу күні ерекше сән-салтанатымен аталып өтуде. Халықтың ықыласын тоғыстырған бұл күн татулық пен амандықтың, жаңару мен жақсылықтың жаршысы.

Көпшілік асыға күткен мерекелік шаралар бүгін қаланың орталық алаңында бастау алды. «Көрісу күні – Амал мерекесі» аясында ұйымдастырылған театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарлама тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Алдымен қаланың басты көшесімен өткен керуен халқымыздың көшпелі мәдениетін айшықтап, орталық алаңға жиналған жұртшылықпен көрісу рәсімін жасады. Мерекенің көркін ашқан ақшаңқан киіз үйлерде ұлттық дәстүрге негізделген түрлі мазмұнды шаралар ұйымдастырылды. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ауданның ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерімен бірге киіз үйлерді аралап, тұрғындарды Амал мерекесімен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.
Киіз үйлерде бір мезетте бірнеше тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Онда ұлттық тағамдардан құралған ет, сүт және нан өнімдері мен жергілікті кәсіпкерлер өндірген өнімдер көрмесі өткізілді. Сонымен қатар жыр-термеге негізделген мәдени бағдарлама, театрландырылған концерт, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін музейлік көрме, ұлттық дәстүрлерді танытатын сахналық көріністер мен қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген бұл шараларды ауданның мәдениет мекемелері мен түрлі сала өкілдері бірлесе ұйымдастырды.

default
Айта кетейік, Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар Наурызнама онкүндігі аясында алдағы күндері де жалғасын табады.












