Елдің ертеңі – білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында екені анық. Аудан басшысы болашақтың тірегі саналатын жастардың білімді, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуын үнемі басты назарда ұстап келеді.
Сондықтан осы бағытта бүгін «Руханият» орталығында аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» атты дарынды оқушылармен кездесу өтті. Еркін форматта ұйымдастырылған жиынға білім, ғылым, спорт және өнер салаларында облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген аудан оқушылары қатысты.
Тағылымды шара «Үздік инновациялық жобалар көрмесімен» бастау алып, дарынды оқушылар өздерінің тың идеялары және ізденістері үйлескен ғылыми жобаларын таныстырып өтті.
Кездесу барысында аудан басшысы сөз сөйлеп:
«Халқымызда «Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен» деген мағыналы сөз бар. Сіздер – сол үмітті ақтап келе жатқан, ауданымыздың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген дарынды ұл-қыздарысыздар. Қай салада жүрсеңіздерде, ең бастысы – елге адал қызмет ету, туған жердің дамуына үлес қосу. Сіздерге артылар сенім мол. Алға қойған мақсаттарыңыз айқын, білім жолындағы еңбектеріңіз сәтті болсын! Біз әрдайым сіздерді қолдауға дайынбыз»,- деп кездесудің мақсаты – жастардың пікірін тыңдау екенін айтып, ашық диалогқа шақырды.
Жиында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, балалық шақтағы арманы, жетістікке жету барысындағы еңбек пен табандылық, уақытты тиімді пайдалану, болашақ мамандық таңдау, сондай-ақ қоғамдағы жастардың рөлі секілді маңызды тақырыптар қозғалды. Оқушылар өздерінің орамды ойы мен салмақты сауалдарын ортаға салса, өнерлі жастар түрлі аспаптарымен концерттік бағдарлама да ұсынды.
Шара соңында ауданның абыройын арттырып жүрген дарынды оқушылар аудан әкімінің «Алғыс хаты» және сыйлықтарымен марапатталды.
Жандос Еркінбек: «Бүгін өздеріңізбен кездескеніме қуаныштымын. Ата-ананы сыйлап, ұстаздарыңызды құрметтеңіздер. Жарқын күндеріңіз көп болсын. Алдағы күндеріңізге тек сәттілік тілеймін»,- деп жиынды қорытындылады.
Айта кету керек, бүгінде мемлекет тарапынан жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейде пәндік олимпиадалар, ғылыми жарыстар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге білім гранттары және жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер берілуде. Сонымен қатар дарынды балаларға  «Қазақстан халқына» қоры және Президенттік білім гранттары ұсынылады. Ал «Болашақ» бағдарламасы аясында жас талапкерлерге шетелдің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік бар.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *