Қызылорда: Сырдария ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында тал егу шарасы өтті
Аманкелді ауылында «Таза Қазақстан» акциясы аясында тал егу іс-шарасы өтті. Игі бастамаға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Руслан Каскиев, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы акцияның маңыздылығына тоқталып, оның тек тазалық шарасы ғана емес, ел болашағына бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы — бұл жай ғана тазалық шарасы емес, бұл біздің туған жерге деген құрметіміз бен экологиялық жауапкершілігіміздің көрінісі. Бүгін егілген мыңнан астам көшет ертеңгі күні саялы баққа айналып, ауылымыздың ажарын аша түсетініне сенімдімін. Тазалық пен көгалдандыру жұмыстары мұнымен тоқтамайды, біз бұл бағыттағы игі істерді жүйелі түрде жалғастыра береміз», — деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Шара барысында қатысушылар ауылдағы «Қызылбай» бауында белгіленген аумақта бірлесіп тал көшеттерін отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Жалпы саны 1100 түп көшет егілді.

Аталған бастама ауылдың көркеюіне, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына және тұрғындар үшін таза әрі қолайлы орта қалыптастыруға өз үлесін қосады.












