Қызылордада тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған құқықтық іс-шаралар өтті
Қызылорда облысында қоғамда заң үстемдігін нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған шаралар Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік жоба аясында өтіп отыр, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Жоба аясында «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қоры 2026 жылғы 22–24 сәуір күндері Жалағаш және Сырдария аудандарында тұрғындарға, жастарға және мемлекеттік қызметшілерге арналған семинарлар, кездесулер және құқықтық қабылдаулар ұйымдастырды.

Іс-шараларға «Текей батыр» Қарпықұлы атындағы жоғары колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, заңгер Болатбек Серікбайұлы Айтбенбетов қатысып, мемлекеттік қызметшілерге арнайы семинарлар өткізді, сондай-ақ жастармен кездесулер ұйымдастырды.
Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ғимараттарында аудан тұрғындарына арналған тегін құқықтық кеңестер мен қоғамдық қабылдаулар жүргізілді. Тұрғындар өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша нақты әрі кәсіби жауаптар алды.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Семинарлар барысында заң талаптарын сақтау, азаматтық жауапкершілік, адалдық қағидаты, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың салдары, мемлекеттік қызметтегі адалдық қағидаттары және азаматтық ұстанымды нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Ашық диалог форматында өткен кездесулер қатысушылардың белсенділігімен ерекшеленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қоғамда құқықтық тәртіпті нығайтып, адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Фото: «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қоры











