Сарбаз өлімі: Батальон командирінің орынбасары 4 жылға сотталды
Жетісу облысында мерзімді әскери қызметшінің қаза табуына байланысты батальон командирінің орынбасары сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Оқиға 2025 жылдың қыркүйегінде Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде өткен оқу-жаттығу барысында болған. Сол кезде қатардағы жауынгер Сейтқали Ә. қайтыс болған.
Тергеу барысында командир орынбасарының полигондағы қауіпсіздік ережелерінің орындалуын тиісті деңгейде бақыламағаны және атыс аяқталғаннан кейін қаруды толық тексеруді қамтамасыз етпегені анықталды. Соның нәтижесінде пулемет оқпанында бір оқ қалып қойған. Кейін дәл осы оқ сарбаздың өліміне себеп болған.
Соттың шешімімен әскери қызметкер Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарауы ауыр зардаптарға әкелгені үшін 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Фото: Ашық дереккөз












