Елде карбамид өндіретін зауыт салынады
Ақтауда құны 800 млрд теңгеден асатын аммиак-карбамид зауыты салынады,- деп хабарлайды fastnews.kz ақпараттық сайты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде химия өнеркәсібін дамыту және өндірілетін өнім түрлерін әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде ҚР Үкіметі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «KazAzot PRIME» ЖШС арасындағы Маңғыстау облысы аумағында аммиак-карбамид кешенін салу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімге қол қоюды мақұлдады.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Еліміздегі алғашқы карбамид өндіру зауыты Ақтау қаласында салынады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 804,2 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынды пайдалануға беру 2030 жылға жоспарланған. Құрылыс кезеңінде 1,5 мыңға жуық жұмыс орны, кешен іске қосылғаннан кейін – 700 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Болашақ кешеннің қуаттылығы жыл сайын 660 мың тоннаға дейін аммиак, 580 мың тоннаға жуық карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын шығаруға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру елдің агрохимиялық саласын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Бүгінде карбамид Қазақстанда өндірілмейді, бірақ көрші елдерден импортталады. Карбамид азотты тыңайтқыш ретінде ауыл шаруашылығында әртүрлі дақылдарға арналған барлық топырақтарда негізгі тыңайтқыш ретінде кеңінен қолданылады және ішкі нарықта сұранысқа ие.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы отандық фермерлерді өз өндірісінің өнімімен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорттық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта азотты тыңайтқыштардың жалғыз отандық өндірушісі – «ҚазАзот» АҚ. Елімізде Ақтау жобасынан басқа, СНПС-Ақтөбемұнайгаз компаниясымен бірлесіп, KazESTA және KMG PetroChem ЖШС жүзеге асыратын тағы екі карбамид өндіру жобасы жоспарланған. Бұл азот тыңайтқыштарының отандық өндірісі қуаттылығын едәуір арттыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Фото: Ашық дереккөз/ көркемдік үшін
2030 жылға қарай барлық инвестициялық жобалар іске қосылған кезде аммиак өнімін өндірудің болжамды көлемі 2,3 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Осы шаралардың нәтижесінде Қазақстан отандық шаруалардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, елеулі экспорттық әлеуетті қалыптастыра алады.












