«Ән қанатындағы Арал» республикалық ән байқауы өтті
Аудандық мәдениет үйінде «Ән қанатындағы Арал» республикалық жабық ән байқауының қорытынды гала-концерті өтіп, бір жылға созылған шығармашылық жобаның жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, Арал өңірінің тарихы мен табиғатын, туған жерге деген сүйіспеншілікті жаңа музыкалық шығармалар арқылы насихаттау. Осы мақсатта ұйымдастырылған өнер додасына еліміздің әр өңірінен кәсіби және әуесқой композиторлар мен ақындар қатысып, 40-тан астам жаңа туынды ұсынылды.
Арал тақырыбы қазақ әдебиеті мен өнерінде әрдайым ерекше орын алады. Байқауға ұсынылған шығармалар туған өлкенің өткені мен бүгіні, болашағы мен тағдырын заманауи көркемдік тұрғыда бейнелей білді. Салтанатты шара барысында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ақын Дүйсенбек Аяшұлы сөз сөйлеп, байқауға ұсынылған туындылардың мазмұндық тереңдігі мен әуездік көркемдігін жоғары бағалады. Ол Арал өңірінің болмысы мен рухын ән арқылы шебер жеткізген шығармалардың қазылар алқасының лайықты бағасына ие болғанын атап өтті. Кеш аясында Арал өңірінің бай мәдени мұрасы насихатталып, жергілікті және республикалық деңгейдегі өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде композитор, ақын әрі әнші Елена Әбдіхалықованың «Ақ бесігім – Аралым» шығармасына берілді.
Жеңімпазға арнайы диплом мен қаржылай сыйақыны аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев табыстады. Аудан әкімдігінің арнайы жүлдесі Үкітай Ерниязовтың «Аралым» әніне бұйырды. Шығарма Арал өңірінің рухы мен болмысын көркем әуен арқылы әсерлі жеткізгені үшін жоғары бағаланды.
Қазылар алқасының шешімімен І орын Еркебұлан Кенеханның сөзіне жазылып, Бекнұр Әбдіжәлидің әнімен жарық көрген «Аралым махаббатым» шығармасына берілді. ІІ орын композитор Нұрлыбек Амановтың әніне, ақын Ерқожа Тлепбергеновтің сөзіне жазылған «Аралым» туындысына табысталды. ІІІ орын ақын Айдар Сайлауовтың сөзіне жазылған, композитор Дінмұхаммед Шораевтың «Үмітті Аралым» әніне бұйырды. Шығармада Аралдың жаңаруы мен жарқын болашағына деген сенім әсерлі әуенмен бейнеленген. Кеш барысында жүлдегер шығармалар жанды дауыста орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бас жүлде иегері Елена Әбдіхалықова жеңімпаз туындыны өзі орындаса, әнші-сазгер Үкітай Ерниязов та жерлестеріне өнер шашуын ұсынып, мерекелік кештің көркін аша түсті.
Осылайша, «Ән қанатындағы Арал» республикалық жабық ән байқауы ұлттық музыка қорын жаңа шығармалармен толықтырып қана қоймай, туған жердің тарихы мен тағдырын өнер арқылы насихаттайтын маңызды мәдени жоба ретінде көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.












