Декреттік төлемдерді заңсыз ұлғайтқан: 13 өңірде 38 қылмыстық іс қозғалды
Қазақстанның 13 өңірінде декреттік төлемдерді заңсыз ұлғайту деректеріне байланысты 38-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта бұл істер аясында мыңнан астам әйелге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Тексеру барысында кейбір азаматтардың әлеуметтік төлем көлемін көбейту мақсатында бір мезгілде бірнеше ұйымға жұмысқа орналасқаны анықталған. Жекелеген жағдайларда олардың ресми жұмыс орындарының саны 42-ге дейін жеткен.
Мәжілісте келтірілген мәліметтерге сәйкес, мұндай заңбұзушылық белгілері 17 мың төлем алушыға қатысты тіркелген. Оларға төленген қаражаттың жалпы көлемі 28,6 млрд теңгені құраған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері тергеліп жатқан істер бойынша мемлекетке келтірілген алдын ала шығын көлемі шамамен 3 млрд теңге екенін мәлімдеді.













