Қатонқарағайда жаңа туристік кент құрылады
Премьер-министрдің бірінші орынбасары ШҚО-дағы бірқатар маңызды нысанды аралады,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған аймақтардағы инвестициялық, инфрақұрылымдық жобалар ең алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған.
Жобаларды жүзеге асыру барысы Премьер-министрдің бақылауында. Әуелі Риддер жылу электр орталығындағы жылыту маусымына дайындық барысы тексерілді. Мұнда №5 және №6 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жасалып, 3,3 шақырым жылу желілері жаңартылып жатыр.
«Шығыста қыс ерте түсетіндіктен, жылыту маусымына дайындық барлық талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Басты міндеттеріміздің бірі — жылыту маусымын ешқандай ақаусыз, апатсыз өткізу. Себебі бұл мәселе Мемлекет басшысының назарында, Премьер-министрдің қатаң бақылауында», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
«Казцинк» компаниясының Долинный кенішінде және BearLog демалыс базасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктері және өндірістегі тәуекелдерді азайтуда қолданылатын заманауи техникалар таныстырылды. Кәсіпорында өндірісті автоматтандыруға басымдық берілген. BearLog демалыс базасы осы жылдың қаңтар айында ашылған. Бұл жерге шаңғы мен сноубордты арнайы дайындалмаған беткейлерде сырғанауды ұнататын фрирайд әуесқойлары келеді. Оның ішінде Еуропа елдерінің туристері де бар. Осындай нысандарды дамыту Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуетін арттырып, Риддерді еліміздегі жыл бойы белсенді демалыс ұйымдастырылатын маңызды орталықтардың біріне айналдырады.
Ары қарай жұмыс сапары Өскеменде, яғни қаладағы теміржол вокзалы, жолайрық, жылу қазандығы және тұрғын үй құрылысы нысандарында жалғасты. «Өскемен-1» теміржол вокзалын қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін аумағы екі еседен астам ұлғаяды. Мұнда заманауи күту залдары, жолаушыларға арналған жайлы орындар жасалып, инженерлік желілер толық жаңартылады және вокзал маңы абаттандырылады. Нысанды келесі айдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өскемендегі Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан екі деңгейлі жолайрық — облыс орталығындағы ең қарқынды қозғалыс учаскелерінің бірі. Жолайрық жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға және жүргізушілердің жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Құрылыс осы жылдың соңына дейін аяқталады. Жұмыс сапары кезінде «Шығыс Жылу» АҚ №2 қазандығында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы, жабдықтардың техникалық жай-күйі және тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Өскеменнің сол жағалау бөлігіндегі «Нұрлы жол» шағын ауданында бүгінде ондаған көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген.
Сонымен қатар облыстық драма және опера театры, оңалту орталығы, Назарбаев Зияткерлік мектебі, жалпы білім беретін мектеп салынды. Қазіргі уақытта хоккей модулінің құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы уақытта жаңа балабақшалар, мектептер, емхана және өрт сөндіру депосын салу көзделген. Ендігі меже – жаңа тұрғын үйлердің құрылыс мерзімі мен сапасын қатаң бақылауда ұстау.
Катонқарағай ауданында Президент тапсырмасымен салынып жатқан әуежайдың қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 64%-ы орындалған. Ұшу-қону жолағының, рульдеу жолының және перронның негізгі бөлігінде жұмыс аяқталған. Терминал мен қосалқы ғимараттар құрылысы жалғасуда. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жобаның сапасына баса мән беру тапсырылды. Бұл әуежай Қатонқарағайдың ғана емес, еліміздің көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың біріне айналмақ. Сол себепті құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмысшылар санын арттыру қажет. Бірінші желтоқсанға дейін барлық жұмыс, асфальттау, бетондау және инженерлік коммуникациялар қыркүйекке дейін толық аяқталуы тиіс. «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі көшпелі кеңесте «Pana Katon Karagay» жобасы таныстырылды. Оның аясында 70 шаршы шақырым жаңа туристік кенттің құрылысы басталып, 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Ал «ULAR PARK» туристік кешені жобасы шеңберінде 13 капсуладан тұратын жазғы қонақүй құрылысы биыл аяқталса, 3 млрд теңгеге салынатын 150 адамға арналған қысқы қонақүй 2028 жылы салынып бітеді. Бұл жобаны қолға алған «ULAR PARK HOTEL» ЖШС Берел мен Аршаты ауылдарының арасына 1,5 млрд теңгеге электр желісінің, жол және көпір құрылысын жүргізген. Ендігі кезекте жобалар сөз күйінде қалмай, жүзеге асуы тиіс. Көшпелі кеңесті өткізудегі мақсат – туризмді дамытуға серпін беретін ұсыныстарды іріктеп, қолдау көрсету.


















