Қазақстанда суицид азайды ма?
Суицид – кез келген қоғам үшін аса өзекті әрі алаңдатарлық әлеуметтік мәселе. Өкінішке қарай, бұл тақырып Қазақстанда да өзекті болып отыр. Жыл сайын қаншама адам жан жарасын ішке бүгіп, жалғыздықпен арпалысып, өмірмен қош айтысады. Дегенмен, ресми статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары бұл бағытта белгілі бір оң өзгерістер байқалып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жылдар бойынша жалпы өлім-жітім мен суицид деректері
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 130 596 адам қайтыс болған. Оның 80 159-ы қалада, 50 437-сі ауылдық жерлерде көз жұмған. Бір жыл ішінде 1 539 адам өзіне қол жұмсап, өмірмен қош айтысқан.
Алайда 2024 жылғы мәліметтерге қарағанда, жалпы өлім-жітім саны 132 916 адамға жеткенімен, суицид деректері 1 454 адамға дейін азайған. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 85 адамға кем. Қалада 82 151, ауылда 50 765 адам көз жұмған. Бұл – жалпы өлім-жітімде суицидтің үлесі 1,1 пайыздан сәл ғана асатынын көрсетеді.
2025 жылдың алғашқы үш айында (қаңтар-наурыз аралығы) 31 015 адам қайтыс болған. Оның 19 495-і қалада, 11 520-сы ауылда. Осы үш ай ішінде 261 адам суицид жасаған. Бұл – ай сайын орта есеппен 87 адамның өз өміріне қол салатынын білдіреді.
Аймақтар бойынша суицид деңгейі
Аймақтық бөлініске назар аударар болсақ, суицид саны жағынан Қарағанды облысы көш бастап тұр. 2023 жылы мұнда 197 адам өзіне қол жұмсаған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 168-ге төмендеген. Ақмола облысында 2023 жылы 178 суицид тіркелсе, 2024 жылы 158 адам өмірімен қош айтысқан. Алматы қаласында керісінше, бұл көрсеткіш өсіп, 2023 жылғы 142 жағдайдан 2024 жылы 162-ге дейін көбейген.
2025 жылдың алғашқы үш айының өзінде Алматыда 34, Қарағандыда 33, Түркістан облысында 22 суицид жағдайы тіркелді. Бұл – мәселенің әлі де өткір екенін, аймақтарда суицидтің алдын алу шараларының жүйелі әрі пәрменді түрде іске асырылуы қажеттігін аңғартады.
Суицидтің себептері қандай?
Суицид – адамның ішкі жан дүниесінде ұзақ уақыт бойы жиналып қалған күйзелістің, жалғыздықтың, үмітсіздіктің, күйініштің соңғы көрінісі. Әрбір суицидтің артында күрделі себептер болуы мүмкін.
Ең алдымен бұл – психологиялық күйзеліс. Адам өмірінде қиындықтарға тап болғанда, оларды жеңе алмайтынына сеніп, шарасыздыққа түсіп, болашағына деген үмітін жоғалтып, тығырыққа тірелгендей күй кешеді. Мұндай сәттерде ең ауыр әрі қауіпті шешім – өз өмірін қию.
Көп жағдайда басты қозғаушы факторлар депрессия мен психикалық аурулар болып саналады. Депрессия – бұл жай ғана көңілсіздік емес, адамның өмірден ләззат алу қабілетінің жойылуы, жалғыздық пен үмітсіздіктің ұзақ уақытқа созылуы. Ал шизофрения, биполярлы бұзылыс, психоздар секілді психикалық дерттер шындықты қабылдау қабілетін бұзып, адамды суицидке итермелеуі мүмкін.
Сонымен қатар әлеуметтік факторлар да суицидке әкелетін басты себептердің бірі:
- отбасындағы зорлық-зомбылық;
- ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік;
- жұмыстан айырылу немесе оқудағы сәтсіздік;
- жақын адамның жоғалуы;
- қоғамнан оқшаулану, жалғыздық.
Әсіресе жастар үшін махаббаттағы күйзеліс, өзін бағаламау, қолдаудың жетіспеуі – ең ауыр соққы болуы мүмкін. Мұндай сәттерде адам бар үмітін үзеді, тіршіліктен мән таппай, өзін ешкімге керек емес деп сезінеді.
Суицидтің қалай алдын алуға болады?
Суицидің алдын алу үшін ең алдымен адамды тыңдай білуіміз, түсіне алуымыз, қолдау көрсетуге дайын болуымыз керек.
Көп жағдайда суицидке бет алған адамдар бұл ниетін ашық айтпайды. Алайда кейбір белгілер арқылы олардың ішкі жан күйзелісін аңғаруға болады.
Мысалы:
- адам тұйықтала бастайды;
- жалғыз жүреді, көпшілікпен араласқысы келмейді;
- бұрын жақсы көрген істерінен ләззат алмай қалады;
- болашақ туралы сенімсіз сөйлейді;
- «шаршадым», «ешкімге керек емеспін», «бәрі бітті» деген сөздерді жиі қайталайды.
Осындай белгілерді байқаған сәтте үнсіз қалмай, жанашырлық танытып, әңгімелесіп, қолдау көрсету – өмір мен өлім арасындағы таңдауда маңызды рөл атқарады.
Кәсіби көмекке жүгінудің маңызы
Суицидтің алдын алудың ең тиімді жолы – маман көмегіне жүгіну. Психологтар мен психотерапевтер адамның ішкі күйзелісін, жан жарасын тыңдап, оған қажетті қолдау көрсетіп, тығырықтан шығуға жол сілтей алады.
Алайда, өкінішке қарай, біздің қоғамда «психологқа бару – әлсіздік», «психикалық ауытқуы бар адам ғана маманға жүгінеді» деген теріс түсініктер кең таралған. Бұл қате стереотиптер адамдардың уақытылы көмек алуына кедергі келтіреді.
Сондықтан психологиялық мәдениетті арттыру, адам психикасына құрметпен қарау, көмек сұрауды қалыпты әрекетке айналдыру – қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс. Әр адамның өмірі – баға жетпес құндылық. Оны сақтау үшін қоғамда ашықтық, түсіністік, жанашырлық орнауы қажет.
Жастармен жұмысты күшейту
Суицидтің алдын алуда жастармен жұмыс жүргізу – ең маңызды бағыттардың бірі. Мектеп пен жоғары оқу орындарында оқушылар мен студенттердің психологиялық жағдайына мән беру, арнайы тренингтер мен семинарлар өткізу, сенім телефондарының жұмысын жандандыру – бұл болашақта қайғылы жағдайлардың алдын алатын нақты қадамдар.
Жасөспірімдерге өмірдің мәні, қиындықпен күресудің маңыздылығы туралы ашық әрі шынайы айтуымыз керек. Олар өмірдің сынағына төтеп беруге үйренуі тиіс.
Сонымен қатар интернеттегі суицидке итермелейтін контенттерден балаларды қорғау, кибербақылауды күшейту, ата-аналарға баланың психологиялық күйін бақылау мәдениетін үйрету – аса маңызды. Қоғам – ортақ отбасы. Оның әр мүшесі бір-бірінің жан күйіне бейжай қарамауы керек.
Қандай қиындық болмасын, өмірден қымбат ештеңе жоқ. Қиын сәттер – өткінші. Түн қанша ұзақ болса да, оның таңы атады. Адам жанын емдейтін ең үлкен күш – мейірім мен жанашырлық.
Сондықтан айналамыздағы адамдардың күйіне бей-жай қарамай, олардың жан айқайын тыңдай білейік. Әр сөзіміз, әр әрекетіміз біреудің тағдырына әсер етуі мүмкін. Бір жылы сөз, мейірімді көзқарас – бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Коллаж: Еl.kz