Серағаң жетпіс беске толады…
…Театрда үлкен мереке. Сердеш Қажымұратұлы ағамыздың 60-жылдық мерекесін атап өткелі жатырмыз. Әзірлік толық қанды өтті. Кештің сценарийі мен қоюшы режиссёрі менмін. Кеш басталды. Кештің ортасында қойылымнан үзінді ойналып, Сері аға қолына домбыраны алып жіберіп, Мұқағалидың сөзіне жазылған мына әнді «Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем, Әйтеуір жүрген жерім сайран кілең» деп әндете жөнелді.
Залдан қарап отырған маған, дәл мынандай болып, бір әннен бір адамның ғұмырын суреттеген сәттің кино көргендей көз алдымнан өтуі, басымнан кешпеген жағдай еді. Сері ағаңның сонау ауылда оқтауды ұстап алып, даланы басына көтеріп, алаңсыз ән шырқаған сәтінен бастап, жастық шағын елден жырақ, Қарағандының топырағында өткізгені, түскен киносы, жеке басындағы өткен тағдыры, еліне келіп, ерекше еркелеуі бәрі-бәрі, тізбектеліп көз алдымнан өте шықты. Соның алдында ғана «Ақбоз атқа» мініп, бас бермей жүрген адамның ішкі монологы құйылдай дерсің…
Сері аға Орал театрына арнайы Құжырғали Төлеуішовтың шақыртуымен келіп, Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» қойылымын Шаһарбану Есенқұлова апайымыздың 50-жасына арнап сахналаған еді. Біздер ол кезде алғашқы әзірліктерін сығалап қарап жүрген жастармыз. Не керек, Сері аға сахнадағы әртістің тіліне, сөз саптауына, екпіннің өрнектелуіне үлкен мән беріп, жоғары талап қоя білетіндігімен бәрімізге де сахнада ұстаз бола білді.
Кейіннен Сері ағаңның Орал театры сахнасында қойған қойылымдарының басты рөлдерін сомдадым. “Айман –Шолпан», «Қозы Көрпеш-Баян –Сұлудан» басталған тізбек «Әпке» қойылымына ұласты. Режиссёрлық жұмыстары бір төбе, ал өзінің актёрлық орны, сахнадағы кейіпкердің жандануы бөлек әңгіме.
Оның көз алдыңда кароль болуы, маскүнем болуы, сол бейнеден аңызға айналуы кім-кімді де таңқалдырады. Сері ағаның сахна төріндегі әр қимылы (Кімнің рөлін сомбасада) кино лентасындай тізбектеле береді. Серағаң биыл 75-деген елеулі жасқа толғалы отыр. Театрда «Дина» қойылымы. Сахнада Алшынбай-Сері ағаң алшаң басып кетіп барады… Аға, ғұмырлы болыңыз!
Н. Жұбатова, «Парасат» орденің иегері