«Қауырсын қалам» қонағы — Алтынбек Жексенбайұлы Алибаев, 1996 жылдың 30 қыркүйегінде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келді.

Гүл көйлекті қыз
(пәлембайыншы өлең)

Өзің болып бар несібем,
Сағымдарға қарадым.
Түнгі айдың сәулесімен,
Шаштарыңды тарадың.

Сәлем жолда, сөйле күнмен,
Сағындыршы жалынды.
Гүлге толы көйлегіңмен,
Баурап алдың жанымды.

Менің жолым өмірдегі,
Енді өзіңмен басталды.
Бұлт сейіліп көңілдегі,
Ашып бердің аспанды.

Емделемін дәрі берсең,
Жолықтың қай бағыма?
Гүл көйлекті ару көрсем,
Сені қатты сағынам.

Мүмкін…

Жүрсің бе әлі өз-өзіңмен санасып,
Қалай ғана бұйырады жұртқа бақ?
Тура жолдан аяқасты адасып,
Буда-буда көк аспаннан бұлт жалап,
Сен де бәлкім сағынатын шығарсың?

Жүрегіңді ауық-ауық сыздатып,
Енді ешқашан оралмайтын «жоқ» күтіп…
Көңіліңе жылы сөзден мұз қатып,
Өкпелемей өз ішіңнен от жұтып,
Сен де бәлкім сағынатын шығарсың?

Өз өртіңе өзің жанып, жанданып,
Тағдырыңмен тайғақ жолда таласып…
Төрт жол ішін теңеу таппай сандалып,
Кофеден соң бақыт іздеп бал ашып,
Сен де бәлкім сағынатын шығарсың?

Бір дауысқа шын елітіп, мастанып,
Бағың кеміп қалғандай боп сорыңнан…
Түн ішінде тұңғиығың ластанып,
Темірқазық адастырып жолыңнан,
Сен де мендей сағынатын шығарсың?

Нұрила

Қиналған шағымда жолықтың,
Жолықтың бағыма!
Мен несін жасырам, қорықтым,
Алданып қалмауға тағы да…

Ерлігім алдыңда адаспау,
Көңілді көктемге көшірдің.
Бірінші болуға таласпау —
Қасірет болса да кешірдің!

Кернеуін өкпенің кер мейлі,
Өзіңсіз қалудан қорықтым.
Бақытты болуды ойлағым келмейді…
Бақытты екенмін, соны ұқтым!

Қос рельс — қос тағдыр!

Жан едік, жоққа сыңар,
Жүрекке шоқ басылар.
Біз бірге бола алмаймыз,
Себебі: отбасым бар…

Жеткізіп көздер күйді,
Тұрса да, өзге емдейді…
Қоштастық, кездесуден —
Ештеңе өзгермейді!
(Бәрібір өзгер мейлі!)

Білемін, саған да ауыр,
Жаным-ау, маған да ауыр!
Сен салған жүрегіме —
Айықпас жарам да ауыр!

Менде сол басқа жағдай,
Сенде де басқа жағдай…
Кеудемнен жүрегімді
Суырып тастағандай!

Жанымның күзден де емін
Таппадым, түзден де мін.
Қос рельс параллельді,
Қос тағдыр біздердегі…

Сүйгеннің жоқ зардабы,
Баспады оңға арманым.
Неліктен тым кеш келдің,
Пойыздай вокзалдағы?..

Өзім үшін

Өзгелерге бере алмадым ырысты,
Керек болса, үлкендермен ұрыстым.
Менің жолым қате болсын — бәрібір,
Мен бақытты болу үшін тырыстым!

Ұнатқанды шақырмадым, жасыттым,
Мені қойшы, мен өлеңге ғашықпын.
Өз-өзімнен жиіркеніп жүрсем де,
Сүю үшін бәрін бірдей асықтым!

Мен сенемін барлық бірдей ырымға,
Үміт алып өсу үшін шынында.
Ғажайыпқа сенемін мен, бір күні —
Ғажайыптан жаралғанмын бұрында!

Көргенім жоқ анама да еркелеп,
Мені содан алды мұңдар желкелеп.
Бала болып көргенім жоқ мен бұрын —
Ақыл тісім өсіп кеткен ертерек!

Өзгелерге бере алмадым ырысты,
Керек болса, үлкендермен ұрыстым.
Менің жолым қате болсын — бәрібір,
Мен бақытты болу үшін тырыстым!

Сағыныш

Істеген ісім алдан бөгелді,
Былғайды екен ғой арман көп елді.
Түннен де қара шашыңнан иіскеп,
Қаннан да қызыл ерніңнен сүйсем,
Мен үшін содан арман жоқ енді.

Қол ұшын ешкім созбайды, білем,
Ботадай жаным боздайды терең.
Оттан да ыстық жүзіңе қарап,
Судан да мөлдір көзіңе батып,
Оқып берсем ғой сен жайлы өлең.

Сен келсең қайта, жанданар ма едім,
Өткенімменен жалғанар ма едім?
Мамықтай жұмсақ денеңнен қысып,
Даладай дархан маңдайыңнан сүйіп,
Арманым менің, алданар ма едім?

Түннен де қара шашыңнан иіскеп,
Қаннан да қызыл ерніңнен сүйсем…
Мен үшін содан арман жоқ енді.

Менің Мұғалимам!

Ақылында бес толы бағасы бар,
Сол бағамен жігіттің бағы ашылар.
Жүрегіме үңілсең, көрер едің —
Көнесі бар сырлардың, жаңасы бар!

Бастауы жоқ, қисынсыз себепке ердім,
Мен өзіңнен бағалы көмек көрдім.
Сияңменен қып-қызыл шимайлайсың,
Қателерін кішкентай бөбектердің.

Балғын кезін көресің бар алыптың,
Мен де бұрын тым төмен баға алыппын.
Көк сиямен кей жерін түзетесің,
Қателерін жасырып балалықтың.

Күнделікке бағасын көшіресің,
Жамандығын жасырып, өшіресің.
Қызыл сызық кескенге ашуланып,
Шектен шықса шыдайсың, кешіресің!

Жазалайсың ұл-қызды ерке неше,
Айғайлайсың біреулер желкелесе.
Отыз бала далада ойнап қалар,
Жалғыз жарың қасыңда еркелесе.

Көз алдыңнан кетпейді қимас қылық,
Жүрегіңе алғансың сый бастырып.
Әппақ бормен жазасың тақта бетін —
Жазуыңмен әдемі ұйқастырып.

Ер мінезін алғансың езден бөліп,
Бір күн қонар жүрекке безгенге үміт.
Бұзықтарын бұрышқа тұрғызасың,
Қылықтарын жарыңның көзбен көріп.

Жерімді көп жүретін шаң қыламын,
Шашса дағы аспаным таң қырауын.
Құлақтарын бұрайсың тентектердің —
Келтіргендей бұрауын домбыраның.

Шаршағаның басылар көңілдегі,
Биік қылып барады сенім мені.
Балалардың ұстазы мектептегі,
Ұстазым бол өмірлік өмірдегі!

Л-ға

Сол бақытты кездерім қайда менің?

Жаман адам келмейтін жаныма көп.
Қараңғыда қалдым да:
— Ләйлә! — дедім,
Жарық біткен үйірілді маңыма тек.

Жақсы-жаман ал қазір сыңар білем,
Әурелене алмайсың мақтап көпті.
Көбелектей жарыққа құмар кілең,
Көбелек дос-жарандар қаптап кетті.

Қалғандаймын сол кезде теңім өліп,
Сен де кеттің, алданып еміс үнге.
Жұматайды «қарғадым» сені көріп —
Атың сенің еленбей көп ішінде.

Өтіріктей сұм болдым, ақылша аңғал,
Қазір сынға түкірдім!

Өтт… Көшті…
Атыңды айтып ыңылдап отырсам да,
«Жұматайды қайталап кетті», — десті.

Жаныма жыр, өңіме бір емді аяр,
Түспейтіндей аңызсың енді есіме…
Қызыл гүлден алдыңа кілем жаям,
Қызыл көйлек киіп кел сен кешіме!

Шындыққа ұқсайды…

Сағатқа қарап тосылып алам,
Ұғындырғансың осыны маған.
Әппақ тамаққа тағылған алқа,
Қап-қара көзге тұншыққан мені —
Сағынса деп ем осы бір адам…

Тағдырым бе едің, қарағым менің?
Бір бөлек әлем, жанарым да едің.
Мөп-мөлдір шыныдай қолыңа алған,
Қып-қызыл еріннің далабы жұққан
Бокалдан ішкен шарабым бе едің?!

Шарапқа ләйліп, «мұңды ұста» деме,
Жанымды жейсің шындықша терең.
Ап-ащы шылымның түтінін үрлеп,
Сүп-сүйрік саусақпен күліндей қаққан,
Сәттердің өзі тым қысқа неге?

Сағынышымдай күз жылап па құр?
Шыймай жырларым қыз құлақта жүр.
Жұп-жұқа көйлекке төгілген шырын,
Қап-қатты сығып, умаждап алған…
Дәл солай —
Біздерді Өмір мыжғылап жатыр.

Біз…

Біз енді — жай ғана таныспыз,
Арада жоқ арман басқаша.
Және де кезікпес, алыспыз,
Адами жаңа жол бастасаң…

Біз енді билей де алмаймыз —
Вальсте…
Билер де өзгеше…
Біреулер шақырса, бармаймыз,
Білеміз, «жаман ой» көздесе.

Біз енді — киноға бармаймыз,
Не фильм боларын білмейміз…
Сен «СЕНІ», мен «МЕНІ» алдаймыз,
Шаттанып, қуанып, күлмейміз.

Ойымыз өзгерер бір күні,
Үміт боп, кеудеге от қонды.
«Біз енді» — деймін бе? (Күлкілі)
«Біз» тарап кеткелі көп болды!

Алтын БЕК Алибаев

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *