…Топырағы толғатады Тайпақтың
«Қауырсын қалам» айдарының қонағы — Абылайхан Мақсұтов. Кейіпкеріміз БҚО, Ақжайық ауданы, Қадырқұл ауылының тумасы. «Жансебіл» жыр жинағының авторы
Ештеңе де өзгермеген секілді,
Ешнәрсені көз көрмеген секілді.
Кеше ғана аңғал сәби едім ғой,
Кеше ғана бала едім ғой кекілді.
Күнім қайда қой шығарған ертемен,
Жырым қайда жан дүниемді өртеген?!.
Бара жатыр бесін ауып төбемнен,
Қайран ғұмыр расында келте ме ең?!
Жанарымнан жазым көшті жадырап,
Күзім де өтті… Біздің кеуде қаңырап.
қалды білем… Ай астында жалғызбын,
Өзімде жат, айналамның бәрі жат.
Сәттерімді жұтып жатыр жайпап күн,
Келеді екен бір жалт етіп жәй тапқың.
Атойлаған әлі талай талантты,
Топырағы толғатады Тайпақтың.
Жарып алам десең дағы өтімді,
Біздің көңіл жабырқаулы, жетім-ді.
Ешнәрсені көз көрмеген секілді,
Ештеңе де өзгермеген секілді.
****
Кетіп барам қалың дүрмек ішінде,
Кім ұғады мұңыңды?.
Жан таба алмай жақсылап бір ішуге,
Қайда өңшең жырынды?
Бəтеңкемнің əбден тозбай табаны,
Жүреміз-ау, əй, өлмей!
Күздің де бір ашылмады-ау қабағы,
Күйеуіне өкпелеген əйелдей.
Жарасады сəл шытса егер қабағын,
Əйелге де, күзге де.
Көп ішінен менің əзиз жанарым,
Мейірімді жан іздеме.
Қарашықта сұрғылт қала мүлгиді,
Сабылысқан көліктер.
Маскүнем шал тағдырын кіл тілдейді.
Ғұмыр қымбат. Өліп көр…
Аңқам кеуіп бара жатыр, жарығым,
Күлігің ем кекілді.
Неге жомарт болмайсың, ей, Тəңірім?
Аман ағам секілді.
Тəңірім-ай, бақытымды еселе,
Ал мұңыңды ала қаш…
Атой салып атып шықсам көшеге,
«Эврика»деп жалаңаш.
«Эврика» деп кетер едім жоғалып,
«Тау самалы» содан соң.
Оңашада отырамын омалып,
Менің жаным таба алса ем?!
****
Бозбала шағым аяулы,
Құмар ем жүйрік мінгенге.
Бақытты сəтім баянды,
Қымбат ең бəсі білгенге.
Бай емес едік жылқылы,
Жоқтық тұр тағы алқымдап.
Келді əкем үйге бір күні,
Торқасқа тұлпар тақымдап.
Жаз бойы көкте Күнді ырғап,
Күн қақтап өскен жүгірмек.
Алдынан шығып… Шылбырға
жармастым, “əке мінем”-деп.
Танытпай əсте қарсылық,
Үстіне ердің қондырды.
Тілеуімді тілеп тал шыбық,
Қарындас күліп ол тұрды.
Ауыздығымен алысып,
Қамшыны басып сауырдан.
Желменен жүйрік жарысып,
Ұзап та кеттім ауылдан.
Ат жалын тартып талпынған,
Бозбала маған ол-өнер.
Қол бұлғап қалды артымнан,
Қырат пен адыр төбелер.
Уа,Тəңір! Медет бере гөр,
Торқасқа келед(і) жүйіткіп.
Адыр мен қырат, төбелер,
Мен шыққан алғаш биіктік.
Тартқызбай тізгін торқасқа,
Құбылып кенет өзгерді.
Ендігі сапар жол басқа,
Сол кезде-ақ жүрек сезген-ді.
Осынау болмыс жаныммен,
Жау жүрек ұл ем жатырдан.
Салтымнан жығылмадым мен,
Жығылсам-дағы атымнан.
Пəруана ғой пенде кіл,
Қиялда сайрар тоты ұдай(ы).
Торқасқаң едім, Мен де бір,
Тізгінімді тартпа, о, Құдай!