Кәрім Мәсімовтің қылышы мен зергерлік бұйымдары сатылды
ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке тиесілі зергерлік және коллекциялық бұйымдар аукционда 10 млн теңгеден астам қаражатқа сатылды, деп хабарлайды Orda.kz.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы мамыр айының соңында зергерлік бұйымдар тәуелсіз актив ретінде бағаланып, жеке лот түрінде саудаға шығарылды. 15 тамызда өткен аукционда 43 кәдесый монетасы, қылыштар және өзге де бұйымдар ұсынылды. Бастапқы баға 7 млн теңге болып белгіленген. Сауда нәтижесінде заттар 10 млн теңгеден жоғары бағаға өтті.
Түскен қаржы білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталмақ.
Еске сала кетсек, Кәрім Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, 2023 жылдың сәуірінде Астанадағы сот оны мемлекетке опасыздық жасағаны, билікті күшпен басып алуға талпынғаны және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырған.
Айта кетейік, ҰҚК-нің бұрынғы басшысының үйі әлі күнге дейін сатылған жоқ.
Коллаж: Орда.кз