Жол-көлік инфрақұрылымы: Өзгелерге үлгі Қызылорда
Кейінгі жылдары облыстағы күш алған сала – жол-көлік инфрақұрылымы. Рас, өңірлер арасын байланыстыратын күре жол бойындағы елге келген қонақтар да, туристер де жол сапасына сүйсініп жүрді. «Сіздердегі жол салу ісі бізде де болса етті». Көбіне-көп басқа облыстан келіп, Қызылорда жерін қыдырыстаған ағайынның аузындағы әңгіме осы. Тіпті Астанадан келген тілші әріптестер де басқа облыстармен салыстырғанда, Сырдағы жол сапасының алда тұрғанын сөз ететін.
Бір ғана мысал, 2022 жылдан бері облыстағы жол инфрақұрылымын дамытуға 150 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесі белгілі. 1600 шақырым жол мен 30 көпір салынып, кейбірін толық жөндеп алдық.
Алдымен Қызылорда қаласының өзіне үңілейікші. Сырдағы бас шаһардың көлік қозғалысында көп жол кеңіді. Тар жолдың тынысы қайта ашылды, екі не төрт жолақ жол одан әрі үлкейді. С.Бейбарыс көшесінен Б.Баймаханов көшесіне дейінгі аралықтағы Тараз көшесі мен С.Бейбарыс көшесі Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейінгі жол 4, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі бөлік 6 жолақты жолға айналды. Қауіпсіздік пен кептелісті азайтатын бұл жоба әлі жалғасын тоқтатпады.
Өткен жылы салада 125 жоба іске асты. 50,6 млрд теңгеге 330 шақырымға жуық жол мен көше, көпір жөнделді. Қорытындысы көңіл қуантып тұр. Былтыр облыс бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайыздан асты. Аталған жұмыс қатарында «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылы бойында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірі бар. Одан бөлек, «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылы 4 жолаққа кеңейді. Даңғыл бойындағы Әбілхайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін жаңа жол салынды. Ең бастысы, ұзындығы 23,5 шақырымдық әуежайға кіреберіс жол 4 жолаққа айналды.

Өңірдің халықаралық көлік дәлізінде айрықша орны бар. Көрші Қытай мен Еуропа мемлекеттері арасындағы сауда тасымалы Сыр бойынан өтеді. Президент тапсырмасымен Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды І санатқа ауыстыру жобасы қолға алынды. Көптен мәселе болған жол тарлығын шешу қажеттігін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысына өз аузымен айтқаны ел есінде. Қазір екі кезеңмен іске асатын құрылыс басталып-ақ кетті.

Айтпақшы, Президент Жолдауында айтылған «Сексеуіл-Бейнеу» жолының құрылысы 559 шақырымға жүреді. Оның 189 шақырымы Арал ауданының Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман, Сексеуіл елді мекендері арқылы өтеді. Жоба аясында өңірдің ең шеткі елді мекендерінің де жол қатынасы жақсаратынын баса айтамыз. Ең қуаныштысы, бас ауыртар мәселеге айналып, жүргізушілерді шаршатқан республикалық «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының Сырдағы бөлігі бітті. Былтыр ғана облыс аумағына кіретін 191 шақырым жол толықтай асфалттанды.
Аймақтағы қала мен жеті ауданның барлығы теміржол бойында орналасқаны белгілі. Ондағы халықтың теміржолдың екі бетінде қоныстанғанын ескерсек, көлік қозғалысына арнайы өткел керек екені айтпаса да түсінікті. Қарбалас уақытта кептеліс тудыратын мәселе шешілмей қалмады. Айталық, облыс әкімінің бастамасымен Арал ауданында 940 метр болатын аспалы көпір бітті. Жаңақорған ауданында талай жылдан аяқсыз қалған осындай теміржол үстінен өтетін көпірпайдалануға берілді. Қазір осы жобалардың жалғасы ретінде қаладағы Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты жолының құрылысы қарқын алды. Ал Қармақшы ауданында құны 5,5 млрд теңгені құрайтын теміржол көпірінің құрылысы жақын уақытта басталады.

Биыл жол инфрақұрылымына 39 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. 138 шақырым жол мен көше, көпірлер жөнделеді. Мұның барлығы облыс тұрғындарының сұранысы екені белгілі.
Екі жыл бұрын қаланың сол жағалауынан еңселі автовокзал бой көтерді. 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 200-ден астам автобус маршруты ұйымдастырылған. Сонымен қатар, халықаралық маршрутпен Ташкент қаласына, облысаралық Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе қалаларына 18 автобус маршруты бар. Жаңадан «Қызылорда-Атамекен (Қорғас)»тұрақты жолаушы тасымалдаушы маршруты да ашылды.Облыс орталығындағы халыққа қызмет ететін қоғамдық көліктер толық жаңарды. 2022-2024 жылдары «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы алынған 300 автобус қалалық 32 маршрутты 100 пайыз қамтыды. Сонымен бірге, қалада «Экотакси» қызметін құру жобасымен 100 электромобиль алынып, тұрғындар мен қонақтарға қызмет көрсетуде.

Сыр еліне келген қонақтарды риза еткен бір нысан – «Қорқыт Ата» әуежайы. Аптасына 37 рейс орындайтын жаңа терминал екі жыл бұрын пайдалануға берілді. Жобаға Болат Өтемұратов қоры 16 млрд 700 млн теңге инвестиция салды. Ал жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Жаңартылған әуежай терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
Тағы бір айтатын жайт, 2023 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰҚ АҚ және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеден астам қаржыға Қызылордадағы теміржол вокзалы мен аумағы түгелдей күрделі жөндеуден өтті. Президент тапсырмасы, Үкімет қолдауы, облыс басшысының үйлестіруі арқасында мұндай құрылыс Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал, Сексеуіл теміржол вокзалында, Жалағаш пен Тереңөзектегі қызмет көрсету пунктері мен Талап бекетіндегі жолаушылар платформасында жалғасын тауып отыр.
Ержан ҚОЖАС,
Қызылорда облысы
Фото: Облыс әкімдігі












