Түйсік терезесінен көзімді арбап көктегі…
«Қауырсын қалам» айдарының қонағы — Аманжол Исламғали. Ол 2000 жылғы 24 шілдеде Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келіп, Қандыағаш қаласында өскен. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің түлегі. Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі болып қызмет етті. Өлеңдері «Әдебиет», «Мәдениет», «Қаламгер» сияқты республикалық порталдарда және «Қазақ әдебиеті» мен «Sakhara» газетінде жарияланды. Қазіргі кезде С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметкері.
САПАР
«Әр күн өзімен мәңгіліктің бір бөлшегін алып жүреді»
Пауло Коэльо
Күрең бұлттай көк белінде қалқыған,
жерге төгіп тастармын ба, бар сырымды бауырымда балқыған?!
Көкірегімді сыздатқанда салқын ән,
Іңір шоғын үрлей бердім,
үрлей бердім.
жан – тұман.
Үміт – ұлы ұғымдардың көнбісі.
Дерттен ада күй кешемін көшпей қалған көңілмен,
таңсық дала жұпар-нұрын жолда ішіп.
(Бас ұрамын – осы мендік дұрысы һәм соңғысы.)
Жасырамын кеуде отын сөнгісі жоқ,
сөнгісі…
Аңсап сені, мұқалмас шақ, көз қиырға жетпеді.
Жүрек сезген бағытты қалқан қылып алағайда,
Сөнбей келед(і) күн балқытқан кеудемдегі от менің.
Түйсік терезесінен көзімді арбап көктегі,
Не өткенге оралмадым,
Не әрі ұзап кетпедім.
Тымырсық түн тулатып,
тастайтындай жолымдағы тасты үгіп,
Ой тілгенде қос табанды құлдилаймын кейде өрден,
Аңызақтан арыла алмай, жүрегімде жас бүгіп.
(солқылдатқан сөз салдары асқынып)
Баянсызға кеткен үміт,
қанатымнан бастырып.
***
Кешегі суреттің қиындыларындай жапырақтар,
құрастыруға келмейтін көп саны.
Жел сүйреп барады ескі картиналарды,
Тек сәттік алданыш – түстері ақ-сары.
Оларға үміт деп қарадым,
сенім деп санадым,
жылдар деп ойладым,
уақытқа баладым шыдамсыз жел күшін.
Бұл жақта тұрғынның ойлары: жазығын бір құшу, қазығын айналу,
Жердегі түрлі пішінге келеді енгісі.
Бағытсыз жел айдап бара ма, ғұмыры үзілген мүрдені?!
Осылай көшеді өмірдің біздегі бар мәні,
Барыңды кеміру – уақыттың білгені,
Өзіңді алдаған күндердің іздері қалғаны.
КЕЗЕҢ
Бақытқа қол созған бейшара бейнелер,
Кезеңдер қайыршы қалпында ешкімді сүймеген.
Ғасырдан жасыра алады кім шынын?
Жүрегім, одан да тоқтасын дүрсілің!
Келеміз меңіреу даладай ғұмырдың шөлінде,
Жылт еткен үміт жоқ, тамшы жоқ көрінген,
Келеміз көмескі сеніммен.
Жүректер перденің артында оңаша егілген.
Тым жиі жылайтын,
Періште кейіпке енеміз кейде біз көздері мейірім сұрайтын…
Әлемде мейірім боларын сезіп мен,
Ой шарлап дүниенің бұрышын, уақыттың іздерін танып түн.
Жанымның қалауы емес ол кезіккен,
Жоқ іздеп жүруден жалықтым…
Бір сәтте сорлы боп шығады жанымды құлпыртқан сенім де,
Сосын «Бұл — кезең!» деп оянам үмітпен.
Себебі сәуле бар, сәуле бар көрінген
Арашалаймын мен өмірді күдіктен.
Бұл дәуір көшкіні үніңді естиді, тіл қатпай тұрса да,
Көздерді қасірет қажаған жан таппай мұң шағар.
Ең ұлы сезімдер тым жақын жүрерін білсе олар,
Сезімнің жолына тосар еді көңілін сусаған.
Жүрегім, саған мұң шағамын!
ҚАРАША
Жолдың арғы шетінен
жарықтарға қараймын да тесіліп,
Аялдаймын өзімді іздеп сол жақтан
Ұзағанның бәрі-бәрі келетіндей кешігіп.
Аспан да анау қарашаны қайтара алмай тұр тағы,
Күз де кетті сезінбестен әр күйді.
Тас қабырға кешегісін тұр танып,
Бұл даңғылдың бойынан «шарасыздық» аңқиды.
Бәрін-бәрін
табамын деп таң да асығып, түн күтті.
(Уақыт оны сұрамады менен де,
Ол уақытты жылжытты.)
Өзгермеді ештеңе.
Әркімнің қолсағаты бар көнерген.
«Үнсіздіктен» ұзамайтын мезгілде әр
қолсағаттың тілінен
қарашаның қасіретін сездің бар.
Тамшыларға тәнін тосқан көшелердің шамы әне,
Тағы жалғыз көлеңкені жол жетектеп барады.
«КЕҢІСТІК»
Таң сыбырлап оятады,
Күндізгі әуен күрең-күрең жолдарда.
Кеш. Кофе. Түн.
Жаяу тағы
арманыма он бес минут қалғанда
шегінемін…
Қадам сайын жол сабағы:
«тағы отырып жазамын!» деймін түс ауып,
Бес қабатты үй қарсы алады,
Қою түнде қиялымды құшамын.
Шығарғалы шақтарды естен
қала ішіне тастай салдым өзімді.
Көп естелік жатқан кеште
(өзімді ұмыт қалдырғаным сезілді.)
Күн кешеді жан да мұнда
жолаушыдай даңғылдарда адасқан.
Уақытқа ерген арманымнан
алыстатты мені аспан.
Өзімді іздеп табамын да,
ораламын.
Тұрақ. Кеш.
Кеш пен түннің арасында
кеңістік бар, бірақ бос…
КЕШТІ КҮТУ
Өңімізге айналғанда түс барлық,
Құз басынан түсер ме екем түстегідей қалауымнан тыс қарғып?!
(бұрын да олай ойланбаған)
әлі өңіме айналмаған сәттерге
мені еріксіз байлап қойған – құштарлық.
Көздердегі сенім ұшқан, дерт те өлген
жарық барын байқағанда тағы бір,
Өзімді іздеп отырамын өткеннен.
Қайырсыз кеш – жат жылдарды сағыну.
Бар болмыстан уақыт сөйлеп жүр әне,
Бәрі өзгеріп кететінін сездім мен.
Әрі сүйреп әкеткенде бір адым.
Үміті өшкен көшелерді кездім де,
Көңілсіз кеп кеш қойнына құладым.
Әр қадамын санап басып алдымнан
Кезеңдерім құр шыққан.
Бүгініме көше бойы қаңғырған
сендім тағы
тірілтердей өз үнімді тұншыққан.