Көршіміз үйін жалға беріп еді, бір кәсіпкер қарттар үйін ашты. Күндіз-түні терезеден телмірген қарияларды көретін болдық. Терезені ашып қойып байлаулы тұрған Хантөбетпен сөйлесіп тұрғандарын талай көрдім. Төбетіме тағдыры қиын кісілердің қай тілде сөйлегені бәрібір секілді, аяй ма, үрмейді. Аузы салпиып қарап отырады. Ал терезедегі бейбақ сөйлеп жатады, сөйлеп жатады. Аянышты.
Айтпағым, өткенде осы үйге екі жігіт бір апаны алып келіпті. Түспеймін деп шырқыраған кейуананы дәу джиптан сүйреп түсіріп, қақпаға дейін дедектетіпті. Осы кезде апа жат аулаға кірмеймін деп есіктің екі жақтауына жармасыпты.
— Балапандарым, үйге қайтайықшы, тыныш отырамын!!! Ешкімге сөйлемеймін!!! —деп шырқыраған қартқа екі жігіттің шамасы келмеді дейді көрген көршілер.
— Құлындарым, қойыңдаршы! Тастамаңдаршы! — деп бебеу қаққан дауысқа жұрт жинала бастағанда жігіттердің бірі оқыс әрекетке барыпты. Ол анасының тірсегінен тізесімен теуіп қалыпты. Анасын… тіземен… Аяғы оқыс бүгіліп кеткен апаның есіктің теміріне жармасқан қолы босап сала бергенде екеуі қолтықтан көтеріп, ішке кіргізе қойыпты. Сәлден соң қырғын іс тындырғандай қағынып, қақырынып шығып дәу қара көлікке мініп, тайып тұрыпты.
Көрген жұрт әлі жағасын ұстап жүр. Не болып барамыз, адамдар?! Арыстай азаматқа тірісінде қол ұшын бермей, артынан “Ой, досым! Бауырым! ” — деп жоқтау айтатын екіжүзділікке, сырты сылаң, іші жылан қарым-қатынасқа, қолында бола тұра қайыр сұраған міскіндікке тітіркене қараса да тұтас адамзат көндіккендей болды. Жатқа қай айлаң да жарасар дер, ал анаңа жыланша ысқырыну…сұмдық қой. Не болып барамыз? Адамгершілік дегеннің жұрнағын болса да сақтап қалуға тырысайықшы.
Серік Әбікенұлы
 /жазба автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *