Б.Аманов: Төсбелгі – мәртебе емес, міндет екенін білсеңдер ғой
Апта басында жас әріптестердің бір парасы Журналистер одағына кіріп, төсбелгі тағыпты. Көбі жастар екен. Олай болатыны заңды. Сіздерді құттықтаймын әрі келесі жазбам үшін кешірім сұраймын.
Жарамызды жасырып қайтеміз? Ашығын айтайық, бұ күндері жас тілшілер Одаққа құр мақтан үшін кіреді. Мүшелікті міндет емес мәртебе санайды. Қазір одақ – шығармашылығында бағы жанбаған боздақтардың көңілін кір шалдырмай ұстап тұру үшін жұмыс істеп тұрғандай. Салаға ілесе алмаған жастар машақаты көп мамандықтың бір бөлігіне айналуға деген арзан арманды қуалап барады. «Қайран одақ – баяғыда отты сөз, өткір пікір, әділ сынның ордасы еді», — дейтін аға буын. Сол үшін де ағалардың көбі Одаққа мүше. Ол түсінікті. Ол заманның куәсі болмадым. Бірақ қазіргі жағдайын көріп отырмын. Кеңсе бар, мөр бар, бірлі-екілі жиын бар. Бірақ мән жоқ. Үні естілмейді. Журналист қудаланып жатса – үнсіз. Баспасөз бостандығы тапталып жатса – тағы үнсіз. Мұндайда Шерағаң «үнсіздік – өлімнің сыңары» ғой дейтін. Қайран қорған – қорған емес, қолшоқпарға айналғанда, біз де одаққа мүше болудан бас тартқанбыз. Содан бері одақ туралы не естідік? Естімедік. Не көрсек те, жеке жүріп көрдік. Содан кейін жабылған болар деп топшыладық. Сөйтсек, тірі екен. Оған қоса жастар әлі құмар екен. О, романтика!

Кейде бір әріпті түртіп көрмеген, тілшілік тіршіліктің қазанында қайнамаған өзге сала өкілдері де одаққа мүше атанып жатқанын мына көзіміз көрді. Қарайсың, қайран қаласың. Сонда бұ дегеніңіз кім көрінген кіретін, керек болса шығатын төбе ме еді?
Жастар-ай… Төсбелгі – мәртебе емес, міндет екенін білсеңдер ғой…
Бекзат Аманов