Атқа қызығушылығымнан туған ой… бір-екі ауыз сөз қозғағым келіп отыр. Қазақта жылқыға өңгерілу және жылқыға отыру деген сөз бар. Отыру — ол салт отыру, ал өңгерілу — салбырап, қарынмен жату. Атқа көкпарды да өңгеріп аласың немесе затты, қоржынды тағыда бақса өңгеріп алулар болады. Қоғамдық, кәсіптік, елдік жұмыстың ішінде жүргендіктен, қазақ қоғамын бір ойға, бір арнаға, яғни елдікке түйістірудің жолын ойламайтын қазақ қазақ емес шығар, сірә! Бұл тұрғыда менің ойым шашыраңқы…

Қазақ қоғамын қалай біріктіреміз?

Дінмен біріктіреміз бе? Жоқ. Дін дала қазанының қара күйесіндей болып тұр. Жолап кетсең, күйе жұқтырасың.

Тілмен біріктіреміз бе? Жоқ. Тіл де мылтықтан атылған оқтай тесіп өтер. Бірақ біздің қоғамда қосауыз мылтық бар. Қай шүріппені басатынын әркім өзі шешіп алған.

Адам құқығы, заң ба? Жоқ. Заң шығарушы орган алдымен заң өзі орындамаса, белден басса, бәрі бекер. Адам құқығы деп батыстың бассыз құндылығына еліктеу жарға жығады.

Салт-дәстүр ме? Жоқ. Дәстүрдің де озығы мен тозығы бар.

Ұлтшылдық па? Жоқ. Ұлтшылдықты әп-сәтте пайдалана кететін, аңға құрылған қақпан секілді екі жүзді тұзақ бар.

Экономика ма? Жоқ. Көпестің, сарттың айласындай пайдакүнемдік бар.

Саясат па? Жоқ. «саясат сайқалдың тірлігі» деген сөз тағы бар қазақта…

Осылай ойлана келе, аттың үстінде өңгерілген қазақты көрдім! Атқа өңгерілген қазақтың басына өзгенің қамшысы тимейінше атқа салт отырмаймыз-ау деген тұжырым мазалайды. Әлемде ежелден ең бірінші атты қолға үйреткен халықтың ұрпағына атқа өңгерілгеніміз жарамас. «салт отырайық!» деп ұран тастағым келеді. Салт отыру дегеніміз — ар-ожданды ту етіп, рухты тік ұстап, өзегімізді елеп, еңсемізді көтеріп, адами құндылықтарды алға тартып, ұлттық құндылықты тұғырына отырғызып, ез емес, ер болудан өтеді. Ұрандатып ұрлау емес, ұрандатып ұйыстыру — басты мақсат болса керек! Елдің алауыздығы — елдің әр азаматының қырсықтығынан, яғни эгосынан, менмендігінен. «Ынжық тізгінші — тізгінші емес, олақ тігінші» демекші, елдің бірігуі үшін әркімнің бір-біріне деген туысқандық сезімі оянып, жаны ашуы керек. Яғни, «жаны ашымастың басы ауырмас», ағайын! Ынжықтық пен олақтық қазаққа жараспас. Жігерлі және қырағы, әрі пысық болайық!!!

Нұркен АСАНОВ

/Жазба автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *