Күнделікті күйбең тірлік қажытып, бас қалада басымыз айналып жүргенде қалта телефонына хабарлама түсті. Келген хатты ашып қарасам шақыру билеті. «Баянауылда ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Рахат Қосбармақтың жан тербеп, жүрек қозғайтын «Баянауыл дейтін ел көрдім» атты жыр кеші өтеді» депті. Сонымен…
«Қашқалы тұрған қоянға тәйт дегесін не жорық» дегендей қаракерге қамшы басып, құйғытып шаба жөнелдік. Бала-шаға қасымда, бағытымыз – Баянауыл!
Қиялыма құрық бойлатып, жол үстінде өз ойымды ойнатып келе жатқанымда Мұхарбек Жәкейұлы көкем жол бойы тоқтап, түстенетінімізді айтты. Бұл уақытта біз Екібастұз қаласынан шығып бара жатқанбыз.
Рахат Қосбармақ ағаны бұрын көрмегенмін тек жырлары арқылы танитынмын. Сөйтіп, сайын дала төсінде бірге отырып дәмдес болу бұйырды. Дала дастарханы басында жақын таныстық. Содан Баянтауға да жеттік. Бұл түс ауған мезгіл еді. Сағаттың тілі 16:00-ді көрсеткен.
Қонақ үйге орналасып болған соң, Баянауыл мәдениет үйін бетке алдық. Зал толы көрермен. Маңғыстаулық ақынға қошеметтері бөлек. Сахна жарығы сәуле шашып тұр. Ортаға АҚЫН шықты. Жасын жыр ойнады. Менің байқауымша билік тізгінін ұстаған көкелердің тақым қысқаны болмаса тыңдарман қан қыздырып, жан тербер жырға сусаған. Ақынды ортадан жібергісі жоқ. Рахатқа бөлену деген осы емес пе?
— Рахаттың жыры сұрапыл, ә! Отты жыры от жаққандай тыңдарманын жылытып отыр. Байқайсың ба? Ал тыңдарман поэзияға шөліркеген екен, -деді Мұхарбек Жәкейұлы құлағыма сыбырлап…
Жыр кешінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов: — Біз, көп жағдайда әр өңір өз ақынын өз еншісіне ғана жазып, бауырына тартып, иеленіп алуға бейілміз. Бірақ шын ақын – бір ауылдың ғана емес, бүкіл қазақтың жүрек үні. Оның жыры – ұлттың ортақ мұрасы.
Ақын туған елінің қай қиырына барса да, халықпен қауышып, жыр кештерін өткізіп тұруы керек. Өйткені, поэзия халықпен ғана өмір сүреді. Бүгінгі кеш – сол рухани сабақтастықтың айғағы, – деді.
Шара барысында сөз алған ақсақал Қорабай Шәкіров шалқыта сөйлеп, Байұлы балаларының мерейін үстем етті. Әр нәрсенің басын бір шалып, бәзбіреулердей былжырақтатпай, салиқалы сөз айта алған қарияға сүйсіндік.
Осылайша «Баянауыл дейтін ел көрдім» атты Рахат Қосбармақтың кездесу кеші ұмытылмастай есте қалатын болды.
Ертеңгі күн «Қоңыр әулие» үңгіріне барып тағзым етумен жалғасын тапты. Бізді ыстық ықыласпен қарсы алған Алтынбек Құрманов ағама мың алғыс. Ол тек шырақшы ғана емес, танымал өлкетанушы екен. Ағынан жарылды. Білгенін құлаққа құйды. Тау тасының қыр-сырын ұғындырды. Ағайға алла қуат берсін!
Қолын бұлғап қоштасқандай қоңырайып таулар қала берді. Біз Жасыбайға жетіп, суға шомылдық, салқындадық. Бір сергіп алған соң ұзын жолға түстік. Алдымыздан Құндыкөл ауылы құшағын ашты. Серік қарияның шаңырағынан дәм бұйырды. Осылайша біз ақын жырын жүрекпен қабылдап, мейманын алақанына салған Баянауыл жұртына алғыс жаудырдық. Сөйтіп, Рахаттың арқасында Баянауылды көріп, рахат сезімге бөленіп, қалаға қайтып келдік.
Қоңыр тірлік басталды…
                                                                                     Асантемір Қаршығаұлы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Руханият

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *