Рухани құндылық айнасы
Адамзаттың өмір сүру мәнін айқындайтын басты тірек – құндылықтар жүйесі. Құндылықтар адамның тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен діни сенімдері негізінде қалыптасып, қоғамға бағдар береді. Материалдық игіліктер өткінші болса, рухани құндылықтар мәңгілік мәнге ие. Олар адамды ізгілікке жетелеп, қоғамды азғындықтан қорғайды.
Ислам діні – адамзатқа тура жол көрсететін, жүрекке тыныштық сыйлайтын ақиқат дін. Ол жеке тұлғаның мінез-құлқын түзеп, қоғамда әділеттілікті орнатып, халықтың бірлігін нығайтады. Құран мен сүннеттің негізінде дін, жан, ақыл, ұрпақ және мал- мүлікті сақтау басты құндылық ретінде белгіленген. Бұл – кез келген өркениетті қоғамның даму кепілі.
Қазақ халқы ежелден ислам дінін қабылдап, оны өмір салты мен дүниетанымының өзегіне айналдырды. Ұлттық салт-дәстүріміз ислам қағидаларымен үйлесіп, ұрпақ тәрбиесінің берік арқауына айналды. «Ұят бар жерде – иман бар», «Аққа Құдай жақ» деген аталы сөздеріміздің өзі халқымыздың имандылықты биік қойғанын айғақтайды. Кез келген қоғамда ғасырлар бойы ұрпақтан- ұрпаққа беріліп, жалғасып келе жатқан діни және ұлттық құндылықтар жүйесі болады. Сонымен қатар бірқатар құндылықтар тарихи тәжірибе нәтижесінде қалыптасады. Барлық халық пен қоғамның өзіндік құндылықтары болады. Ұлттық құндылықтардың тарихи өзіндік ерекшелігі бар. Ол Отан, тіл, тарих, өнер, әдебиет және сол секілді көрініс тапқан қандай да бір ұлт өкілдерінің рухани идеалдарының жиынтығы. Сол үшін әр ұлттың дүниетанымы, ойлау түрі, ұлттық санасы және т. б. белгілі бір жолмен үйлеседі. Құндылықтар жүйесі –адамдардың қажеттіліктерімен қатар мүдделерін де белгілейді. Адамдар соған сай өмір сүріп, сол жолда жасампаз идеялар тудырады. Қоғам тіршілігінде рухани әрі материалдық құндылықтар қашан да өз ықпалын сездіріп тұрады. Материалдық дүниеде өмір сүргендіктен адам баласы көбіне материалдық игіліктерге басымдық беріп жатады. Түптеп келгенде материалдық құндылықтар тұрақты емес әрі салыстырмалы мәнге ие, ал рухани құндылықтар мәңгілік болғандықтан қашан да шешуші рөл ойнайды. Негізінен бұл екеуі – бір- бірін толықтырып тұратын нәрселер. Адамгершілік бастауы саналатын рухани құндылықтар адамның дүниеге деген қатынасын айқындап, өмір сүру пәлсапасын қалыптастырады, ізгі қоғам құру жолына бастайды. Жан дүние тазалығы, байлығы қоғам бағдарын белгілейді. Мәдениет пен өркениет көрсеткіші тек қана материалдық игіліктермен өлшенбейді, ол жоғары адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасып, дамиды.
Адам баласы жоғары адамгершілік құндылықтарды өмірінің өзегіне айналдыру арқылы қоғамды жамандықтардан, азғындықтан қорғайды. Діни-рухани құндылықтар адамды жаратылу мақсатына сай өмір сүруге жетелеп, кемелдену жолына бастайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни және ұлттық құндылықтардың сақталуы мен насихатталуына өзіндік үлесін қосып келеді. Құндылықтардың насихатталуы мен дәріптелуінде ілкімді істер мен ауқымды шаралар атқарып келеді. Бұл алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) осы рухани және ұлттық құндылықтарды сақтап, халыққа насихаттау ісінде ерекше рөл атқарып келеді. Имандылыққа шақыру, асыл дінімізді дұрыс түсіндіру, қоғамды бірлікке ұйыстыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар – ұлт болашағына қосылған үлес.
Жаһандану дәуірінде материалдық құндылықтар алға шыққанымен, рухани негізден ажырап қалмау – басты міндет. Бұл тұрғыда ҚМДБ-ның ағартушылық қызметі, жастарға имандылықты дәріптеуі, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттауы еліміздің рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.
Дін – ақыл иесі болған адам баласын өз еркімен ізгі нәрселерге бағыттайтын, екі дүниеде жақсылыққа кенелтетін, пайғамбарлардың баяндаған ақиқаттарын мойындап, иман келтіруге шақыратын иләхи пәрмендердің жиынтығы. Алла Тағаланың адаммен тілдесіп, оған пайғамбарлар жіберіп, оларға кітап түсіруі оның қаншалықты ардақталғандығын көрсетеді. Сондай-ақ Жаратқанның пенделерін түрлі азғындықтардан, жамандықтардан сақтау үшін пайғамбарларын жіберуі – пенделеріне деген сүйіспеншілігі мен рақымдылығының белгісі. Діннің бұйрықтары мен талаптарына назар аударғанда негізгі мақсат адам баласын жамандық атаулыдан сақтандырып, жақсылыққа тәрбиелеп, кемелдікке қарай бағыттау екенін көреміз. Жаратушының бар һәм бір екеніне сену – адам табиғатына Алла тарапынан берілген қасиет. Дін Жаратушы – әлем – адам қатынасын айқындап, өмірге мән сыйлайтын, жоғары адамгершілік құндылықтар бастауы. Ислам –Алла Тағаланың өзі кемелдендіріп, разылық танытқан, ақырғы дін.
Халқымыздың ұрпақ санасында арлылық, адамгершілік, құдайшылдық, адалдық пен тазалық секілді қасиеттерді бойларына сіңіруде қолданған мақал-мәтелдері мен нақыл сөздеріне үңілсек, ислам дінінің ұстанымдарын анық байқаймыз.
Мәселен, халқымыз «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Пайда ойлама – ар ойла», «Ұят бар жерде иман бар», «Құдай деген құр қалмас», «Аққа құдай жақ», «Құдайға сенген құстай ұшар, адамға сенген мұрттай ұшар», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағидаттарды өмірлік ұстанымдарына айналдырған.
Қорыта айтқанда, ұлттық сана мен руханияттың іргетасы – діни-рухани құндылықтар. Сол құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру арқылы ғана біз кемел қоғам құрып, өркениетке өзіндік үлес қоса аламыз.
Орынбасаров Даулет Нұрлыбайұлы,
Жаңақорған аудандық орталық мешітінің
наиб имамы
/сурет ашық дереккөзден алынды