Сырдағы құрылтай – сындарлы шешімдер қабылданатын стратегиялық алаң
Депутат өз пікірінде Ұлттық құрылтайдың мемлекет үшін стратегиялық маңызына тоқталып, оның мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Құрылтай ел дамуының басым бағыттарын айқындауда, қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуда ерекше рөл атқарып отыр.
Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтуі тарихи әрі саяси тұрғыдан терең мәнге ие. Бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған Сыр өңірі мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдерімен тығыз байланысты. Осы тұрғыда ел тағдырына қатысты маңызды мәселелердің дәл осы өңірде талқылануы мемлекеттік саясаттың символдық маңызын арттыра түседі.
Мархабат Жайымбетов көтерілген мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып отырған реформалармен тікелей сабақтас екенін жеткізді. Президент бастамалары әділетті мемлекет құруға, басқару жүйесін жаңғыртуға және қоғаммен ашық әрі тиімді диалог орнатуға бағытталған. Ұлттық құрылтай осы реформалардың қоғамдық қолдауын қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналып отыр.
Ұлттық құрылтай дәстүрі қазақ халқының тарихи басқару тәжірибесімен үндес. Ғасырлар бойы ел бірлігі мен жауапкершілігін қамтамасыз еткен бұл институт қазіргі заман талаптарына бейімделіп, жүйелі мемлекеттік құрылым ретінде дамып келеді.
Сыр өңірінің ел тарихындағы орны айрықша. Қорқыт ата мұрасы, көне қалалар мен Байқоңыр ғарыш кешені аймақтың рухани әрі геосаяси әлеуетін айқындайды. Осындай тарихи кеңістікте Ұлттық құрылтайдың өтуі елдік мәселелерге деген жауапкершілікті арттыра түседі.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың басшылығымен өңірде жаңа әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға беріліп, құрылыс қарқыны тұрақты сипат алды. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған даму басымдықтарына толық сәйкес жүзеге асырылып келеді.
Сонымен қатар өңірде білім беру, мәдениет және спорт салалары қатар дамып, халыққа қолжетімді орта қалыптастыруға басымдық берілуде. Экономикалық даму әлеуметтік және рухани жаңғырумен ұштасып отыр.
Мемлекеттік дамудың маңызды бағыттарының бірі – цифрлық трансформация. Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы реформалар басқару тиімділігін арттырып, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл өзгерістер экономикалық өсімді жеделдетіп, қоғам мен билік арасындағы ашықтықты күшейтеді.
Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың табысты жүзеге асуы мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігіне негізделеді. Қоғамдық келісім мен институционалдық тұрақтылық – елдің тұрақты дамуының басты кепілі.
Осылайша, Ұлттық құрылтай Қазақстанның жаңғыру жолындағы маңызды кезеңді айқындайтын стратегиялық мемлекеттік алаң ретінде өз рөлін нығайта түсуде. Оның Сыр елінде өтуі – ел тарихы мен қазіргі саяси бағыттың өзара сабақтастығын көрсететін, болашаққа бағдарланған маңызды шешім.
Фото: ашық дереккөз












