«Қауырсын қалам» айдарының қонағы – жас ақын Ерқанат Бағдатұлы. Ол 2004 жылдың 4-ші қазаны күні Бәйтерек ауданы Достық ауылында дүниеге келді. Қазір Ж. Досмұхамедов атындағы жоғарғы педогогикалық колледжінде қазақ тілі және әдебиеті факултетінің 3-ші курс студенті
Қабірстанға хабарлама
Әке
Көлденең көк аттының бірі болдым,
Туғанымда, жөргегім жуғанымда…
Сені көзім көрмеді он бір-ақ жыл,
Өстім бірақ,
адамым, ол да бір әні.
Әке
Көрдім, сездім жолымның ауыр жүгін,
Әзиз басым… сынды рас қауырсыным.
Бәрі келіп “әкеңнен аумай қапсың”
Деген сөзден жалтардым.
Ауыр шыным.
Әке
Ақыл тыңдамадым, жиі мазам қашып,
Айтуды да үйрендім адамға сын.
Мінезімде кей-кейде сен сияқты,
Сосын, ұқсайды өзіңе қадамдарым.
Әке
Тағдыр мынау тайталас екендігін,
Сенім – кері қайталау екендігін,
Аяғымның майтабан екендігін,
Кейіннен көке білдім.
Әке
Сыр да ашпадым ұялып адамға көп,
Жиі-жиі өлердей санамда үміт.
Азап іштім бірақ та өмір сондай,
Өмір сондай, керек қой табандылық.
Әке
Қарашығым – отбасым екендігін,
Ал,
Оларды жылату – шоқ басу екендігін,
Ес жинау бұл – достасу екендігін,
Ерте білдім.
Әке
Бірақ, өмірге келгеннен соң,
Өлімнің келеріне сенгеннен соң,
Сен бейуақта белгісіз өлгеннен соң,
Өкініп тұрып сүюді.
Сүю үшін кешіруді үйрендім..
Әке!
****
Серттер…
түндерге ұласқан,
Сөздер,
«кешір» деп жыласқан…
көзіне тамшы ала беретін,
Саған тым ұқсайды, бұл аспан.
Өзекке үймелеп өгей мұң,
дұғам мен жындарым сөйлейді.
қанша ма ай өтсін, әлі де,
неге екен,
өзгені көрмейді..
көздерім..
Жас төгіп сұраған,
тек сені…
сен оған жылама.
бұл мені жегідей жей — тұғын,
орындалмайтын ұлы арман.
Табылмай түк дауа жаныма,
Табылдың сөздерін тағы ұғам.
сен өзге біреуді ойлайсың,
мен, байғұс, өзіңді сағынам.
адасып кетейін бәрі — бір,
мен жанмын жалған да жаны мұң.
қалса деп едім ғой, қалмады,
алдың да жалынар қадірім.
Тағдырдың көрсем де тәуірін,
жарытпай қойғаны – ай, Тәңірім.
ең үлкен қайғым, ол — жоғалту,
ең үлкен қасірет — сағыну…
****
Таба алмайтын жауаптың толқыны ауыр,
түн болады, мен кіммін?
жұлқынамын…
Өзегімді өртейді өкініш кеп…
жас боп жаннан шығады өтіріктер..
Мен сүйіп ем, бұрын да, сағынған ем,
сүйреп жүрмін ал, бүгін жанымды әрең…
Неге, күнім?
мехнатқа құлай бердім?
неге кеттім?
сен неге жылай көндің?
Сені аңсайды мен түгіл атырап бар,
құлазуды шығарды жапырақтар…
Көздеріңнен ғаламды неге көрем?
сені сүйем, ал, оның себебі не?
Тағы бір түн,
содан соң мұңға сіңем,
мен — жаныңды түсінген жолдасың ем…
Сен — өмірді сүйгіздің өзің үшін,
қайда кеттің?
қайдасың көңіл құсым?
Сабырымды тауысты тірлік келіп,
(қол ұстастық… қателік… білдік нені?)
Күнә атаулы жылайды сені көрсе,
сен — нәпсімнің жалғыз — ақ мерекесі ең…
Адасқанда Пайғамбар жерге түсіп,
бізді қосқан періште келмеді ұшып…
Сабылғанда жыр жазу жанның үні,
қайда тастап барамыз сан ғұмырды…
Өлгім келмей сен жоқ бұл атырапта,
табыт жасап аламын жапырақтан…
Шақырымға ілесіп өгіздей мұң,
«терезеңнің алдынан сені іздеймін».
Душар болып өзіңе он сегізде,
көздеріңді таба алмай көктен іздеп…
Сенің ғана жолыңа басым тігіп,
өлім алды сипайды шашымды нұр.
Мәңгі сенің иісіңе ойым қалғып,
өліп қалғым келеді, өліп қалғым…
****
Ғажабына тағдырдың жылай көніп,
есіл дертім елегізу қараңғыға.
сені жалғыз Тәңірден сұрай беріп,
адастым да..
Жанарымды жуамын сағынышпен,
«жалқы қазым, қайдасың?»
не тауқымет?
мен білмейтін, белгісіз адрестер,
ең алдымен..
Кімге жетіп жүр екен, кім біледі,
сүйіп айтқан дәл қазір хабарыңды.
көп естіген сөздерім күлдіреді,
мұңайтады. Ал, сосын қабағымды…
Жәудір мұңнан мен сені алып шыққам,
есіңе дүр түспей ме, еміс күндер.
сен — бүр едің жанымнан жарып шыққан,
барлық…
барлық азапқа келістім мен.
Сен қайтадан ашатын жараларды,
түн де жалап жазамын, жалғыз өзім.
сен сезбейтін өмірлік адалдардың,
қарғысы өзің…
Жердегі…
әлемдегі…
мен адал ем өзіңе сонда—дағы.
мен бір күні өзіңе келем дедім,
оралмадым…
шүкір!