Дана дидары көз алдыңа келе қалса, тұла бойымызды иітіп, жүрегімізді шым еткізетін ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың аяқталмай қалған «Махамбет» романында мынадай сөз бар.
«Махамбеттің көзінде екі түрлі жанар бар-ды: бірі — батырдың жанары, бірі -ақынның жанары».
Теңіздей тебіреніп, толқындай тулап, бурадай буырқанып, тұлпардай тепсініп жазатын, ғұмырында махамбетшіл мінезбен жүріп- тұрған Темірхан Медетбектің көзінде де бірнеше жанар бар-ды. Әу баста поэзияға ешкімге ұұсамайтын жаңашылдықпен, ғылыми-техникалық прогрестің тілімен келген ол неге қарасөзге кілт бұрылды?
…Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанға» бас редактор болып келгенде Темағаңды Маңғыстау облысына меншікті тілші қызметіне алды. Бұл «Егеменде» Темірхандар мен Әмірхандардың бет қаратпай, қара нөсердей төпеген кезі еді. Содан Темағаң ұлттық баспасөз кеңістігінде жасын ойнатып, Маңғыстаудың мұнайындай атқылады, Маңғыстаудың мұнаралары мен бағаналарына дейін сөйлетті…
…Оның өлеңінің ғана емес, қара мақаласының да мақамы бөлек-тін. «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар» деп Әуезов айтқандай, Темірханның тілінде де Махамбеттің тілі, мақамы, мәнері бар еді. Кіл бір «адайлар», «кісен ашқандар», «көбік шашқандар», «көкейкестілер» тілімен тебіренді.
Әрине шимайлағанның бәрі шедевр емес. Сондай күндерде оқуға тура келеді. Жақсы жазбай жүргенде жақсы оқырман болсақ, ол да бір олжа. Былайша дегенде, адами бақыт. Сол адами бақытқа бөлеген санаулы саңлақтың бірі Темағаң еді. Бұл кісіні оқысаң өзіңді адам сезінесің, бар екенбіз ғой дейсің.
…Рух деген не? Ол Тәңірінің пәрменімен саған келіп, кетіп жүретін құдірет. Ақын сол құдіретті қасына алып, аялап жататын тәрізді. Күнде соның әлдиімен оянатындай. Ол әлдебіреулердей «О, Құдай неге бермедің?» деп кеуде соғып тіленбей, жалындап жүріп жалпақтап қалмай, рухпен өз тілінде тілдеседі. Шығармашылық адамы көбіне түнде жұмыс істейді.Сол құдірет егер бейнелі сөзге бейімдесек, түнде ақынның төбесінде ұшып жүріп, таң ата мына имансыз қоғамның көзіне түспеу үшін ғайып боп кететін тәрізді.
Рух сөз болғанда «Көк түріктер сарынына» соқпасқа болмайды. Бұл өмір бойы жазыла беретін кітап. Өйткені ол ақынның позициясы, өмірлік ұстанымы.
( «Шал мен шындық» атты кітабымдағы Темағаң туралы «Ұлт музасының намыс нотасы» мақаламнан үзінді).
…Соңғы жылдарда ол кісі де, мен де денсаулықты түзеу жолында жүрдік. Жолымыз түйісе бермеді. Көпшілік жерге баруды шектеңкіредік. Есесіне әңгімені телефонмен төпелеттік. Рухани жүдеу көре қоймадық. Ұлттық арнаның Темағаң туралы түсірген»Тұлға» бағдарламасына публицистикасы жөнінде сөйледім. Айтпағым, сенің өміріңді мазмұн мен мағынаға толтырып жүретін осындай тұлғалар болады. Ол соншалықты кемеңгер бола тұра кішік еді. Ол соншалықты мінезді, сұрапыл бола тұра, төмендей де білетін. Рушыл емес, рухшыл еді. Мен осындай тұлғалардың тағылымымен өмір сүрдім. Соның бірі де бірегейі Темағаң еді. Мына хабардың мен үшін қаншалықты ауыр болғанын терең түсінген халдемін.
Қош, қазақ сөзінің семсері. Ұлт ақыны.Ұлт поэзиясына көк түріктер сарынын мәңгілікке қалдырған көкжал. Рухың пейіште шалқысын!
Қали Сәрсенбай, жазушы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *