«Оның басы болып па еді?»
Тау халықтарының осы тақырып турасындағы тамаша тәмсілі бар. Үш аңшы апанына кіріп кеткен қасқырды ұзақ күтеді. Алайда, шыдамы таусылған әлгілердің бірі әлдеқандай уақытта тар қуысқа басын сұғып, тығырықтағы қасқырдың «қал-жағдайын» білмекші болады. Әлбетте, дегбірсіз дене қимылсыз қалады. Достары сұлық тәнді сүйреп қараса, бас жоқ. Сосын екеуі отырып ойланады. Біреуі «басы бар-тын» дейді, екіншісі «жоқ-тын» дейді.
Денені ауылға алып келіп жұрттан сұраса да, жұрттың пікірі екіге жарылады, біреулері бар дейді, екіншілері жоқ дейді. Ең соңында сауалды әлгі әпендінің жесір жарына қояды. Сондағы Мәриямның айтқан сөзі дегендей, сондағы жарының жауабы:
— Күйеуімнің басы бар-жоғын мен де нақты білмеймін. Бірақ бір ғана дүниені анық айтуға болады, ол жыл сайын өзіне жаңа папаха тіктіртіп киіп жүретін дейді.
Расул Гамзатов «Кез келген тау ұлы басындағы сеңсең бөркі мен қадірлі есіміне ие болуы керек, бөрікті сол бөріктің ішінде басы бар жігіт қорғайды, есімге жүрегінде оты бар еркек қана дақ түсірмейді» дейді.
«Бассыз адам»
Жуырда хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай абайтанушы ғалым Базарбек Атығайдың 3 кітабы жарық көрді. Соның бірі – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби қаржыгер, аудармашы, әдебиет сыншысы, Абайдың немере інісі Даниял Кәкітайұлы Ысқақов туралы еңбек. Аталған кітапты оқып отырып, Даниял Кәкітайұлының аудармалары ішінен өзбек жазушысы Абдолла Қаһардан тәржімалаған «Бассыз адам» деген әңгімеге назар аудармай өте алмадық.
Шап-шағын шығарманың қысқаша желісі былай: Байы Абдыразақ өлгеннен кейін Нысанбүбі екі жас қызымен жесір қалады. Кейін ауылдағы ұста Абдырақман Нысанбүбіге сөз салып, екеуі бас құрайды.
Абдырақманның Пақыратдин деген жалғыз ұлы болады. Арада біраз жыл өткенде ер жетіп қалған сол Пақыратдинге әкесі Абдырақман Нысанбүбінің үлкен қызы Марияны зорлап қосады. Абдырақманның ол ісіне Нысанбүбі де, ұлы Пақыратдин де, Мария да қарсы келе алмайды. Пақыратдин пақыр десе пақыр, босбелбеу біреу, әкесінің айтқанынан шығып көрмеген момынның момыны. Сөйтіп айлар өтеді, жылдар жылжиды. Нысанбүбі екі жастың ары қарайғы өмірлерінің онша баянды бола қоймайтыны сезіп, қызы Марияны бала көтермеуге үгіттейді. Күйеубаласы Пақыратдинге де сол ойын айтса, ол пақырың «білмеймін, әкемнен сұрап көрейін» деп қарап тұрады. Бірақ, таң атпайын десе де, Күн қоймайды дегендей, Марияның жүкті екені белгілі болады. Нысанбүбі енді Марияға түсік тастаудың жолын қарастырады. Ішін оқтаумен ысқылайды, аунатады, секіртеді, істемегенді істейді қысқасы. Ақыры 18-ші күн дегенде Мария қатты ауырып, қаладағы ауруханадан бір-ақ шығады, бір сөзбен айтқанда өлім ауызынан қалады. Сол уақыт аралығында Пақыратдин не істеді деңіз? Әкесі келіншегіңнің қал-жағдайын біліп қайт дегенше, зеңіп қалған қой құсап ешқандай әрекет қылмайды.
Кейін әкесі қолына азын-аулақ ақша ұстатып, келіншегіңе барып кел, қалын сұра дейді.
Барады. Жары Мария екеуі шамалы үнсіздіктен кейін азырақ тіл қатысқандай да болады. Мария бір өлімнен қалғанын айтады. Пақыратдин осында әкесі жібергенін міңгірлейді.
«Шарананы алып тастады, көрдім, басы жоқ», дейді Мария бір кезде.
Әңгіме осымен бітеді.
Ойланасың шынымен. Кімнің басы жоқ? Шарананың ба, Пақыратдиннің ба, Марияның ба, Нысанбүбінің ба, Абдырақманның ба?
Кімнің?
«Жоғалған ақынды соңғы рет қайдан көрдік?»
Кеше әлеуметтік желіні шолып отырғанда ақын Қарлығаш Қабайдың «Жоғалған ақынды соңғы рет қайдан көрдік?» деген тамаша дүниесі алдымыздан шыға келді. Өмірзая ақын, 27 жасында ұшты-күйлі ғайыпқа айналып кеткен қаламгер Әділ Ботпанов һақындағы тұрқы бөлек жазба алғашқы сөйлемдерімен-ақ бізді бірден ерекше әсерге, ерекше әлемге жетелеп әкетті.
Автор ғайып-ақын туралы әңгімені қаламгер Джемаль Қырғыздың «Жоғалған мүрде» деген шығармасы арқылы бастап, ешкім күтпейін шешімдермен шебер жымдастырып, тіпті соны соқпаққа шығарады. Ерекше риза болдық. Тіпті, қайталап оқып отырып, индивидтің тууы, өмір сүруі, көлеңкеге айналуы, жоғалуы жайында, одан да өзге бірнеше ойға құлаш сермедік.
«…Жазушы қайтыс болады, ал оның мүрдесі табылмайды. Жазушының мүрдесін табу үшін жұрт түгел атқа қонады. Бірақ ешкім таба алмайды. Анасы, әжесі, нағашысы, ағасы, әйелі. Көршілер. Басқа туыстар. Дүкеншілер. Ауыл әкімі. Достары. Жүздеген адам іздеуге жиналады. Мүрде жоқ», деп басталатын шығармада бәрі айтылады.
«Жазушы қашан жоғалды?» деген сауалға анасы «емшектен шыққанда»десе, молда «мешіттің дәретханасы алдында» деп жауап береді. Ауыл әкімі болса «Сайлауда дауыс беру қағазын алғаннан кейін барып жоғалды», деп қосады…
Осы сияқты көптеген сауал қойылады. Барлық сауал, барлық жауап ойландырады.
Былайша, жұртшылық жазушы жайлы барлығын білетін сияқты, бірақ сұрай келсең ешкім ештеңе жарытып айта алмайды. Үстінде не бар еді, не ішуші еді, не айтушы еді, соңғы рет кім қайдан көрді?
Ешкім ештеңе білмейді…
Мұхтар Шаханов Серік Ақсұңқарұлы інісінің:
«Ертеңгі күн елес әлі.
Бұлдырап тұр шашып от.
Қазақ деген – Кенесары.
Денесі – бар. Басы – жоқ…» деген өлеңін қатты мойындайтынын ылғи айтып жүреді. Аталған өлеңді жазушы Төлен Әбдік те бір басқосуда айрықша атап, кеңірек тоқталғаны бар.
Бағанадан бергі бас туралы әңгімеміз демек, жай бас жайында болмай тұр ғой.
Бізде шынымен бас бар ма осы? Болды ма?
Болса қайда?
Абайды бас ақынымыз дейміз? Ал, сол Абай қайда қазір?
Біреу Абайды бар деді, біреу жоқ деді.
Біреу нашақор деді, біреуі ескіні көксеген, көп әйел алған шонжар деді, орысшыл, қазақты сынағаннан басқа түгі де жоқ болатын деп өзеуреді.
Француз жазушысы Эмманюэль Каррердің «Мұрт» деген романы бар.
Бас кейіпкер бір күні мұртын қырып тастайды. Бірақ оны ешкім байқамайды. Тіпті әйелі де. Ең қызығы әлгі бас кейіпкер менің мұртымды қырып тастағанымды неге аңғармайсыңдар деп ренжісе, жұрт оған сенде мұрт болып па еді деп күйдіреді. Ары қарай ауыр күйзелістер, кикілжіңдер, ақыры мұртын қырып тұрған бас кейіпкер қылпып тұрған ұстараның жүзін кеңірдегіне кезейді…
Біз жалпы Абай жайлы бір кіседей білеміз деп ойлаймыз, шындап сұраса ештеңе де жарытып айта алмайтын болып шығамыз. Неге?
Біз жеке-жеке Абайды тануымыз, білуіміз, тәпсірлеуіміз, тереңіне бойлай алуымыз мүмкін, бірақ ұлт ретінде Абайды әлі білмейміз. Оны мойындауымыз керек.
Абай қайда қазір?
Басымыз қайда, аяғымыз қайда, Абайымыз қайда?
Меніңше Абай Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде емес.
Абай біздің жалақорлығымызда, жікшілдігімізде, жалқаулығымызда, лап бергіштігімізде, тез оңатын әсіре қызылдығымызда, қаңсыққа қаражатын аямай шаша салғыш надандығымызда…
Шын мәнінде Абай біздің иманымызда, сертімізде, намысымызда, ақылымызда, арымызда, ғылымымыз бен білімімізде болуға керек еді.
Әлгілердің Абай өмірде болмаған адам, өлеңдері өзінікі емес, алаштықтардың ойлап-тапқан жобасы деуінің ар жағында сенде мұрт болмаған, осының басы болып па еді, Абай болса кім оны қай жерден көріпті, болса көрер едік қой, не тантып тұрсың деп, сау адамды ақылынан алжастыру тәсілі екенін сезетін уақыт еді.
Бірақ біз жарқ-жұрқ еткен басқа қызықтардың қалқасында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» деп күңіренуден әрі аса алмайтындығымызға налимыз.
Сол енді.
Асқа, тойға баратұғын уақыт жақындап қалды, Абайды тағы бір мәрте тануға талпынып көруіміз керек қой, не дегенмен де…
Жалпы, басымыз қайда деп басталған әңгіме болса, оған ойлана келе тапқан кішкентай жауабымыз – әр адамның басы өз ішіндегі рухани жауапкершілігі, ал Абай – сол жауапкершіліктің, иман мен білімнің, ақыл мен парасаттың өлшемі емес пе?
Мирас АСАН

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *