Абай тек қазақ поэзиясының алыбы ғана емес, ұлттық таным мен руханияттың алтын арқауы. Оның бейнесін көркем шығармада сомдау күрделі, ал сахнада тірілту жауапты әрі асқан шеберлікті талап ететін миссия. Бұл тұрғыдан алғанда, 1940 жылдың 20 қазанында Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболевтің «Абай» трагедиясының сахнаға шығуы қазақ театр өнеріндегі бетбұрыс сәт болды. Осы тарихи қойылым арқылы сахнада тұңғыш рет Абай бейнесі қалыптасып, көрерменнің көз алдына рухы биік кемеңгер ретінде келді.

Қойылымды сахналаған қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов. Ал Абай рөлін сомдаған сахна өнерінің сардары Қалибек Қуанышбаев. Бұл тек режиссер мен актердің ғана тандемі емес, қазақ сахнасының көркемдік биігін әйгілеген шығармашылық серіктестік болған еді. Қуанышбаевтың Абайы трагедиялық поэтиканың сахнадағы дара үлгісі болып қала бермек. Ал Тоқпанов үшін бұл туынды режиссерлік тұжырым мен тарихи жауапкершіліктің үлкен сын-сағаты болды.

Репетиция қыза түскен. Айдар мен Ажардың байлану сахнасынан бастап, Абайдың үнсіз ойға шомып отырған сәтіне дейін тыныштық орнаған. Оразбайдың: «Аруақ бары рас болса, қанат-құйрығыңды отармын сенің!» – деген жеріне дейін ешкім үн қатпайды. Ал Абайдың: «Сен не дейсің?» деген сұрағы естілгенде, бірінші қатарда отырған автор орнынан атып тұрып, сахнаға қарай жүгіріп кетеді. «Ей, Қалибек! «Сен не дейсің?» дегенді айта алмайсың ғой! – деп жар салды. «Тілің күрмеледі. Осы күнге дейін бір ауыз сөзін дұрыстап айта алған жоқсың. Сенен Абай қалай шығады?. Осы бір-ақ ауыз «сен не дейсің?» деген жолда бүкіл Абайдың бейнесі тұр. Мұнда күйініш те, түңілу де, тебіреніс те, таңданыс та, ішкі дауыл да бар. Ал сенің аузыңнан шыққан «не дейсің» – жай ғана кібіртіктеген, бір жұпыны жанның сөзі сияқты. Жалаң, жаны жоқ. Пәлі! Сендердей актері бар, мынадай (мені нұсқап) режиссері бар, мен шын бақытсыз автормын. «Абай» – бұл трагедия емес, симфония. Ал симфонияны балалайкамен ойнаса, не болмақ? Сендер  балалайкашылар! – деп, Қалибекті де, мені де, бүкіл шығармашылық ұжымды да сынның астына алды да, түңіліп, Семейге кетіп қалды…  — деп еске алады режиссер Асқар Тоқпанов.

Бұл режиссер мен актерге қойылған көркемдік талаптың шыңы еді.

Абай бейнесін жасауда портреттік гримнің рөлі шешуші болған тұс та осы. Режиссер Тоқпанов пен гримші Сергей Гуськов жасаған Абай образы – тек сыртқы келбет емес, ішкі болмыстың бетпердесі іспетті еді. Қуанышбаев Абайдың бейнесіне физикалық та, рухани та сіңе білді. Театр ұжымы үшін бұл бейне – сахнадағы «тірі Абай» болды. Қалибектің кейіпкер рөліне енуі арқылы көрермен тек Абайды емес, оны сомдаған актердің де жанкешті еңбегін тануға мүмкіндік алды.

Ал 1962 жылы Әзірбайжан Мәмбетов «Абайға» жаңа режиссерлік шешіммен қайта оралды. Бұл жолы Абай рөлінде Ыдырыс Ноғайбаев пен Мүлік Сүртібаев сахнаға шықты. Егер Қуанышбаевтың Абайы – парасат пен ұстамдылықтың бейнесі болса, Ноғайбаевтың Абайы – күрескер, жалынды тұлға. Ноғайбаев сомдаған Абайдың қоғамдық күрескер ретіндегі кескіні жаңа қырынан көрінді.

Кейін Алматыдағы Әуезов театрының да, өзге театрлардың да бірнеше толқын аристері Абай образын сомдады. Солардың арасында театр және кино актері, көпшілікке Абай образымен таныс актердің бірі Болат Әбділманов.

«Мен сахнадағы Абай рөлімен отыз жасымда жолықтым. Алғашында Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істеп жүргенімде Райымбек Сейтметов ағамыз «Қалың елім, қазағым» деген спектакль қойды, сонда маған аға Абайдың рөлін берді. Одан кейін 41 жасымда Әуезов еатрында Әзірбайжан Мамбетов ағамыз «Абай» трагедиясын сахналағанда маған Абайдың рөлін берді. Одан бөлек Астана театрында, Президенттің мәдениет орталығында және басқа да іс-шараларда Абайдың рөлін сомдап жүрдім», — дейді актер бір сұхбатында.

Кейін өзіне дейінгі классикалық дәстүрді жаңғыртқан, бірақ бұрынғы сүрлеуге соқпай, жаңа із салған актер – Нұркен Өтеуілов болды. Қазіргі сахнада Абайды тек портреттік бейне немесе тарихи кейіпкер ретінде емес, тірі жан иесі – адам, тұлға, пенде ретінде таныту тенденциясы белең алып отыр. Бұл тұрғыда Өтеуілов сомдаған Абай – өз жүрегінің дауысын тыңдаған, жан әлемінде күреске түскен күрделі бейне. Ол тек Мұхтар Әуезовтің трагедиясындағы Абаймен шектелмей, «Жан» моноспектаклі арқылы хакімнің қарасөздерінен түзілген ішкі рухани кеңістігін де сахнада жаңаша әңгімеледі. Бұл сахна тіліндегі заманауи Абай бейнесі болды. Мұнда актер көрерменмен парасат иесі ретінде емес, адами күйзелісі мен ішкі толқынысқа толы күрделі сана иесі ретінде диалог құрды.

Түсінген адамған Абай рөлі  сахналық «кезекші рөл» емес. Ол – үлкен сын. Бұл бейнені сомдау актерден тек шеберлікті емес, терең рухани дайындықты, Абайдың ішкі әлемін түсіну қабілетін, әрі ең бастысы – өз жаныңмен сезіне білу дарындылығын талап етеді. Абай рөлі сахнада тұлға тереңдігін, халықтық танымды, ұлттық рухты таразыға салатын шығармашылық сынақ. Ал бұл сынақтан сүрінбей өту үшін актер сахнада кемеңгерлікке көтеріле алуы шарт.

Бүгінде Абай бейнесі қазақ сахнасының рухани феноменіне айналды. Театр тарихында Абайды сомдаған актерлердің галереясы – бір ұлттың мәдени жадына айналған тұлғалар шеруі. Бұл бейнені сахнаға қайта-қайта оралып отыруы – қоғамның Абаймен мәңгілік сұхбатының белгісі. Демек, Абайды ойнау – сахналық миссия ғана емес, рухани жауапкершілік. Кімде-кім бұл бейнені иеленсе сол сахнада абай болуға, абайлап сөйлеуге, Абай болып өмір сүруге тиіс.

Ұлы Абайдың сахнадағы жолы актер өнерінің ғана емес, тұтас ұлттық өнердің биік мектебі. Бұл мектептің шәкірттері ұлы бейнені сомдау арқылы өз заманына Абайша сөз айтуға, ой айтуға, ойлы болуға ұмтылады. Бұл  Абай мұрасының сахнадағы шын мәніндегі жалғастығы.

Еl.kz

Фото: Коллаж Еl.kz

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *