«Қауырсын қалам» айдарының кезекті қонағы — Ернар Жақсыбаев. Ол Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Қызылоба аулында туған. «Жас Талап» өнер-білім орталығының жектешісі, негізін қалаушысы.

Мойындау

Мені қалай түсінеді дұрыс кім?
Кей достардың қатарынан ығыстым.
Жағдайымның жетпегенін жасырып,
Қатты болып көрінуге тырыстым.
Бұрыстығын білгеннен соң бұл істің,
Болмайтынын айтып едім құрыстың.
Бауырлар да бара жатыр алыстап,
Өз басымнан өткеннен соң ұрыстым.
Жүрегімді жұмыр тасқа қашадым,
Қыр көрсетіп болмағандай аса мұң.
Ақын едім…
ақы таппай сандалып,
Өлеңіме опасыздық жасадым.
Шерім сыймай бара жатыр алқындап,
Ақтарылып айтайын дос, ал тыңдап.
Бұрынғыдай бұрқыратып қайтайық,
Сыралатып салқындап).
Жүргендей боп көрінгенмен күтімде,
Бағынбай жүр өзегім бір үкімге.
Оңашада отты отпен басамын,
Тәуелді боп түтінге.
Мен кім едім болмайтындай менде мін?
Неменеге қысыламын, кембе едім?
Қателеспей жүрем деуім қателік,
Періште емес, пендемін.
***
Біздің уақыт
Өткен күнді елестетсем тізіп құрап,
Достарымның бәрі жақсы, бұзық бірақ.
Қазіргідей шалқып өмір сүрмесекте,
Сол кездер қызықтырақ.
Той сыртында жүретінбіз қарап бәрін,
Үлкендердің екі еткізбей талаптарын.
Ол кезде де флеш-мобтар болды, бірақ,
Артында палатканың.
Кездер шығар оқуды да аяқтайтын,
Күнде думан, әр таңымыз жәй атпайтын.
Байланыс қызметіміз қызық еді,
Ысқырып маяктайтын.
Болған емес смартфон да, (трубка да),
Кірген жоқпыз ватсап деген группаға.
Кешке таман бас қосатын басты мекен,
Парк пен клуб қана.
Қызды ауылдың бұзып түнгі ережесін,
Басталатын иттерімен ерегесің.
Лүпілдеген жүрегіңді басып тұрып,
Түртесің терезесін.
Әр заманның тентегі бар есіретін,
Көз көгеріп, кейде шеке тесілетін.
Бірақ бізде бүкіл елді дүрліктірмей,
Сол жерде шешілетін.
Бір-бірін кешіретін.
***
Иттер –ай
Бір күшік балаққа жабысты,
Басында түсінбей үркідім.
Бұл күнде иттермен алыстым,
Көрген соң түр-түрін.
Бір ит бар, ойнақтап кеп тұрып,
Артыңнан иттігін істейтін.
Сен берген асыңды жеп тұрып,
Өзіңді тістейтін.
Бір ит бар, келгеннен иіскеп,
Айналып қасыңда жүретін.
Кеткен соң, кетуі тиіс деп,
Артыңнан үретін.
Бір ит бар, үйіне тез еніп,
Басқаны шулатып ұлиды.
Арандап, мылтыққа кезеніп,
Арландар құриды.
Бір ит бар, арсылдап шығатын,
Әлсізді көргенде құтыра.
Қасқырға кезіксе тығатын,
Құйрығын бұтына.
Бір ит бар тойымсыз, ашынған,
Барыңды байыптап сақтағын.
Бір сәтін күтіп жүр ашылған,
Қазанның қақпағын.
Ит деген адамның досы ғой,
Кей кезде болады пайдасы.
Сәйкестік дегенің осы ғой,
Секілді айнасы.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *