Аралдың тартылуы экологиялық жағдайды күрт нашарлатып жібергені баршаға аян. Адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апат салдарынан жерді тұз басып, шөлейтті жер аумағының көлемі көбейіп, адамзат денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің көбейіп-өсуіне кері әсерін тигізуде, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Теңіз табанынан ұшқан құмды дауыл тонналаған уытты тұз бен шаң-тозаңды ауаға таратып, барлық тіршілікке кері әсерін тигізді. Бір ғана мысал, аймақтан ұшқан құмды дауылдың ұзындығы 400, көлденеңнен 40 шақырымды алады екен. Ал радиусі 300 шақырым. Тартылған теңіздің мәселесі жалғыз Қазақстан емес, бүкіл әлемге қауіп төндіруде. Өйткені, осының салдарынан жыл сайын 75 млн тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның өзі Еуропа мен Антарктидадан табылған.

Экологиялық ахуалға алаңдаған Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған табанына 1,1 млн гектар орман екпелерін отырғызу жайлы тапсырма бергені белгілі. Аталған жоба 2021-2025 жылдары орындалуы керек. Осы орайда 2021 жылдан бастап өткен жылдың соңына дейін жалпы көлемі 672 мың гектардан астам жерге орман мелиорациялық жұмыстары жүрді. Оның ішінде 142 757 гектар жерге көшет отырғызылып, 333 131 гектар жерге тұқым себілген. Сондай-ақ 196 147 гектар жерге сексеуілдің табиғи өсуі бойынша жұмыстар атқарылған.

«Аралдың деңгейі 1968-1990 жылдар аралығында негізгі жағалаудан 100-150 шақырымға дейін қайтып, бұрынғы су жатқан ұлтан жалаңаштанып, тұзды шаң мен құм пайда болды. Ондағы тұз, құм көшкіндерін тоқтату, экологиялық ахуалды жақсартуда бүгінге дейін біраз жұмыс атқарылды. Жалпы құрғаған теңіз ұлтаны қараусыз қалмайды. Президент тапсырмасымен қыруар жұмыстар жүріп жатыр. Мысалы, 2021 жылы аумағы 101 мың гектер жерге орман мелиорациялық екпе жұмыстары жүрді. Ал дәл осындай сексеуіл көшетін отырғызу, галофитті өсімдіктер тұқымын себу жұмыстары 2022 жылы 250 мың, ал 2023 жылы 193 мың гектар жерді қамтыды. Былтыр бұл жұмыстар 127 737 гектарға дейін жалғасты», дейді Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Марат Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша, биыл 428 мың гектарға жуық жерге мелиорациялық жұмыстар жүреді. Яғни теңіздің кепкен табанына шөлге төзімді өсімдіктердің көшеті отырғызылып, тұқымы себілетін болады.

Иә, сексеуілді көптеп отырғызғанмен, оның түбіне балта шауып, жеке бас пайдасына жаратып жүргендер жайлы айтпасқа болмас. Оның үстіне көмiр жетiспеушiлiгi мен қымбаттауы ауылдағы ағайынға ауыр тиді. Сексеуiлдi отын ретiнде қолдана бастадық. Қазір оны ауыл іргесінен емге таппайсыз, 100-150 шақырым ұзап барып, кездестіруіңіз мүмкін.

Мұнан бөлек, үлкен қалаларда кәуап пісіру орындары көптеп ашылып, сексеуiлге деген сұраныс барынша артқан. Міне, пайдаға құныққандар темір троспен сексеуілді түп-тамырымен қоса жұлып алатын болды. Бұл біздегі орман қорының өздігінен көбеюіне көп кедергі келтіретіні белгілі.

Фото: Арал ауданы әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *