Бүгінде бұл ұғым өзінің бастапқы тарихи мағынасынан алшақтап кеткелі қашан. Кезінде ру халықтың бірлігін сақтаған, мемлекеттік құрылымның, мәдениеттің және әлеуметтік тәртіптің негізі болған еді. Ал қазіргі кезде «рулық деңгей» мүлде басқа мағынада көрініс табуда. Ол енді тарихи-мәдени жүйе емес, кейде керісінше, қоғамның тұтастығына қауіп төндіретін фактор ретінде байқалады:
1. Руға бөліну – өзара бәсекелестік пен түсініспеушілікке, тіпті кейде рулар арасындағы қақтығыстарға себеп болуда;
2. Рулық жүйенің мәнін дұрыс түсінбегендіктен, бұл бөлініс қазақ жерінің тұтастығына және ұлттық бірлікке қауіп төндіруі ықтимал;
3. Ру аясында ғана ойлау – жалпыұлттық мүддеден гөрі, тар қауымдық немесе жеке мүддені жоғары қоюға алып келеді;
4.Қазіргі таңда ру – адамның болмысын, қабілетін емес, жай ғана тегін анықтайтын формалды белгіге айналып барады. Бұл жағдайда адам қай рудан екені емес, қандай азамат екені маңызды болуы керек;
5. Мұндай ойлау жүйесі жас буынның дүниетанымына да әсер етіп, оларды заманауи ұлттық сана мен жаһандық бәсекеге қабілетті көзқарастан алыстатуы мүмкін;

6. Шын мәнінде, ру – өткеннің тәжірибесі, тарихи жадының бір қабаты. Ал бүгінгі күннің міндеті – ұлттық тұтастықты, қоғамдық келісімді және ортақ азаматтық сананы нығайту.

Рулық жүйе – қазақтың әлеуметтік құрылымының терең тамырлы бөлігі. Бірақ кез келген құрылым өз уақытында, өз жағдайында ғана пайдалы. Ал тарихи шындық көрсеткендей, рулық бөлінушілік сыртқы күштер үшін – қазақ халқын әлсіретіп, басқаруға таптырмас құрал болған.

Мысалы, XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ хандығы біртұтас күш бола алмаған тұстары көп болды. Жоңғарға қарсы күресте рулар жеке-жеке қимылдап, кейде бір-біріне сенімсіздік танытып, біріккен соғыс жүргізуге кедергі келтірді. Бұл жаудың қолын күшейтіп, қазақ даласының түпкілікті қауіпке ұшырауына себеп болды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясының бір себебі – елдің толық бірікпеуінде еді.

Сол сияқты XIX ғасырдағы Патшалық Ресейдің отарлау саясаты да дәл осы рулық жіктелуді тиімді пайдаланды. Орыс әкімшілігі кейбір руларды қолдап, енді бірін елемей, араларына алауыздық тудырып отырды. Әр рудың биін, старшындарын бөлек-бөлек бағынышты етіп, тұтас халық емес, «жеке рулар жиынтығы» ретінде басқаруға тырысты. Бұл саясат ақыры қазақ жерінің жаппай отарлануына алып келді. Ұлт бірлігі әлсіреген жерде – елге ие болатын күш те әлсірейді.
Бүгінде біз сол тарихи сабақтан қорытынды шығаруымыз керек. Ру – тарих. Ал бүгіні мен ертеңі – ұлт бірлігі мен тұтастығында. Өткенімізді ұмытпаймыз, бірақ соған байланып қалмай, алға қарай бірге жүру – елдіктің кепілі.

Ру – өткендегідей қоғамды біріктіретін құрылым бола ала ма, әлде бөлінушілікке жол ашатын ескі қабықта қалып қоя ма – бұл біздің өзімізге байланысты. Ең дұрыс жол – тарихи жадымызды сақтай отырып, заманауи ұлттық тұтастықты басты орынға шығару.

Қажымұрат Төлегенұлы
Жазба автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *