«Қауырсын қалам» айдарының қонағы — Жандос Жүсіпбеков. Ол 1988 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданы Тәуіш ауылында өмірге келген. Бүгінгі таңда «Қостанай таңы» облыстық газетінде сайт редакторы болып қызмет етеді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты.

1. ҚАЗАҚТЫ СҰРА…

«Таязсың, — дейсің, — тарихың бертін басталған»…
Ей!..
Медиендегі меңіреу балбал тастардан,
Ғасырлар көшін жадына тұтқан аспаннан,
Құмыққан құмнан қан мен тер сіңіп, жас тамған,
Жанайқайларды жарғағы жұтқан асқардан
Қазақты сұра – кім екен?!

Керуен де керуен дәуірлер үнін меңгерген,
Сайының тыртық-сүйелін сүйіп… сенделген,
Қорымға барсаң, зар еңірейтін желдерден,
Жазира барсаң, әуені үдейтін желдерден
Қазақты сұра – кім екен?!

Жолдардан мынау ұйыққа жеткен бұлтаңнан,
Түндерден анау бұзылып келген шырқы алуан,
Домбыра-кие шегінен, тұнған ілкі арман,
Қобыз-әулие тілінен, қою мұң тамған,
Қазақты сұра – кім екен?!

Есесі кетсе, көкірегінде кек сайрап,
Жауды ықтырғаны, шамданып тұрып шексе айбат,
Орда тіккені, оғыланынан бек сайлап,
баяндалатын тауарихымнан жетсе айғақ,
Қазақты сұра – кім екен?!

Көк аспан астын билеген,
Қара жер үстін төстеген
Сақ пенен ғұннан, түркіден өрген бұл қазақ!
Мың рет құлап, мың түрегелген бұл қазақ!
Селдірей барып, дүркіреп өнген бұл қазақ!
Жаңа ғасырға сілкіне келген бұл қазақ!

Манжақы сөз бен мылжыңың менің тынышымды ап,
«Мұндай ел мүлде болмаған» дейсің былшылдап.
…Уақыт кенет тоқтаусыз кері айналса,
Боғыңа батып жоғалар ма едің
шым-шымдап!

Таразы тартып төбемде Тәңір Құдай тұр…
Тамырым көрмей тантымас болар бұлай құр,
Танып ал әуел кім екенімді, көксоққан!
Танымайсың ба?
Танытам саған!
…шыдай тұр!

2. СЕКУНД

Бір секунд –
Ғұмырың ілгері сәл басты,
Таусылды немесе жалғасты.
Бұл секунд – біреуге ең соңғы,
Біреуге алғашқы.

Бір секунд –
Әлдекім оқыстан аспандап,
Әлдекім шыңырау тасталмақ,
Біреудің алдынан тап болып,
Біреудің басынан қашқан бақ.

Шықылдап,
Бағуға төздірмес әр запы үн
байқатпай жасайтын бар зақым.
Уыстан сусыған секундтан
Алдағы ғасырлар жап-жақын.

Секундтар…
Түбі – мұң, беті – үміт…
Ғұмырым мүжіліп, кетіліп,
Уақыт ұстатпай барады,
Секундтан-секундқа секіріп.

Ілбіген сайын мен ілгері
сезерім…
есімді білгелі –
бір секунд – жазмыштың жендеті
Атуға оқталып тұр мені.

3. АЯҚСЫЗ ЕРТЕГІ

Түн жеткенде нұр біткенді сойғылап,
Кірпіктері айқасқанда тастай тым,
Әжем мені әдеткідей қойнына ап,
Ғажайып бір ертегісін бастайтын.

Ертегісі қызық толы,
сүйікті-ақ,
Аңқытатын әлемінің әтірін.
Ылғи бірақ қалатынмын ұйықтап,
Ести алмай ертегінің ақырын.

Көк жүзінен көрінгенде Ай-табақ,
Ақ әжемнің құшағына енем мен.
Ертегіні айтқызамын қайталап,
Қайта ұйықтап қала берем дегенмен.

Соңы жұмбақ ертегінің, сол қайғы,
Таң шыққанда сұрап алсам не етер ед?
Бірақ күндіз ол қызықты болмайды,
Әкетпейді басқа әлемге жетелеп.

Бір күні мен көз ілмеуге бекіндім,
Мәз болсын деп батылсынған сиқыма.
Келмей қалды не жылағым, не күлгім:
Әжем кенет шомып кетті ұйқыға.

Жұмды көзін,
Кетті ұйқыға мәңгілік,
Тамып түсті жүрегімнің мөлтегі.
Ертегімді аяқтаусыз қалдырып
кеткендігі өзегімді өртеді.

Әжемді кім оятады баяғы,
Ертегімді кім кеп енді топшылар?
Ертегімнің қайда қалды аяғы?
Мүмкін, жоқ шығар…

4. МЕНІҢ ТРАГЕДИЯМ

Аңсатқанда айна көл,
қасқа белім,
Ерік бергім келеді жасқа менің…
…Бүкірейген әжеме
кетерімде
еңкейе кеп маңдайды тосқан едім.

Пәк балалық басылды желік бір күн
(қайран тағдыр, сен маған нені ұқтырдың?)
Құлын-жүрек бүлкілдеп,
сонау жақтан
бүкірейген бейітке келіп тұрмын.

Бүкір бейіт.
Мен тұрмын қимай қарап.
Жұбатты ма – жел сорлы сүйді аймалап.
Айғыз-айғыз ниетті мына жалған
әлі қанша бағымды шимайламақ?

Балдәуренім, дариға-ай, өтті асыға,
Бақ дегеннің баяны жоқ та, сірә.
…Сүйетінін әжемнің сағынғам ғой –
Сүйеп тұрмын маңдайды көктасына.

5. АМАЛЗАЯ

Намысы бар – сөзде ғана,
Тілегі бар – көп күмәні.
Кеудесі бар – «көзден» ада,
Зердесі бар – жоқ «құлағы».

Ұстаным бар – сасық менмен,
Жең ұшымен – талан біткен.
Нәжіс кешіп нәсіп терген,
Ауа жұтқан арамдықпен.

Дарыны жоқ – жүлдеқұмар,
Тілі – орақ, ісі – дөкір.
Ұяты жоқ – құрметі бар,
Жүзі – жылтыр, іші – қотыр.

Адалсымақ:
Жүрегінде
сенімі жоқ мінәжат бар.
…Бақ боп оған мына өмірде
көрінеді, ә, бұл азаптар?!

6. ЖАЗҒЫМ КЕЛІП ОТЫР

Сыздауыт бөлме.
Сөнді шам.
Жанды өлең «пеші»:
жылынды жүрек,
музаның мәңгі ол еркесі.
Далада жел жүр. Теңеу бар әуресінде әсем.
Еденге айдың төсеген сәулесін бәсең
өшірмек болып тырнайды тал көлеңкесі.

Сыңсып тұр қазан.
Ұқсайды әлдилі әнге де…
Жапырақтар ма – іргеде қалғиды әлдене.
Мұңлықтың өңкей уанған әнменен төсі –
Әйбат-ақ бәрі.
Тек анау тал көлеңкесі…
Сәулемде несі бар екен?
(Тарбиған неме!..)

Байқасаң түнді,
күз бен жел,
сынық нұрлы Айды –
Бәрі де жалғыз.
Айналам тұнып тұр қайғы.
Мен-дағы сенсіз батырдым нау кешімді әсем…
Жүрекке түскен үміттің сәулесін бәсең
Өшірмек болып түнде кіл күдік тырнайды.

…ұмытпау жайлы жырлауды ол ұмыттырмайды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *