Әлемдік Өркениет көшінде Ғылым мен Мәдениет қашанда қадірлі хәм қастерлі. Осы Көштің алдыңғы сапындағы Қазақ деген атына кір келтірмей төрткүл дүниеге Алаш елін танытып жүрген, табыстырып жүрген жігіттер көп емес. Бүгінгі толғау сол Дарынды  Тұлғаның бірі де бірегейі Алан Бөрібаев болмақ…

Алан Алматыда туған. К. Байсеитова атындағы музыкалық мектепте оқыған. Әке-шешесі музыканттар… Әжесі Ғазиза Жұбанова да арғы атасы Ахмет Жұбанов. Ахаң  — Ұлы Тұлға. Кезінде  Қызғаныш пен Күншілдіктің, Сальерииз мен Карьеризмнің кесепатынан зардап шеккен құсалықтан құсығына тұншығып өмірден ертерек өткен тұлға еді. Ол Ұлттық Опера және Балет театрының, Құрманғазы атындағы Халық аспаптар оркестрі мен Консерваторияның іргетасын қалаған қазақтың бір туары. А. Жұбанов 20 ғасырдағы Қазақтың Моцарты болса, Сальерилер коммунист атын жамылған ши бөрілер еді.

Аланды әлемдегі музыканттар біледі, бас ұрады, қадірлейді, қастерлейді.

Дүние жүзінде алпауыт мемлекеттер аз емес. Алайда есім сойы алты құрылыққа мәшһұр кішкентай елдер бар. Соның бірі — Австрия. Ия, ия… Моцарттың Отаны.. Бүкіл ел сол Моцартпен мақтанады, марқаяды. Венадағы әр көше, әр квартал, әр ғимарат ән салып, опера айтып тұрғандай болады. Мұнда тек Моцарттың елесі емес Бетховен, Вивальди, Вагнер, Шуберт, Штраус, Брамстың басқан ізі сайрап жатыр. Вена — музыка әлемінің Меккесі… Біздің Алан осы Венада  оқыды.

Бір қызығы Ахмет Жұбанов бала кезінен музыкаға әуес боп өсті. Ақтөбе мен Орал, Атырау мен Маңғыстау, Құрманғазы мен Даулеткерейдің, Дина мен Сейтектің домбырасын дабыра ғып, күйлеріне күйіп жанған өлке деуге болады. Ахаң міне осы өңірден. Бала кезден домбыра тартып балалайка шерткен скрипканың құлағында ойнаған Ахмет оқуға түскен соң Неваның жағалауында кешегі Петербордың бар асылын бойына сіңіріп, музыка әлеміне қандай шомылса немересі Венеда дәл сондай күй кешкен.

Сүлтанмахмұд Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» дегендей Ахмет Жұбанов әлемдік композиторлардан  нәр алса, олардың шығармаларын қазаққа танытса, көргенін еліне жеткізсе деген…

Ал Жұбановтың ұрпағы Европаға қазақты паш етіп Абайды аспанға шығарып жүр.

Абай операсының алғашқы сахнасы. Айдар мен Ажардың махаббат үшін отқа күйіп, соқыр тобырдың екі ғашықты қолға түсірген көрінісі…

Оркестр бір қобалжып бір толқиды. Ару Ажардың аппақ жүзіндей… Дірілдейді… дүрсілдейді…

Ғашық жанның жан жүрегі, жүрегінің  лүпілі, шерменденің бар құпия жан сырын жасыра алмай білдірткен жан азабындай толқыған саз… Ия, саз тек наз бар жерде ғұмыр кешеді екен-ау. Ия, солай…

Саз   тек махаббаттан бастау алады.

Мына құйқылжыған скрипка мен труба, вольторно мен Влиончель осылай дейді…

Мың сан әуен… түрлі түсті әуез… Апырма-ай… музыкада түс жоқ еді …Бұл сонда не ??? Жо-жоқ… Музыкада бәрі бар… Суретшінің мольбертіндегі неше түрлі сан алуан түстей музыкада дәл солай… Мың миллион құбылыс… Бұл музыка Айдар мен Ажардың ғана трагедиясы емес бұл әлемдегі бар ғашықтың дертіндей… Ия… миыңа, өн бойына, денеңе, басыңнан бақайшағына дейін жаймен ғана ауған бұлттай ерінбей еніп бара жатқан электр тоғындай… Болмаса көктемеде көкек келіп, бұлбұл құстар сайрағанда ақ бұлттар мамыражай  маңып бара жатқандай… Бұл әуен осылай… Тайыр ақын айтпақшы…

«Мың мың қолдар

 Миллион милар

Милар миллион қимылда

Миллион толқын,

Толқын миллион

Толқындата қимылда…»

Мына әуен осы өлеңге  болмаса осы өлең  мына әуенге қосылғандай өрілген  қамшыдай бір тұтас… Өн бойыңа бұл саздан Сәуле тарайды… Себебі оркестрдегі 90 музыканттың бұл тактыда осы сәтте саған айтқан жүрегінің сәлемі жатыр. Әр аспапта әр шебердің саусағының ұшында саған деген ыстық ықылас болмаса ессіз ғашықтың ерсі қылығындай еркелік бар. Түсіне білген адамға Алланың сыйы осы болар бәлкім…

Бұл Аланның өмірі, өнері, бар болмысы… Дирижер симфония мен операның әкесі… Композитор — қағазға түсірген нотаны тірілтетін тұлға… Оған жан беретін де қан беретін де осы адам. Кинорежиссердің фильм түсіргеніндей, суретшінің сурет салғанындай, ақынның өлең, композитордың саз шығарғанындай. Дирижердің таяғының ұшына Адамдық пен Адалдық, Махаббат пен Мейірім, Дархандық пен Даралық ұя салады…

Алан сондай дирижер. Алғашқы ұстазы Төлепберген Абдрашев үйреткендей, оның бойында домбыраның үні, сырнайдың сазы, сыбызғының  сарыны, қобыздың зары бар. Алан — Құрманғазы, Даулеткерей, Сейтек пен Динаның Ахмет пен Нұрғисаның аманатын арқалап жүрген жігіттің бірі. Алан 20 жасында Загребтағы конкурста лауреат болды… Іле шала Копенгаген мен Тронто( Италия) қаласындағы конкурстан соң жас дирижерді Чайковскийдің «Пиковая дама- Қарғаның мәткесі» операсына дирижерлыққа шақырды.

Атақты әуен.

«Желсіз түнде жарық ай…»

 Бұл өлеңнің  авторы Иоганн Гете. Франкфуртта туып өскен дүлдүл ақын… Философ…

Абай  да сондай философ… Ал операға оны қосқан Ахмет Жұбанов.

Бір сәт көңіл бөлсеңіз…

«Желсіз түнде жарық Ай… Сәулесі суда дірілдеп…»

Бір қарағанда бізге таныс ауылдың суреті оған гәп жоқ, алайда бұл жас сұлудың жо-жоқ хас сұлудың ғашық болар  кезеңіндей… Жел — ғашықтың келер сәті, сәулесі суға дірілдеген Ай ғана емес, бұл Арудың  көзіндегі діріл қаққан нұры емес пе?

Біздің Алан бұл құпияның кілтін Майнингенге ( Германия) келгелі білді. Жас дирижерды Гете мен Бетховеннің еліне театрға шақырған. Көркемдік жетекші орынтағына 25-ке толар толмас жас жігіт үшін бұл үлкен мақтаныш зор жауаркершілік болатын. Алан мұнда Моцарт пен Бетховенді, Шуберт пен Штраустың, Малердің симфонияларымен  сахнаға шығарды.  Жұбановтың немересі бұл театрда оннан астам спектакльге дирижер болды… Вагнердің «Летучий голландец», Штраустың «Соломеяі», «Вейбердің» Еркін мерген»- Вольный стрелок», Моцарттың «Фигароның үйленуі», Гоффманның «Ертегілері», Вердидің «Трубадур» т. б операларды сахнаға шығарды.

Кейде Уақыт деген құдіреттің, Тағдыр атты Тәңірдің таңғажайып ісіне таң қаласың… Гетені қазаққа танытқан Абай болса оны сахнаға шығарған Ахмет… Ал Жұбановты әлемге паш еткен Алан енді Оңтүстік Тюренгтің сахнасына Абайды  алғаш  қойды…

2012 жыл Қазақ музыка тарихында бұл қойылым әлі талай айтылуы керек. Ал Астанадағы Опера және Балет театрына Абайдың қайта оралуы үлкен қуаныш еді… Оның режиссері атақты итальяндық Джанкарло Дель Монако болды. Бұл операны Алан қайта өзгертті, қайта жазды… кезіндегі шала шарпы жазылған партитураның ырғағы, темп ритмі, мән мағынасы ноталардың қате басылуы мұқият қарамауынан болса жас дирижер осыған өте мән берді…

«Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали айтқандай ұлы Абайды Алан қайта өзгертті.

Абай- Ахмет -Алан… қазақ мәдениетіне, руханиятына осылай інжу маржан шашты. Асыл тастың жарығы қазір мыңдаған тыңдарман мен көрерменнің жанына Нұр, санасына Сәуле сеуіп, Сезім деген терезені ашқаны зор Қуаныш хәм Мақтаныш емес пе?

Баяғыда Лос Анжелесте Ресейден келген консерватория бітірген Лена деген қызбен танысқанмын. Үлкен шаһарға келгелі 4-5 жыл бопты… Жалақысы жеткілікті  өзіне дән риза… Сондағы жұмысы нота көшіру. Музыканттарға партитураны нотаға түсіріп береді… Және сол ісіне яғни Библиотекарь деген  мамандықты мақтан тұтатынына көзім жетті… Ал, Алан болса бүгінгі таңда Қазақ деген Халықтың Тарихын, Тағдырын, Тауқыметін,  Өлеңі мен Өмірін өзге жұртқа  паш етті.

Мен Нұрғиса көкеміздің қалай дирижерлық таяқшамен көрерменнің көзін шұқып  көңіл ашқан кештерінің куәсі болғам… Құдды Аспаннан аяғы салбырап түскен Әзірейл секілді… Қандай музыкант болмасын Нұрағамның сұсына шыдамай төмен қарайтын. Алан қазір дәл солай… Екі қолы ербеңдемейді. Керісінше екі қолы Екі Дүниені Көк Тәңір мен Жер бетін тербетіп тұрғандай… Саз ойнап тұрған әр аспаптың қасында тұрғандай естиді, елтиді, елең етеді, байқайды, бақылайды, бағалайды… Біресе құлаш сермеп сонау көкке көтерілсе біресе ауфтактіге ауысып қайта шегінеді… Сосын ширық атып қос қолы қайта-қайта ауаны қармайды… Бұл бос ауаны қармау емес, бұл-Самғау… Еркін даланың ерке құсының осылай қанат жаюы…

Бала кезде қорадағы бұрышқа қарлығаштың ұя салғанын талай көргем… Әкеміз оған қуанатын… ырым қылатын.. Кейде сонда Қарлығаш тұмсығымен тістелеп қара балшықтан қарайтып ұя салғанын байқамай қалатынмын… Ұясы жып жылы, әдемі үйшіктей болатын. Дирижер де дәл солай… Әр нота, әрбір партитура, ария, хор бәрі-бәрі сиқырлы таяқшада…

Алан бұған оңай жеткен жоқ… Өзі айтқандай оқып жүргенде ол жігіт боп қызға барып қыдырған болмаса Венадағы сан алуан сыраханаға бас сұқпай салт жүріп саяқ өскен өрім жігіт… Уақытының барлығын тек музыкаға құрбан еткен Ер Тұлға… Адамның адамдығы мен азаматтығы ең алдымен өзгені емес Өзін жеңуден басталады… Бұл Жеңіс кім көрінгеннің қолынан келе бермейтіні тағы рас… Қазақша айтқанде Іліде біреу… Алан сол біреу… Жалғыз аяқ соқпақпен саяқ жүрген Салт атты…

Кезінде өзі өсірген, баулыған, бірге жүрген , дәмдес болған дос жаранның бәрі дерлік сатқанда мына өмірден баз кешіп не істерін білмей басын Тауға да Тасқада ұрған. Бар дүниеден көңілі қалып шекара асып шетелге кетсем деген Ахметтің Арманын оның ұлы бүгінде іске асырған…

Алан 7-8 тілде еркін сөйлейді… Бүгінде әлемнің 30-ға жуық елінде өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Тұлға…

 … Бұл шығарма өте күрделі де жауапты… Бұл Малердің 8 симфониясы… Мың адамдық симфония деп те аталады… Ия .. ия… Абай айтқан «Мың мен жалғыз…» Тағы да бас шайқайсың, таң қаласың… Екі дүние екі әлем… Бірі Венадағы Талант  та енді бірі Қарауыл төбедегі Даланың Дарыны… Екеуі де Мың мен Жалғыз… Малер  өз заманының соңғы романтик композиторларының бірі… Ол рас…

Бірақ 8 симфония бұл Данте жазған «Божественная комедиясы» яғни Құдай комедиясымен болмаса  Микеланджелоның «Сикстіңнің Мадоннасыдай» бұл архитектурадағы Египет Пирамидасы іспетті ұлы Шығарма… Мұнда хор да оркестр де жетерлік… Бұл музыкалық эпопеяны кез келген Симфониялық оркестр ойнай алмайды… 20 ғасырдың соңы мен 21 ғасырдың басында осы шығарманы Пекин оркестрі, Олимпиада ашылуында Сидней оркестрі сосын Лондондағы симфониялық оркестр орындапты. Біздің Алан да Астанадағы Опера театрында осы симфонияны қойды. 1200 орындаушылар қатысқан шығарманың Шыңға көтерілгенінде Өнер деген Өзеннің ортасын қақ жарып бара жатқан Ұлы кеменің Капитаны біздің Алан болатын. Егер Елде дайын тұрған хор, капелла азғантай болса Алан жер жерден су түбінен маржан терген мамандай әрбір ұйымды жеке — жеке дайындады, тыңдады, тексерді. Біресе балалар хоры біресе капелла одан басқа Итальяндық музыканттар  сосын тағы 400 адамдық оркестр…  Әр музыканттың өз партитурасы өз темп ритмі, өзі ұшатын, қалқитын аспаны, бар… Міне, сол Көкті бағындырған Дара Тұлға осы біздің Батыр…

P:S Қазақта жолбарыстың күшігін Алан деп атайды. Ал, біздің Алан бүгінде музыка әлемінің нағыз Жолбарысы болған жігіт…

Талғат Теменов, кинорежиссер, Қазақстанның Халық артисі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Руханият

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *