«Қауырсын қалам» айдарының қонағы —  Нұрым Ғұмар . Ол 2003 жылдың 13- ақпанында БҚО, Сырым ауданы, Аралтөбе ауылында дүниеге келген. Ж. Досмұхаммедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің түлегі. Қазіргі таңда облыстық “Орал өңірі” қоғамдық- саяси газетінің тілшісі болып қызмет атқарады

 

 

ДӘЛ МЕНДЕЙ МҰҢ ШЕГЕДІ…

Есіңде ме, сол әсем саялы жай,
Күз келсе де біздің бақ баяғыдай…
Қозыңа күздің қоңыр бұлты туды,
Ал сен тастап кетпексің, Баяным- ай!

«Сен басқа да, мен басқа» деме күнім,
Жүрегіме жол іздеп келеді үнің.
Ұшқан әр жапыраққа жазылған ғой,
Қалай сені мен жақсы көретінім.

Сағыныш әкетеді ғарышқа айдап,
Тағдырыма тұр бірақ тоғыспай бақ.
Қол жетпес жұлдызбысың, мына тағдыр,
Сені менен қойғандай алыс байлап.

Тағдырыммен тұрсам да мен егесіп,
Түбі бір үмітімді кетеді үзіп…
Жыл құсы да шыдамай сағынышқа,
Көктем келсе қайтадан келеді ұшып…

**

Шын сезімнің осы ма, бар бағасы?
Батқан шығар жүректің жанға жасы.
Күз дегенің көркемдік, тұнып тұрған
Сенің сұлулығыңның жарнамасы.

Сен әлі жүрегіме сеппедің дем,
Сұрайын көкте күннен, кетпе мүлдем,
Күз келсе сен түсесің еске бірден.
Қорғансыз білте шамның сәулесіндей,
Жүрегім от алады от деміңнен.

Айналып менің жалғыз тілдесіме,
Дәл мендей мұң шегеді күз несіне?
Сарғайған жапырақтар түсіреді,
Мен сүйген сап-сары қызды есіме.

Есіңде ме, сол әсем саялы жай,
Көңілім саған құшақ жаяды ұдай.
Сан түрлі жолға өмірім бұрылса да,
Ол сезім өзгермеген, баяғыдай…

Қою қара көзі есте иық, белі,
Қол жетпес арман бе екен биіктегі.
Кеудем мұңнан арылмас осы күзбен,
Жоғалып кетсе өлеңнің кейіпкері.

**

Армандар орындалмай тәтті ойдағы,
Тірліктің біте қоймас от майданы.
Ақ- қара жолағы бар, Өмір деген —
Айқасқа ұқсайды ала тақтайдағы.

Ашылмай жалғанның бұл сыры түпкі,
Талайы сүрініпті, жығылыпты.
Корольды қорғағандай қорғау керек,
Кеудеңдегі мейірім, жылылықты.

Мойымай өтсем өмір ағынынан,
Тосады тағы күмән…
Тырп ете де алмайсың, ыңқ ете де,
Пешкінің жасаған бір адымынан.

Өмір — ала тақтайдай керемет, кең!
Оны ұғынған жан бар ма, елең еткен?
Өмір- ай, сен «шах» қоймай тұра тұршы,
Бәрібір айлакер жоқ сенен өткен.

Мәрмәр тастай ақ көңіл елең де елең
Үмітіммен келемін «жеңем» деген.
Шалыс адым жасау да шарт емес пе?
Кешіндер айып болса егер менен.

Қол жетсе қуаныш қой аңсағанға,
Қайырылам, қайта бір қарсы ағамда.
Секеңдеп ақ-қара да жүрмін әлі,
Орынымды таба алмай шаршы алаңда.

**

Ей, тағдыр!
Перзентіңе жалынам, у ұсынба!
Жаным менің онсыз да қыл ұшында.
Анам тығып берген бал кәмпиттері,
Тұрғандай сезіледі уысымда…

Ашылмас алдым тұман тығырықта,
Жарымай жүрмін түйір жылымыққа.
Маңдайдан бақ ұша алса, ұшқан шығар,
Маңдай талай тиді ғой жұдырыққа.

Жанымды жалт еткізген мұң арылды,
Жүректен де талай жан шығарылды.
Сөйте тұра тығылам құшағына,
Құша алар жас жетсе де бір аруды.

**

Анам-ау!
Ұлың жүр күнін бос рәсуалап,
Оны қандай тосын сый тосып алад(ы)?
Бірлі-жарлы жарасы емделсін деп,
Жанарына алады жасын орап…

Түнде туса бір жарық жаңа жұлдыз,
Сүйген қызға біз теліп алатынбыз.
Ойымнан да шығып ол, үлгеріпті,
Тар көшеде тоғысып қалатын қыз.

Оранып жүрем ыстық от кейпіме,
Қарай да қоймас оған жат сүйсіне.
Басым ауып жүр менің, еңсем еліп,
Сол өшпес балалықтың тәтті иісіне.

 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

1 Comment

  1. Керемет бастама👍

Добавить комментарий для Бақнұр Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *