«Қауырсын қалам» айдарының қонағы — Нұрбол Ибраев. Ол Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданының тумасы. Нұрбол Ерболұлы 2009 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына қабылданып, 2013 жылы тәмамдап шықты. Бүгінгі таңда Қ.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің директоры болып қызмет етеді.
«Ақын болғым келеді», «Болашақтың бастауы» атты өлең кітапшалары, «Қанаты жоқ періште» атты жыр жинағы жарық көрді.

Бүгін саған гүл сыйладым… сен алмадың ол гүлді,
Елемедің ентелеген жүрек деген құрғырды!?

Бүгін саған өкпеледім, еске түсіп өткен күн,
Неге мені кешірмедің, неге маған кектендің?

Бүгін саған жыр оқыдым, тыңдамадың сен бірақ,
Дəрменсіз боп күй кештім мен, күңіреніп, тұнжырап.

Бүгін саған сұрақ қойдым, үндемедің тағы да,
Ал мен саған келіп тұрмын дидарыңды сағына.

Бүгін саған сырымды аштым, сен бірақ тіл қатпайсың,
Білем жаным, бұл əлемнен енді бақыт таппайсың.

Бүгін саған гүлмен келдім, байқамадың гүлімді,
Тыңдамадың сөздерімді, оқымадың жырымды.

Ертең саған… тағы келем, гүлімді алып қолыма,
(Жұлған гүлді төсеніш қып тастайын ба жолыңа?)

Ерте үзілсе гүлдің бəрі — қасірет пен обал, ə?
Гүлді тағы тастап кеттім.
Өзің жатқан молаға…

* * *
ДОСҚА СЫР
(Досым Аянға арнаймын)
Аяным менің, Аяным!
Арналды саған қай əнім?
Өмірім өтіп барады,
Сүйретіп уақыт-таяғын.

Туса да басқа тылсым күн,
Дəл сендей мені білсін кім?
Исатай болып сырымды ұқ,
Махамбет болып күрсіндім.

Ақынның мұңын кім білген,
Не бақыт таптым бұл күннен?!
Ордаға айтар сөзімді,
Өзіңе айтып жүрмін мен.

Ел жайлы айтар жайт та көп,
Айтқаннан бірақ қайтпадық.
Атадан бата алдық та,
Аталы сөзді айтпадық.

Дүбірлі шақты мекендеп,
Бізден де дəурен өтер көп,
Есті жұрт сені айтса екен,
«Ақынның досы екен» деп…

Біз жайлы білер кім аңыз?
Белгісіз жанбыз сірə біз.
Жаһаннамға алып кетпесін,
Күнəміз бенен кінəміз.

Аяным менің, Аяным!
Арналды саған қай əнім?
Өмірім өтіп барады,
Сүйретіп уақыт-таяғын…

* * *
Дүние бір күн тоқтайды,
Егілген жүрек соқпайды.
Бәрін де тастап кетесің,
ес жиғанша ел жоқтайды.

Көрерсің бақыт, көп қайғы,
Бәрібір керуен тоқтайды.
Тағатың енді таусылмас,
Сағатың мүлде соқпайды.

Өмір мен өлім арасын,
Жалғаған кезбе ғанасың.
Төбедей болып жүрсең де,
Төмпешік болып қаласың.

Күндердің әні, зар-мұңы,
Қалады бәрі, барлығы.
Жаялықпенен кебіннің
арасы — адам тағдыры…

***
Өлеңші ме, жоқ әлде ақын ба едік?
Жарар еді кетпесе ақыл кеміп.
Өмір қанша өпсе де өлмей жүрміз,
Тағдыр қанша тепсе де тақым берік.

Төбе болып қалам деп төкпеледік,
Төре болар балаға кет демедік.
Аламаннан қағылсақ сыр бермей-ақ,
Жұрттың аты сүрінсе өкпеледік.

Жұрт дегенде желпініп жолдамыз қай?
Ақын кедей қоғам бұл, молдамыз бай.
Қырсық шалып кетпесе болды мені,
Орда бұзар жасымда орда бұзбай?!

Қажет болмай алтын тон, жаһұт етік,
Уақыт өтіп барады, уақыт өтіп…
Сәттерімді дәл осы қойсам ба екен,
Маңдайыма жазылған бақыт етіп!?

* * *
Жасымнан топқа түстім атқа мініп,
Жастықтың жалындаған шақтары ұлық.
Маңдайым тауға тисе, дана таппай,
Балаға сыр айтсам ба ақтарылып?

Елеріп күн кешкем жоқ елден бөлек,
Төбеде жарық күн бір, жер дөңгелек.
Көңілі айдай тұнық періштеге,
Шерімді тарқатсам ба шерменде боп?

Пейілі даладай кең дана қайда?
Данадай сөз ұғатын бала қайда?
Жүремін мұң көтеріп жүрегіммен,
Ұқсап қап тау көтерген Толағайға.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *