Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясында соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өскенін айтты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы елімізде ұстаздарға барынша жағдай жасалуы керек екенін атап өтті.

«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», — деді Тоқаев.

Сөзінше, соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды.

«2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр», — деп атап өтті Президент. 

«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі.

«Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс», — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев мұғалімдердің жаңа толқынын даярлау айрықша маңызды жұмыс екенін алға тартты.

«Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді», — деді Президент. 

Былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл – барлық «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады. Мұғалімнің білігін, мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру үшін басқа да көптеген шаралар атқарылды. Нәтижесі жаман емес.

«Биыл оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль алды. Бұдан бөлек, халықаралық олимпиадалардан 1000-ға жуық медаль иеленді. Бұл, әрине, ұл-қыздарымыздың сапалы білімі мен терең ізденісі және ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі. Мен жақында осындай бір топ оқушыны Ақордаға арнайы шақырып, марапаттадым. Олар қазақтың зияткер ұлт екенін бүкіл әлемге танытып жүр. Жалпы, нақты жетістіктер аз емес. Бірақ, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі алда атқарылатын шаруа одан да көп. Осы орайда, бүгін оқу-ағарту саласына қатысты бірқатар ойымды ортаға салғым келеді», — деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек екенін айтты.

«Білім сапасын жақсарта түсу қажет. Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің білікті болуы – өте маңызды мәселе. Жоғары оқу орнында алған біліммен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Озық ойлы шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздар ұдайы ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек. Балалардың оқуға зейінін ашатын әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген абзал», — деді Президент.

Айтуынша, дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екені белгілі.

«Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн. Бірақ басқалардың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек. Жалпы, білім беру стандарттарына, оқыту әдістемесіне, оқулыққа енгізілетін кез келген өзгерісті өте мұқият саралау қажет. Себебі білім саласында ешқандай қателікке жол беруге болмайды. Бір ғана қателіктің салдары өте ауыр болуы мүмкін», — деп түсіндірді Тоқаев.

Фото: Ақорда

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *