Қазіргі азаматтық қоғамның көрінісі
Біз балалы үйде өстік. Бүгінгідей бүтіннің бөлініп, бөлінгеннің бүлінген уағындағы көп тенденция бізге таңсық еді. Бауырыңмен барыңды бөлісу, көршіге қарайласу, қарияға қолғабыс қылу секілді бауырмалдыққа баулитын қасиеттер әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыды десек болады. Көпті көпшілікпен қатар көргеннен кейін тұмаға тұйық, кісікиік, көңілшек болмадық. Аралас-құралас, іркес-тіркес ер жеттік, ондай отбасында үйдің үлкендері ізінен ерген кішілерін өздері тәрбиелеп келді. Ал әке-шешеміздің бізге қарауға мұршасы болмады. Тынымсыз тіршілікте тағат табатын тұстар аз еді. Бірақ есімде, бала тәрбиесіндегі үш негізгі құрал бар еді: обал болады, сауап болады, ұят болады. Иә, осы үш ұстаным ұстам, болашаққа бағдар, азаматтық пікіріміздің бастауы бола білді. Осы үш ауыз ережемен-ақ сол уақыттағы қазақ қоғамында тәрбие ісі түзу жүрді. Ал бүгінде бұл ескірді. Альфа ұрпақтың танымы түрленді, оларды тәрбиелеу тетігі өзгерді. Біздердегідей жай ғана «ұят», «обал», «сауап» деп қазіргінің тентегін тезге салу қиын. Себебі де түсінікті: ақпарат ағыны тым қатты шақта баланы телеарна тәрбиелеп, гаджеттер, ондағы контенттер «оқытып» жатыр. Әрі кешегі қазақтың бүгінге көп ісі көмескіленді. Олай болуы нарықтық уақытта түсінікті еді.

Фото: ЖИ
Байқағаныңыздай, бүгінгі жазбамызда қазіргі қазақ қоғамының азаматық сана институты қақында һәм бала тәрбиесіндегі тәлім мен тыйым жайлы тарқатамыз. Бұлар түрлі тақырып болғанымен, түбірі бір. Сондай-ақ ол ойымызға осы ұғымдарға үңіліп, тереңнен тіл тартып, төл тарихымызды түлетіп, отбасы институтының қадір-қасиетін қал-қадірінше жұрт жадында жаңғыртуға, азаматтық сананы қалыптастыруға бейілді бірлестіктің жұмысын тұздық етеміз. Ол – «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі.

Фото: «Сенімен болашақ» РҚБ
Ойлы оқырманға түсінікті болу үшін бірлестік қақында бір-екілі білгенімізбен бөлісейік. Бұл – бес жыл бұрын құрылған ұйым. Қатарында 160 мыңға жуық ата-ана бар. Елдің 16 аймағында 198 мектепке дейінгі ұйыммен, 1 138 мектеппен, 106 колледжбен, 27 жоғары оқу орнымен, ең бастысы, бала тәрбиелеп отырған ата-анамен етене жұмыс істеп отырған ұйым. Қоғамдық азаматтық пікірді қалыптастыруда «Саналы қоғам — сапалы мемлекет» ұранының ақ туын берік ұстанған бірлестік. Бұл жайлы ұйым құрылтайшысы былай дейді.
«Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің басты принциптері мен қағидалары — Қазақстан қоғамының әр азаматының махаббат пен мейірім атты сәуле-нұрымен адами құндылықтарды, әділеттілікті, т.б. оңды қағидаларды әлемнің падишасы әрі адамгершіліктің қайнар көзі етіп көрсету. Саналы қоғам — сапалы мемлекет» ұранын үрдіске алып, сол миссия мен мақсат жолында жұмыс істейді,- дейді «Сенімен Болашақ» РҚБ Құрылтайшысы және идея авторы Нұркен Асанов.
Фото: Ашық дереккөз
Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы
Балалықтың бейқам күндерінде «Табалдырықты баспа, қолыңды қусырма, тізеңді құшақтама» деген секілді тыйымдарды көп естідік. Шынында, көбісінің не себепті олай екенін бүгінге дейін білмедік. Бірақ үлкендердің айтқанынан әлі де айныған емеспіз. Ал тәлімнің төресін һәм тәрбиені әкемізден үйрендік. Қыздар қауымына анасы үлгі еді. Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы болатын. Үндемей отырып көп істі үйреткен еді. Шешеміздің «Әкең келе жатыр», «Шешімін әкең айтады», «Мұныңды әкең білмесін» (сотқарлық жасаған кезде) деген секілді әкеге қарата айтылған әр сөзі бойымызды тіктеп, «тәубемізге түсіретін». Қысқасы, біздің үйде, біздің уақытта көп дүние тұспалдап, астыртын айтылып, ұғындырылатын. Ол жеткілікті де еді. Ал бүгінде бәрі басқаша. Балалардың сұранысы бөлек. Ашықтық, әр дүниенің астарын айту маңызды. Бүгінгі азаматтық қоғамның алдында күн тәртібінде репродуктивті денсаулық, буллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді мәселелер тұр. Осының бәрімен бірдей бала біте-қайнасып жатыр. Ендеше ол туралы ақпарат қолжетімді болу керек. Ал мәселелерді талқылайтын алаң ашық болуға тиіс. Сондай-ақ мәселелерді зерттеу нысаны сол балалар мен ата-аналардың өздері болуы шарт. Осы тақырыптарға арналған 20-ға жуық жобаны іске асырып, 160 мыңға жуық адамды топтастырып, зерттеу топтарын құрып, сарапшыларды сайлаған «Сенімен Болашақ» РҚБ бұл меженің үдесінен шықса керек.
Енді ол 160 мыңның қатарында кімдер бар? Ұйым қызметіне жүгінгендер, бірлестікке мүше жандар, жанашырлар алқасы бар. Яғни, ұрпақ тәрбиесіне, оның ішінде осы бағытта қоғамдық пікір қалыптастыруда ұлт болып ұйысып, қасқырдың өз жарасын өзі жалап жазатыны секілді, өз мәселесін өзі айтып, өзі шешу жолын ұсынып келеді. Енді жоғарыда сөз еткен мәселеге қайта оралайық. Бүгінде әке әлеуетінің әлсірегені рас. Қоғамдық пікір де осыған саяды. Бәріне бірдей топырақ шашпағанымызбен, бұл мәселе әртүрлі мінберлерден айтылып жүргені жасырын емес. Егер бұл ұйымның бір мақсаты отбасы институтын нығайту десек, оның ең бірінші алғышарты – ондағы әке рөлін нығайту.
Біз жобаларды жасағанда тек жалаң іс-шаралармен ғана шектелмейміз. Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – зерттеу. Осы уақытқа дейін жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде бір дүние байқадық. Бүгінгі отбасында әке ұғымы тәрбиенің қайнар көзі, басты мүшесі емес, негізінен отбасының табыс табушы құралына ғана айналып бара жатқанын байқадық. Әрі әкелер қауымының да бұл сипаттан алшақтап бара жатқанын білдік. Көп әкелер өз баласының кімдермен араласатынын, перзентінің нені жақсы немесе жаман көретінін, оның сабақ үлгерімінен бейхабар. Тіпті, біздің сауалдарға жауап беру кезінде баласының нақты нешеде екенін білмейтін, білсе де ұзақ ойланып жауап бергендер бар. Сол себепті біз отбасы институтын, оның ішінде әке рөлін насихаттауға құлықтымыз. Әрі біздің мүшелікке, жанашырлар тобына, жиындарымызға ер адамдар қатысып жатса, қуанамыз. Біз ол үрдісті байқап та жүрміз, – дейді «Сенімен Болашақ» РҚБ төрағасының орынбасары Шәкизат Қаратайұлы.
Фото: «Сенімен болашақ» РҚБ
Ұлттық құндылықтың құны көкке ұшты, қадірі қайда қалды?
Кейде ойлаймын… Біз қазақылықты қастерлеп жүрміз бе, әлде саудалап жүрміз ба? Шапан керек десең, бағасы шошытады. Домбыра керек десең, қалтаңды қағады. Ұлттық нақыштағы киім алғың келсе, бірнеше ай жинаған ақшаңды санайсың. Қолөнер бұйымдарын көрсең, көз сүйсінеді, бірақ қол созуға қалтаң қысқа. Қазақтың етін жеп, қымызын ішемін деп ұлттық асханаға барсаң, шотын көріп тәбетің қашады. Ал төл туризм тым алыстап кетті, қолы һәм қалтасы жеткеннің ғана жүретін жеріне айналды. Бұл көп мысалдың бірі ғана.
Сонда бұл кім үшін жасалып жатыр? Қазақ үшін бе? Әлде қазақылықты сыртынан тамашалайтын дәулетті топ үшін бе? Расында, ұлттық колорит кәсіпкерлердің табыс табу құралына айналғалы, қолжетімділік тасада қалды. Бабаларымыздың мұрасы бай мен кедейге бөлінген жоқ еді ғой. Домбыраның үні даланың әр шаңырағында естілетін. Шапан елдің иығында болатын. Киіз үй музейдің экспонаты емес, халықтың баспанасы еді. Қымыз бен шұбат арнайы мәзірдің сәні емес, қараша үйдің ырысы болатын.
Ал біз не істедік? Қасиетті мұраны қолжетімсіз қылдық. Қазақылықты қымбаттаттық. Бағасын өсірдік. Бірақ қадірін арттыра алдық па? Жоқ! Құндылықтың бағасы көтерілген сайын, оған халықтың қолы жетпей барады. Халықтың қолы жетпеген дүниенің ғұмыры ұзақ болмайды. Өйткені ұлттық құндылық халықпен бірге өмір сүргенде ғана құндылық. Халықтан алыстаса, ол жәдігерге айналады. Жәдігердің жаны болмайды.
Бүгін қазақтың қара баласы ұлттық киім сатып ала алмай тұрса, ұлттық тағамды еркін тұтына алмай тұрса, домбыраға қол жеткізе алмай тұрса — бұл ойланатын мәселе. Ұлттың мұрасы сән-салтанаттың белгісі емес! Ұлттың мұрасы — ұлттың тынысы! Тынысты ақшаға байлап қоюға болмайды! Қазақылықтың құны қымбат болмауы мүмкін. Бірақ қадірі қымбат болуы керек. Бізге бағасы аспандаған қазақылық емес, әр қазақтың төрінен орын алған қазақылық керек!
Тағы бір түйін, қазіргі қоғамның көрінісінде қазақылық қарбайырлық болып көріне бастағандай. Оны жаңғырту, заманның ағымына лайықтап, қайта қалыптау қажет. Ендеше азаматтық сана — ардың ісі десек, бұл олқылықтың орнын толтыру әр адамның қоғам алдындағы, халық алдындағы борышы. Бұл істің бір сыпырасын жоғарыда сөз еткен ұйымның ісінен байқадық. Анығын айтсақ, ескі дәуір әдебиетін жаңғыртып, оны ұлт жадында насихаттауға мұрындық болып жүр. Өзіңді тап, өзегіңе орал дейді. Қазақ халқының ұлы ойшылдары мен ағартушыларының рухани мұрасын насихаттау, олардың еңбектерін қайта басып шығару және кеңінен тарату арқылы ұлттық сана мен құндылықтарды дәріптеуді мақсат етіп отыр.
Біздің жобалар – жай ғана бастамалар емес, әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі мен қоғам қажеттілігін терең түсінуге негізделген өзекті әлеуметтік мәселелердің нақты шешімдері. Біз тұрақты әрі оңтайлы шешімдер нақты іс-әрекеттен басталатынын білеміз. Сондықтан мәселелерді анықтаумен ғана шектелмей, оларды шешудің тиімді тетіктерін әзірлеп, сынақтан өткіземіз,- дейді «Сенімен Болашақ» РҚБ жоба үйлестірушісі Жеңіс Абдалиев.
Ой айту емес, ой ояту
Иә, қоғамның кетігін толтырып, кемін жасыру, жоғын ұқсату, барын бағалау бүгінгі біз бен сізге тарих алдындағы міндет. Оны жоғарыда айттық. Яғни, әр азамат қал-қадіренше үлес қосу керек. Бұқпантайлауға болмайды. Осы тұста да біз «Сенімен Болашақ» бірлестігін сөз етеміз. Азаматтық сананы қалыптастыруда бұл ұйым ой айтпайды, ой оятады. Бұл істе тілмен емес, тірлікпен іс қылуға бейілді. Қоғамдағы өзекті мәселелерді зерттеп, олардың шешімін табуға бағытталған әлеуметтік жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру. Ел мен өңірдің дамуына нақты істер арқылы үлес қосуға ниетті. Ендеше, дайын алаң бар екен, онда әр адам осы алаңнан табылса игі.
Жұлдыз. Ұлы. Абылай хан
«Жұлдызы» көп қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Иә, тас лақтырсаң, «жұлдызға» тиеді. Әртісі, әншісі, блогері, басқасы — бәрі-бәрі «жұлдыз». Оған ондай атақ беріп жүрген де өзіміз. Алайда «жұлдыз» эпитеті кім көрінгенге берілмесе керек. «Ұлы» деген ұғым да осыған саяды. Дегенмен, мұндай мәртебені абыроймен алып жүрген көзі тірі аңыз адамдар да бар.
Тарихқа тоқталайық. Бұрынғы қазақ кімді жұлдыз санады? «Шығыстың қос жұлдызы» деп халқымыздың қаһарман қыздары Әлия мен Мәншүкке айдар тақты. Отан үшін от кешіп, жанын қиған қаркөздерге жарасымды. Сондай-ақ, Шоқан Уәлихановтың да есімі тарихта «Шығыстың шоқ жұлдызы» деп қалғанын білеміз. Ал Ғани Мұратбаевты «Шығыс жастарының жұлдызы» деп атадық. Ал бүгінгі «жердегі жұлдыздарды» олай теңеу қиын. Сол секілді «ұлы» атауы да Абай, Ахмет секілді ұлт қайраткерлеріне берілді.
Осы орайда тағы бір ұлы адам бар — Ұлы Абылай хан! «Сенімен Болашақ» Республика қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асанов Абылай ханның атына «Ұлы» эпитетін қосуды ұсынып, декларация дайындаған екен. Қош, қос қолымызды көтеріп қолдаймыз. Нағыз лайықты теңеу.
Біз қоғамның кемелдігі оның өз тарихын адал әрі жүйелі түрде пайымдай алу қабілетімен айқындалады деп сенеміз. Өзінің көрнекті қайраткерлерінің есімдерін айқын атап, олардың маңызын түсіндіре алатын халық сол арқылы өзінің тарихи сенімін нығайтады. Ұлы Абылай хан есімін бекіту қоғамдық өзін-өзі тану актісі ретінде қарастырылуы тиіс. Ол тарихи жадты нығайтуға және болашақ ұрпаққа саяси жауапкершілік пен азаматтық бірлік тәжірибесін жеткізуге бағытталған. Осындай қадамдар арқылы қоғам өз өткеніне ұқыптылықпен қарауға және оның сабағын алдағы дамуы үшін пайдалануға дайын екенін көрсетеді. Тарих жалғасуда. Ұрпақ алмасады. Әр буын уақыттың ұзақ тізбегіндегі өз орнын қайта пайымдауы тиіс, — делінген үндеуде.

Фото: «Сенімен болашақ» РҚБ














