«Қауырсын қалам» айдарының қонағы Абдул Рахметов. Ол  1986 жылы 15 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала  ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келген. «АР» өлеңдер жинағының авторы.

Үнім жетпей жатады елге мүлде,
Үміт үзген тағдырды көргенімде.
Құны қалмай барады бұл қоғамда,
Шынымен теңгенің де, пенденің де.

Жетектетіп соқырды бір соқырға,
Ертең өзің үйіңде құлша отырма.
Әттең, бәрін таратып берер едім,
Кілті алтын сандықтың тұрса қолда.

Айтар сөзді ести ме керең құлақ,
Елең етпес, жатса да емен құлап.
Көрші ата да өтірік саңырау ғой,
Біреу естіп қалардай сенем бірақ.

Дертін ішке жасырған шыдап бағып,
Науқастай айығарсың құлап барып.
Бозторғайың таба алмай жүрген шығар,
Жұмыртқалар қой үстін тұрақталып.

Қалды ма өрге домалар тасымыз да,
Кімдер қол салмай жатыр асымызға.
Құзғынға таланғанша өлекседей,
Одан да қарға тышсын басымызға.

***

Мөлдір шық, басталғандай басы нұрдан,
Жапыраққа қондың да көз ілдің бе?
Тамшының тырсылына жасырынған,
Күздің мелодиясын сезіндің бе?

Дір-дір етіп олар да батты уайымға,
Күзде шаттық сезілмей кешкі мүлде.
Сүйте тұра балконнан ақ қайың да,
Серенада айтады естідің бе?

Неге әуенді сезбейді ол қыз мүлде,
Суыған жүрек неден от алады?
Тәтті мұңнан құралған бұл күздің де,
Сезімге толы неткен ноталары.

***

Күміс алқа тағынған қобызшы қыз,
Кездесе қалдық тағы жол үсті біз.
Қобызыңнан шығатын әуен — сезім,
Сезімге сен де, мен де борыштымыз.

Қоңыр үнмен толғандай дала мұңға,
Ай сығалап тұрғандай қабағыңда.
Менің тентек тағдырым ойнап жатты,
Күй болып қобызыңың шанағында.

Көрсем шіркін келбетті дәл осындай,
Бұндай ұлпа нәзікті табасың ба-ай?!
Аққу мойын қобызды құшақтап ап,
Тербелесің аққудың баласындай.

Ноталарың жоғары самғаса тым,
Ойнап келіп сағаға алмасасың.
Әр қылыңды шерткенде сыр төккендей,
Жүрегімнің пернесін дәл басасың.

Күй төгесің тербеліп, күңірентіп,
Жүрегім де толқиды бір дір етіп.
Көрермен боп отырмын көзімді алмай,
Үкіңдей үмітімді үлбіретіп.

Бір керемет сезімге батырғанда,
Сахнада күй төгіп отырғанда.
Сезбедің өлең болып кеткеніңді,
Соңғы нота ойналып жатырғанда.

Күй тыңдасам теңіздей толқып қалам,
Ықыластан қалғандай сарқыт маған.
Күйге ғашық жүрегім тулап кетті,
Кездескендей алдымнан Қорқыт бабам.

***

Мен таулық ұл емеспін, далалықпын,

Аңсап жүрген бал дәмін балалықтың.

Дархандықты даламнан сіңіргесін,

Кермесі жоқ кеңдіктен жаралыппын.

Далалықпын, айт солай таныстарға,

Тұлпардай тарпып өтер шабысқанда.

Сайын дала төсінде еркіндікпен,

Көз тастаймын шегі жоқ алыстарға.

Ия мен тау көрмедім асқары шың,

Дала бардым, дауыл жыр бастау үшін.

Сағымдарың жетектеп қиялымды,

Қырда хаттар, тұрғандай таста мүсін.

Мен тау ұлы емеспін, дала ұлымын,

Далам сынды дарханмын, бағалымын.

Күйлердің сіңген талай күмбір үні,

Ізі қалған һас тұлпар, тағалының.

Құмартып аңсап тұрам қырларыңды,

Оқып бергім кеп саған жырларымды.

Ал сен үнсіз жатырсың кең төселіп,

Құмдарыңа жасырып сырларыңды.

Мен тау ұлы емеспін, далалықпын,

Мекені болған талай бар алыптың.

Қаладан қарайлаймын ауыл жаққа,

Себебі, Мен — ЖАҢАҚАЛАЛЫҚПЫН!

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

1 Comment

  1. Өлеңнің өлкесінде өрлей бер!

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *