Дүние дидарында — тал бойына сан алуан асыл қасиеттерді тоғыстырған,
Алла Тағала ерекше жаратқан аруақты ерлермен жолың түйісіп жатады.
Аса мейірімді Раббым сан алуан ізгі қасиет пен текті өнерді өзінің шексіз құдіретімен сүйген құлына үйіп-төгіп бере салатынына қалай ғана тәнті болмассың?!
Мұндайда атам қазақ: «Жігітке жеті өнерде аз» деп қысқа ғана қайырған.
Әйтсе де, бәрін бажайлап, мұқият зерделеген жан — алаштың арқалы, арда ұлдарының жаратылысындағы елден ерек айшықтарға аялдамай тұра алмайды.
Олардың ойы да, бойы да, сойы да — әмбеден бөлек.
Олардың өзі де, көзі де, сөзі де — өзгелерден ерекше.
Олардың кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, киім киісіне дейін мұқым жұрттың ішінде дараланып тұрады.
Бұлардың тіпті сыртқы бітім-болмысының өзі әдеттегідей емес, бейне бір суырылып шығып топ бастаған сәйгүлік дерсің.
Құлын мүшесінде бір мін жоқ, ақалтеке арғымақтары сияқты арқырап алда жүреді.
Осындайда «Мың жабы тең келмейді бір тұлпарға, Мың қарға тең келмейді бір сұңқарға» деген халық даналығы ойға оралады.
Сөзіме тұздық болсын.
2008 жылы Ақтау қаласында өткен Қазақстан театрларының республикалық ХVІ фестивалінде бүгінгі кейіпкеріміз Калигула ролі үшін «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін иеленгені, біздіңше, еш кездейсоқ емес.
Тағы бір мысал.
Менің естуімше Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Батыс Қазақстан облысының әкімі болған жылдарында шаһарымыздағы орталық саябақты ортасынан жарып бара жатқан азаматты сыртынан көріп сүйсініп, қасындағылардан «Мына жігіт кім?» деп сұрапты.
Қуақаң туралы әңгімеге қаныққасын көмекшілеріне лезде «Бұл азаматты менің қабылдауыма тезірек шақырыңыздар»,- деген екен.
Осыдан кейін екеуі өзара сыйлас һәм сырлас аға-іні боп кетіпті.
Қалай десек те бүгінгі кейіпкеріміздің тұқымы асыл, тамыры текті екені дүр болмысынан-ақ көрініп тұр.
Тек шығармашылық тұрғыда емес, қандай жағдайда да сабырын сарықпайтын сайыпқыран, нағыз сырттанның өзі.
Өткенге сәл шегініс жасасам, Қуаныш Сайлауұлы екеуіміз бір топырақта туып-өсіп, бір шаһарда білім алсақ та бір-бірімізбен соңғы жылдары ғана етене араласа бастаған екенбіз.
Қазір ойлап отырсам, біздің 2013 жылға дейінгі қарым-қатынасымыз бар болғаны әртүрлі қоғамдық шаралар мен кездейсоқ кездесулердегі жылышырай амандасулармен ғана шектелген екен.
Шын мәнінде өнер жолындағы жерлес һәм жоталы тұлға туралы менің бар білігім — оның өлеңдерін мерзімдік баспасөзден ара-тұра оқып тұрудан әрі аспаған екен.
Иә, аз жазса да саз жазатын ақынның жыр-шумақтары өзгелерге мүлде ұқсамайтындығымен ерекше еді.
Оның өлеңдері оқырманын ешқашан бей-жай қалдырмайтын.
Оның өлеңдері оқырманын бірден тоқ соққандай дір еткізетін.
Оның өлеңдері оқырманын философияның тұңғиығына бойлатып, кәдімгідей ойландырып тастайтын.
Жә, өткенге оралайық.
Қаратөбелік досым Мәулен Салахаден Аманшаұлының бірде Қуақаңды балдәурен балалық шақтан бергі жан досы екенін айтқаны бар.
Оның сыртында Қуақаңның Саралжындағы көрші-досым Талгат Хасангали Тәкәйдің туған қайнағасы екенінен хабардар едім.
Бастапқыда Қуаныш Амандықов туралы бар білерім осылар ғана-тын.
Күндердің күнінде «қамал алар қырыққа» жақындаған қырма сақал жігіт ағасының айы оңынан туып, оны Хадиша Бөкеева атындағы облыстық Қазақ драма театры директоры лауазымына тағайындаған еді…
Араға біраз уақыт түсіп кеткеніне қарамастан қазақы дәстүр бойынша жерлес азаматты жаңа қызметімен құттықтап шығуға белгілі суретші, талай жылдардан бергі сыралғы дос Куандык Мадир екеуміз жұмыс орнына арнайы барған едік.
Сол жолы менен гөрі поэзияға біртабан жақын, көптеген өлеңдерге әуен жазып үлгерген әуесқой сазгер Қуандық Насихатұлы – Қуаныш бауырымыздың ақындық өнерінің мықты, өлеңдерінің шымыр екенін, оның бұл жағынан өңіріміздегі алдыңғы «үштікке» кіруі мүмкін талант екенін тілге тиек етті.
Міне, біздің бүгінгі кейіпкерімізбен таныс-білістігіміз осылай басталып, кейін тереңдей түскен-ді.
Сол жолы Қуақаң — Қуаныш Амандықовтың қарапайымдылығына тәнті болған едім.
Оның бізге көрсеткен сый-құрметі, елгезектігі мен қағілездігі сондай, біздің алдымызда білдей бір театрдың «пілдей» директоры емес, кісі жатырқамайтын, меймандарының алдында құрақ ұшып, жүгіріп жүрген, аңқылдаған көпшіл азамат отырды.
Қуаныш Сайлауұлымен содан бергі жылдар ішінде аралас-құралас болып, кейінгі кезде отбасымызбен етене араласып, сыйластығымыз достыққа ұласқан еді.
Табиғатынан демократ, пейілі даладай дархан, жаны жомарт азамат мені бірден өзіне осылай баурап алған-ды.
Ешкімді жатырқамайтыны сондай — жас пен кәрі де, бала мен дана да, ер мен әйел де, бәрі-бәрі біздің кейіпкеріміздің айналасында үйіріліп жүретін.
Мейірімді жанның магнитінің күштілігі сол, алыс-жақындағы айналасын өзіне еріксіз тартып алатын.
Шын мәнінде қатарынан оза шапқан тума таланттың ақындық дарыны туралы бұдан кейін де ақжайықтық талай азаматтың аузынан ақжарма ізгі-ниеттер естіген едім.
Айталық, ұзақ жылдар Қуақаңмен бір ұжымда қанаттас еңбек еткен ақылшы аға-досы, өнерде өзіндік сара жолы бар, он саусағынан өнер тамған шебер Каир Оразгалиев бірегей інісінің поэзия саласында орны оқшау, шоқтығы биік талант екенін сөсіз мойындайды.
Бірақ, әдеби ортаның бұған соншалықты мән беріп, оған аса бір назар аудара қоймайтынын жіңішкелеп жеткізген-ді.
Иә, шыныменен Қуаныш Сайлауұлы — табиғаты бөлек ақын.
Оның өлеңдері – адам көңілін құйындай ұйтқытып, жан-дүниеңе жасын ойнатып, ақыл-ойыңды цунами, тайфун, торнадо соққандай астан-кестен ойрандап, алай-дүлей қылады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Габит Хасанов: «Қуаныш Амандықов — интеллектуал ақын» десе, өңірімізге кеңінен танымал Қазыбек Құттымұратұлы ақын інісінің мерейтойында «Қуаныш — Қазақтың Высоцкийі ғо» деген-ді. Шығармашылықтағы сырлас әрі мұңдас һәм Қуақаңның Әулие ағасы Munaidar Balmolda «Мең» кітабына көлдей қылып алғысөз арнаса, ал өнер жолындағы інісі Алтынбек Ермекқалиев «Қуаныш ағай — сұрапыл ақын» деп бағалаған-ды.
Бірде әлемжеліден әріптес інім Азамат Кенжегалиевтің «Қуаныш ағамыздың өлеңдерінің құрылысы өзге ешкімге ұқсамайтындығымен ерекше» деген пікірін көзім шалып қалған еді.
Тағы бір назар аударарлық нәрсе, Қуақаң облыстық қазақ драма театрының директоры болған жылдарында үнемі бізді тарихи премьераларға үзбей шақыратын.
Осы орайда қазақтың маңдайына біткен өңкей марғасқалар Тұңғышбай Жаманқұлов, Иран-Ғайып Оразбаев, Талғат Теменов, т.б. танысып, бір табақтан талай дәм татқан едік.
Жақсылармен өткізген жарты сағатқа сан мәрте осылай қол жеткізген едік.
Осы ретте театрдың талай халықаралық сайыстардан Гран-при жүлдесін қанжығаға байлағанына куә болып едік.
Біздің халық «Атадан алтау туады, ішінде біреуі Абадан туады» дейді.
Сөз жоқ, өз әулетінің Арыстаны боп туған азамат — бауырлары мен тума-туыстарының қамқоршысы, ақылшысы, көшбасшысы.
Жаратылысы бөлек жанның жора-жолдастары мен дос-жарандары, сыйлас-сырлас аға-інілері өте көп.
Керек болса оның құшағына күллі Қазақ сыйып кететіндей!
Құрметті Қуақа!
Ештен кеш жақсы!
Келіп жеткен жасыңыз құтты болсын!
Өз басым адамзаттың асылына балайтын Нәкөш жеңешеммен бірге ұрпақ қызығына кенеле беріңіз!
Р.S. Уақытында Қуаныш Сайлауұлының 50 жылдық мерейтойына орай бастап жазылған шағын пост еді.
«Сабақты ине сәтімен», деген, соны сәл кеңейтіп, жалпақ жұртқа ұсынудың орайы бүгін келіп жатыр.
Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,
ОРАЛ