Ербол ХАБЫЛБЕКОВ: ТЕАТР – ЕҢ ҮЛКЕН КЕМЕ…
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының директоры Ербол Хабылбековпен сұхбат жасаған едік. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Құрметті Ербол Жақсыкелдіұлы «театр – өмір айнасы» болмаса «театр – тәрбие бесігі» деп жатамыз. Театрдың қазіргі шығармашылық бағыт-бағдары қандай? Қандай көркемдік ұстаным басшылыққа алынып отыр? Осы жайында әңгіме өрбітсек…
— Театрдың бір бағытта қатып қалған нақты ұстанымы жоқ. Театр дегеніміз — ең үлкен кеме. Бұл ұлттық театр болғандықтан неше түрлі бағытта жұмыс жасайды. Драмалық, лирикалық, комедиялық қойылымдар оның ішінде музыкалық оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін трагедиялық қойылымдар да бар. Көрерменнің қошеметіне ие болып жүрген спектакльдер көп.
Баса бір айта кетер жайт, біз де театр труппасынан бөлек, арнайы лаборатория бар. Жалпы, түрлі әлем классикасынан бастап, қазіргі біздің қазақ драматургиясының да сол лобораторияда эксприментальды спектакльдер жасаймыз. Ол жастардың да үлкендердің де көңілінен шығып келеді. Лаборатория бізде үлкен жұмыс жасап тұр. Осыған байланысты әртістердің де құлшынысы өте мықты. Жақында ғана осы жұмыстың аясында «Шеңбер» деген спектакль дүниеге келді. Оның режиссері – Ұлан Қабыл. «Шебер» — әлемдік Бертольт Брехттің шығармасы. Бұл өте жақсы шығарма. Бұйырса осы спектакльмен фестивальге бара жатырмыз. Алматыда Ғ. Мүсірепов театрында өтеді, жүлделі орынмен қайтамыз деген үміт бар.
-Қазіргі таңда жастармен жұмыс жасау қалай жүріп жатыр?
-Жас актерлердің, режиссерлердің потенциалы мықты. Сүрініп жатқан ешкімді көріп отырған жоқпыз. Алайда, бізде мәселе де жоқ емес. Лаборатория болғаннан кейін жас актерлердің режиссерлік қырын тексереміз. Актерлерді сол жағынан танытамыз. Мысалға бір мықты актердің режиссерлік мықтылығы да көрініп тұрады. Сондай әріптестерімізге лабораторияда спектакль қоюға мүмкіндік береміз. Ол лабораторияның ережесінде жазылған дүние. Кейде актерлер спектакль қоймау керек деген әңгімелерде айтылады. Мұның шындығында нақты жауабы актердің спектакль қоюға толықтай құқығы бар. Және уақыттың сұранысына орай олар бесеспап болуы керек. Сондықтан жас актерлерді Қазақ Ұлттық университетінде оқытып жатырмыз. Олар жан-жақты болуы үшін қолымыздан келгенін жасаудамыз. Оқуын болғаннан кейін әлемдік деңгейде спектакльдер қоя алады деп айта аламын.
-Соңғы уақытта театр репертуарына «Шеңберден» басқа қандай жаңа қойылымдар қосылды?
-Биыл Ханбибі Есенқарақызы мен Тұрдықылыш Ізтаевтың өмірінен сыр шертетін «Махаббатым сен» деп аталатын музыкалық спектакль қосылды. Оны «Жүрек сыры» деп те атаймыз. Бұл елге кеңінен танымал «Нурикамал» әні жайлы фантазия. Үш тұлғаның өмірі жайлы музыкалық қойылым. Бұдан кейін Әбіш Кекілбаевтың «Күй» шығармасын қатарға қосып отырмыз. Бұған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов режиссерлік етіп отыр. Бұл да өз көрерменін табады және көрермен қошеметіне ие бола алады. Алдағы маусымда Ромео Жульетта, Анна Каренинаны да сахналау жоспарда тұр.
-Қазіргі заманда классикалық туындылар мен заманауи драматургия арасында тепе-теңдік сақтау қаншалықты маңызды?
-Жалпы ұлттық театр болғаннан кейін Қазақстан драматургтерінен екі қойылым алсақ, әлемдік шығармадан да солай алып, тепе-теңдікті ұстауға тырысамыз. Онсыз болмайды.
-Жалпы сіз айтып отырған қойылымдар несімен ерекшеленеді? Мәселен Нурикамалды айтып қалдыңыз. Театр өз көрерменін қалай тартады?
-Жаңағы біз айтып отырған «Нурикамалды» алсақ мұны жазған Жәнібек Әлкен деген азамат. Бұның бағыт-бағдары басқа. Бұл киноға мүлде ұқсамайды. Жанды дауыста Тұрдықылыш Ізтаевтың айтылмаған әндері де орындалады. Қалай болғанда да біз театр көрермендеріне ерекше дүние сыйлауға жұмыстанып жатырмыз. Қойылымнан соң көрермен өз бағасын берер, әзірге арық сөйлеп семіз шыққанға жететіні жоқ.
— Жастарды театрға тарту мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде? Театр көрерменінің жасаруы байқала ма?
— Қазақ ұлттық университеті есігінен шыққан жастар ұлттық театрдың төріне шығады. Келушілер қатары өте көп. Соның ішінде жас көрермендер жиі келеді. Өздеріңізде байқайтын шығарсыздар, біздің театр көрерменнен үзілген емес. Жастардың театрға деген махаббаты өте жоғары. Алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғаса беретінін айтқым келеді. Сонымен қатар көрерменмен өте тығыз жұмыс жасау мақсатында «Оқылымдар» жобасын қолға алдық. Бұл жерде актерлер көрерменге жақын отырып, қойылымды оқып береді. Оны жәй ғана оқып қоймайды, образбен оқиды. Сол кезде әр көрермен өзі оқығандай күй кешіп қайтады. Бұл да көрермен тартудың төте жолы деп есептеймін. Бұл жерде көрермен өзінің сүйікті актерімен бірге болады. Соны тыңдайды. Оқылым біткен соң көрермен сол қойылымды актермен бірге отырып талқылайды.
— Театр ұжымының халықаралық сахналарға шығуы немесе шетелдік жобалармен ынтымақтастығы жайында не айта аласыз?
— Оңтүстік корея, Ресей мен Қазақстан бірігіп ортақ спектакль шығарды. Біздің актерлеріміз Сеул төрінде өнер көрсетті. Тәжірибе алмасты. Ол жақтағы әріптестер мен көрермендердің қабылдауы өте жақсы болды. Қазақ пен корей халқының жылы қарым-қатынасы, ер басына күн туғанда сол ағайындардың қазақтан көрген қамқорлығы бәрі сахна төрінде тайға таңба басқандай көрсетілді. Бұл корей халқының азаттық алғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Қазақ халқына деген құрметі ерекше екені байқалды. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Биылғы жылы Өзбекстан Республикасының Самарқанд театрымен меморондумға қол қойдым. Бұл да халықаралық жоба. Келер жылы мұның да жұмысын жүргізетін боламыз. ТҮРКСОЙ қауымдастығымен де бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. Түркі тілдес елдердің театр өнерін дамыту масқатында біраз жобалар жүзеге асады.
— Алдағы маусымға қандай жоспарлар мен жаңалықтар бар? Көрермен қауымды не күтіп тұр?
— Жаңа маусымға да жоспарлар жетерлік. Шетелден режиссерлер шақырту жоспарда тұр. Бұл үрдіс қалыптасу керек деп есептеймін. Өйткені, бұл жоба шетелдік режиссерлермен тығыз байланыс жасау әрі білім жетілдіру үшін ауадай қажет. Бұдан шығатын қорытынды театр өнерінің үлкен мектебі қалыптасады. Тәжірибе алмасып тұрудың артықшылығы болмаса кемшілігі болмайды. Сондықтан біздер арнайы келісім жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қалай болған күнде де көрерменге тың дүние ұсынып, олардың көңілінен шығу үшін қолдан келген жұмыстарды атқаруға шын пейілді болып отырмыз.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Асантемір Қаршығаұлы